Home » Айтарым бар » Қорқыт түркі әлемінің ғұлама ойшылы

Қорқыт түркі әлемінің ғұлама ойшылы


Ізбақыш Райгүл Русланқызы
Жетекшісі тарих пәні мұғалімі
Қалыбаева Айару Әлібекқызы
Атырау қаласындағы
№36 мектеп-гимназиясының
9-сынып оқушысы

«Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды», — дейді халық даналығы.        Ал сол тарихты зерделеп зерттемей, шаң басқан беттерін парақтамай, ертеңге аяқ басу мүмкін емес.
Арғы-бергі тарихымызға көз жіберсек, әр дәуірдің қайталанбас дара тұлғалары, ел басқарған хандары, қол бастаған батырлары, сөз бастаған шешендері болғанын көреміз.
Барша түркі жұртының кемеңгер ойшылы және гуманисі Қорқыт Ата — әлемдік ақыл-ой тарихындағы оқшау тұлғалардың бірі. Оның пәлсапасы — өмір пәлсапасы, жер бетіндегі адамзат тіршілігінің мәні мен мәңгілігі туралы ойға батыратын даналық бесігі. Қорқыт Ата аңызы, оның жыры мен күйі, арманы мен мұраты, он ғасырдан астам уақыт бойы Еуразия құрылымының орталығын жайлаған барша түркі жұртының иманы мен сезімін    баурап, рухын шыңдап келе жатқаны ақиқат.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысушыларға жолдаған хатында: «Егемендікке қолы жетіп, өзінің өткеніне тереңірек көз жібере бастаған қазақ халқы үшін Қорқыт бабамыз қалдырған дидактикалық мұралардың маңызы өзгеше зор» деген болатын.
Ендеше, Қорқыт Ата мұраларын терең зерттеп, кеңінен насихаттаудың танымдық тәрбиелік мәні зор.
Қорқыт – оғыз-қыпшақ тайпаларының VIII-IX ғасырда ғұмыр кешкен ұлы ойшылы, батагөй ақыны, даулескер күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел бақсысы болған. Қазақ Совет энциклопедиясының 1975 жылы шыққан 6-шы томында Қорқыт Ата туралы төмендегідей тарихи дерек беріледі. «Қорқыт Ата (VIII ғасырда туған-өлген жылдары белгісіз, қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері.
Қорқыттың бізге қалдырған рухани қазынасы – «Қорқыт Ата кітабы» түркі тектес халықтарының ежелгі тарихын байырғы тұрмысын, әдет-ғұрып, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық әрі тарихи мұра. Ғалымдардың  зерттеуіне қарағанда, бұл тарихи-әдеби мұра Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ дәуірінде жырланып, ХV ғасырда  Кавказ жерінде хатқа түскен. Сондықтан «Қорқыт Ата кітабы» бүкіл орталық Азиядағы түркі тілдес халықтарға, Кавказдағы әзербайжан, Осман түріктеріне кеңінен жайылған жыр.
Қорқыт атаның Сыр бойында дүниеге келіп, өмір сүргендігі туралы тарихи дерек оның бейіті бола алады.  Әбубәкір Диваев 1896, 1898 жылдары Қорқыт моласын зерттеп, суретке түсірген, Ғалым Ә.Диваев осы сапарларының  негізінде «Әулие Қорқыт Атаның бейіті жөнінде» өзінің екі мақаласын жариялады. Қорқыт туралы қазақ тілінде зерттеп еңбек жазған академик Әлкей Марғұлан. Ол «Қорқыт Ата  кітабын» зерттеумен қатар оның өз басына қатысты зерттеулер  жүргізгенін еңбектерінің тақырыптарынан-ақ байқауға болады».  Қорқыт туралы қазақтың қария сөздері, Қазақтағы Қорқыт аңызын дәстүр етіп сақтаушылар, Қорқыт бұрынғы ақындар мен ғалымдардың есінде, «Қорқыт кітабының» қазақ аңыздарындағы елесі, Қазақ аңыздарындағы Қорқыттың болмысы және жүрген жерлері, Қорқыттың өліммен күресі, Қазақтың халық музыкасындағы Қорқыт дәстүрі».
Қорқытқа қатысты аңыздар мен деректерді ғылыми айналымға алғаш қосқан ғұлама ғалымымыз Мұхтар Әуезов еді. Ол өзінің «Ертегілер”» атты еңбегінде әзірбайжан, башқұрт, түркімен халықтарында «Кітаби дәдем Қорқыт» деген өткен ұзақ-ұзақ дастан, нақыл әңгіме айтылатындығы, әрі соған сүйеніп өзінің әдебиет тарихын оныншы ғасырдан бастайтындығын әңгімелейді.
Қорқыт атаның қай дәуірде, қай жерде өмір сүргені, шыққан тегі жөніндегі осы кезге дейін әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Бұл бағытта әуелі Қорқыт атаның ғұмыр кешкен кезеңін білуді алдымен сөз еткен дұрыс. Осы мақсатта бірінші елімізден шыққан зиялылардың ой-болжамдарына назар аударайық. Мысалға, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Қорқыттан жеті ғасыр кейін шыққан атақты Асан ата ХV ғасырда қазақ ұлысын біріктіру мәселесін қолына алған даланың ойшыл данасы», — дейді. Бұл дерек бойынша Қорқыт Ата шамамен сегізінші ғасырда өмір сүрген болады.
Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын «Қорқыт» деп қойған дейді. «Қорқыт» сөзінің этимологиясын Ә.Қоңыратбаев «құтты адам, құт әкелетін адам» деп көрсетсе, С.Қасқабасов «өмір сарқылды, адам өлді» деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, «дада, деде» деген сөздерді «насихат айтушы жырау» деп түсіндіреді. В.Жирмунский Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады. Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш –«Қорқыт Ата кітабы» Онда Қорқыт Ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші, ретінде көрінеді. Кітаптың басында Қорқыт атаның нақыл сөздері келтіріледі. Ол «өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі» дейді. Қорқыт Ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт Ата ұйықтап кетіп, «егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, «Өлсем де, жетемін!» дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл  келіп, «Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!» дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты  іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт Ата мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. «Кімнің көрі?» деген сауалына «Қорқыттың көрі» деген жауап естиді. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері –Сыр  өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күй  күшімен суға батпайды екен. Қорқыт Ата қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ Қорқыт Ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келеді. Бұдан халықтың өлімге деген көзқарасын, «ажал айтып келмейді» деген филос. тұжырымның негізін көреміз.
Бұл аңыздарда Қорқыт Ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен.
Қазақ аңызындағы Қорқыт Ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт Атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады.
Қорқыт Ата кітабында ел басқару, отан қорғау мәселелері бірінші орында тұрады. Қорқыттың мемлекет басқаруға қатысуы мен ел билеуі оның ұзақ жылдар бойы уәзірлік қызметті атқаруымен байланысты болады. Осы тұста Қорқыт Оғыз қарулы күштерін нығайтуға үлкен әрекет жасайды. Әскерлерді сапқа тұрғызғанда ортасын алқа-қотан жасап, оларды он қол, сол қолға бөлуді енгізген.Қорқыт мемлекет істеріне араласқан кезінде әлеуметтік жора (заң) негізін жасады. Қорқыт жасаған бұл аталық заңға көптеген әдет-ғұрыптар кірді. Онда халық жиналыстарының белгілі тәртіппен басқарылатыны ескерілген.
Сонымен Қорқыт Ата бүкіл түркі жұртына ортақ әдептілік пен ізеттілік өлшемдерін кейінгі ұрпағына өсиет етіп кеткен дана бабамыз.
Көне көз қариялар «Желмаясын желдірген Қорқыт Ата қолдасын» деген сөзді жиі айтады. Кешегі күнге дейін сақталып келген үй-тамы Қорқыт мұраларын, оның рухын сыйлап келгендігінің куәсі. Танымдық тағлымнан бастағанда алдымен ауызға алынатыны – Қорқыттың қазақ даласына нәрін сепкен ұстаздығы. Ол өз шәкірттерін ақындық, жыршылық, күйшілік, бақсылық өнерге баулыған.
Ұлы ұстаз оны аңғармағанға әулиешілін қолданады. Денсаулығы мен зейінін қоса емдеп, өз өнегесін там-тұмдап дарытады. Бұған бар әлемдегі тәжірибе тапшы болса, рухани тілдесіп, кездескен кеселдің түзелуіне кіріседі. Бұл жолда өнерін түгел сарқиды. Жұртты аузына қаратқан шешен де болады.
Қорқыт Ата өнері мен нақыл сөздері бүгінгі күнде жастар тәрбиесінде өз үйлесімін тауып отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін, бабаның бірнеше нақыл сөздерін келтірелік: «Өнегелі бала – көрікті», «Күңге қанша тон жапсаң да, ханым болмас», «Өлген кісі тірілмес, өткен қайтып келмес».
Қазіргі кезде тәрбиенің басты қағидасы – жастарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу. Осыған байланысты жас ұрпақ бойында қайырымдылық, кішіпейілділік, қарапайымдылық, имандылық сияқты адамгершілік қасиеттерді дарытуды Қорқыт Атаның «Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді» деген нақыл сөзін этикалық әңгімеге арқау етуге әбден болады. Тағы да баба нақылына жүгінейік: «Өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық», «сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеге отыз жылды үшке көбейтіп, өмір сүрген де аз».
Бұл сөздерден түйетініміз, ұлы баба: «адал, шыншыл болсаң, халық құрметіне бөленесің және ондай қасиеттер адамды жоғары мұратқа жеткізеді», — деп тұрғандай. Мұндағы басты құндылық ол — өмір. Адам шындықты ана сүтімен бойына сіңіруі керек.
Қазақ отбасында бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Адамның бір қызығы бала деген», — деп ұлы Абай айтқандай, бала өмірінің қызығы екені даусыз. Ата-ананың мазмұнды өмірі балаға жақсы өнеге болып қалыптасатыны белгілі. Отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің осы шартын біз ұлы бабамыз Қорқыт нақылынан анық көреміз: «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман». Осы ойды өрбітіп, халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жанар», «Баланың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге», «Атаңа не істесен, алдыңа сол келеді», «Қызға қырық үйден тыю» деген. Бұл мақалдар арқылы жас ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана өнегесінің үлкен рөлін танытқан.
Қорыта айтқанда, Қорқыт мұраларының танымдық – тәрбиелік мәні зор. Әулиелігімен, даналығымен, өнерімен, өмірге деген ғашықтығымен әлемге әйгілі болған Қорқыт Ата жалпы түркі әлеміне ортақ ғұлама.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.