Тохназарова Марал Садибековна
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Жамбыл атындағы
№5 мектеп-гимназиясының
тарих пәнінің мұғалімі
Абайды әлем мойындады. Тіпті, көрші өзбектер Абайдың 150 жылдығында «Біз Абайды жатқа білген халықпыз»,- деді. Абайға астанасынан еңселі ескерткіш ашты. Ақын — халықтың ұраншылы. Алладан кейін ақиқатты айтатын сол ақындар емес пе? Ибрагим Юсупов ақындарын алақанында аялады. Абайды жатқа білсе, алғысымыз шексіз деп біздің интеллегенциямыз алақан соқпады. Керісінше, өлеңнен көркемдік іздеп, көсемсініп кетті. Біз сол көрші халықтан артық сөз айта алдық па? Стамбул, Тегеран, Будапешт, Пекин сияқты елдер Абайға ескерткіш орнатып, Италия «Абай үйін» ашып жатқанда, «Біз Абайды жатқа білеміз»,- деп кеудемізді соға аламыз ба?
Қарсы уәж айтылатынын білемін.
«Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін», — деп Абай қазаққа айтты.
Біз өзге ұлттардан асырып, Абайға арнап ұран сөз айтқан екенбіз.
Абайдың 120 жылдығына арнап, Мұқағали Мақатаев «Болашаққа Абай болып аттанамын»,-депті қайран ақын. Содан бері 50 жыл асыпты. Сол баяғы Абай айтқандай:
«Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның»
Немесе
«Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық…
Баяғы жартас — бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас»,-дейді.
Абай өзінің он бесінші қара сөзінде «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген еді. Біз содан бері қаншалықты есті кісілер қатарына қосыла алдық?
Есті кісілердің қатарында болсақ Мұқағалидің әлгі өлеңін кітаптарынан сызып, 2012 жылға шейін 50 жылға жуық халқына жеткізбей қараңғыға жасырмас едік.
Қарсы уәж айтылатынына сенімдімін. Өйткені Абайдың өзі:
«Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап…»,-дейді.
Мұқағалидің сол ұран сөзі ұлттың идеологиясына айналуы керек. Айналдыруымыз керек. Дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарында боламыз десек, біз болашаққа Абай болып аттауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек»,-деген болатын. Президенттің осы ойының байыбына қаншалықты барып жүрміз?
Абайтанудың эстафедасын алғаш Ә.Бөкейханов М.Әуезовке ұсынды. Ол кезде А.Байтұрсынұлы, Н.Төреқұлов сынды бірнеше тұлғаларда старт алғаны белгілі.
«Абай жұмбағын шешудің екі кілті біздің қолымызда. Бірі ғұмырбаяндық өмірі болса, екіншісі даналық сөздері», — дейді
М.Мырзахметов ағамыз. «Біз Абай жұмбағын шеше алған жоқпыз, оны келер ұрпақ шешеді», — деп эстафеда жалғасын болашаққа ұсынады.
Ғ.Есім «Абай заманында, түркі халықтарында Абайдай ұлы тұлға кездеспейді. Абайды салыстыру арқылы оның ерекшелігін ашатын болсақ, ондай тұлға жоқ». Шынымен де Хакімнің өзі де: Абай отыз сегізінші қарасөзінде: «Адаспай, тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым»,- дейді.
«Абай жолы»» романында Абайдың мынадай сөзі бар: «Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшектеп байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді, кім көрінгеннің қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етіп еді… Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң, ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті» деген ұраны бүгінгі Абайды оқыту әдістемесінің ұраны болуға тиіс.
Абай ілімі тау сияқты, біз оны тану үшін сапар шегіп келеміз. Бірақ сол ұлы тау жақындаған сайын биіктей түсетіні бар.
Сөз дертіне шалдыққан әр заманның ұрпағы Абайға өлеңіне шөліркеп мұншалықты құмартатыны неліктен? Бұл мүмкін Абай өлеңінің құдіреті ме, әлде әр сөзінің астарына жасырынған сыйқыр сезімнің қуаты ма? Әлде ұлт шеңберінен шығып әлемдік деңгейдегі» Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жырлаған Абай адамгершілігінде шығар. Мүмкін, «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол алланы жаннан тәтті» деген махаббатында шығар.
Физика ғылымында гравитация құбылысы бар. Оны XVII ғасырда И.Нюьтон ашқанымен, бұл құбылыстың сыры XIV ғасыр бұрын құран сүрелерінде айтылған. «Ол бір-бірлерінің үстіне жеті аспанды жаратты. Аса қайырымды алланың жаратқандарынан ешбір сәйкессіздік таба алмайсың. Тағы да қарашы. Бір мін көре аласың ба?!» делінген. Абайдың «Алланың өзi де рас, сөзi де рас, рас сөз ешуақытта жалған болмас», -деп адамзат үшін шындықтың төркіні сол екенін меңзейді. Және:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес» дейді.
«…Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?!…» дейді Хакім Абай.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті»- деп алланың ұлы сүйіспеншілігімен жаратылғанын алға тартады.
Жер бетіндегі барлық жаратылған денелерді алып тастайықшы, не қалады?! Тіпті, аспандағы ірілі-ұсақты денелер мен жердің өзін де. Не қалады?!. Кейбіреулеріңіз ештеңе де деп жауап берулеріңіз мүмкін. Ал кейбіреулеріңіз бос кеңістік деп те жауап берулерің мүмкін. Екеуі де дұрыс тұжырым және бұрыс та. Абай сөзімен айтқанда: «Единица кеткенде не болады өңкей нөл» деп барлық күш-құдірет единицада, единица болмаса, өңкей нөлде ешқайдай мән жоқтығын тілге тиек етеді.
Гравитация бір денені екінші денеге жинау, шоғырландыру. Яғни, денелердің бір-біріне тартылуы. Жер тарапынан жіпсіз тартылыс күші. Абай айтқандай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді айта алу үшін үлкен жүрек пен күллі адамзатты өзіне сыйғыза алатын кеңдік қажет…