Кез келген жұрттың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – атадан балаға ұласып, күні бүгінге дейін өз маңызын жоймаған, күнделікті өмірімізден айқын көрініс тауып келе жатқан негізгі ерекшелігіміз.
Расында да, ең құнды тәрбие – ұлттық тұрғыдан берілген тәрбие емес пе?! Сан ғасырлар бойы сараланған асыл құндылықтарға шынайы ізеттілік пен моральдық тұрғыдағы тәлім қосылса құба-құп болар еді. Халықтың дана өмір салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар жиынтығы қашанда маңызды рөлге ие. Осы себептен ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік.
Иә, әлімсақтан біздің қазақ жұрты рухани зор байлықтың мұрагері болып саналады. Әлемнің бірде-бір елінде жоқ бай ауыз әдебиеті мен мол фольклоры – ойдан шығарыла салынған дүние емес. Көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап бүгінге дейін аман-есен алып келген ата-бабамыздың жанкештілігі әр ұрпақтың жадында жаңғыруы қажет. Сан ғасырлар бойы күмбірлеген күйі, әуелеген әуезді әні, асқақтаған айтысы, таңды таңға ұрған эпостық жырлары, шешімі шебер шешендік сөздері, мақал-мәтелі мен жұмбағы, жаңылтпашы мен өтірік өлеңі, қоржыны ортаймаған қара өлеңі, ең бастысы, қасиетті тілі қаншама қазақ баласын адами қалыпқа салып, бүтіндей ұлтты қалыптастырып шығарды десеңізші…
Қазіргідей заманда ұрпақтың бойына қайырымдылықтың, ізгіліктің дәнін сепсек деп ойлаймыз. Ал оның барлығы ұлттық тәрбиемізден бастау алатынын кейде естен шығарып аламыз. Ендігі бөлек Еуропаның, белдігі бөлек Батыстың мәдениетін жоғары санап, соған басымдық беріп, ұлттық тамырынан ұзап бара жатқан ұрпақ өз арамызда өріп жүр. Соларға салт-дәстүр, таным-түсінігімізді барынша сауатты түсіндіріп, ортамызға қайта оралту міндеті тұр алдымызда. Расымен де, қасиетті Отанды сүю қазақтықтың өзін сүюден бастау алуы керек. Қазақи орта үшін әуелден тән қасиет үлкенді қадірлеу, қонақжайлылық, қоршаған ортаға құрметпен қарау, туысқандық тығыз байланыс орнату, балажандылық, еңбексүйгіштік, жан-жануарларға жанашырлық таныту тағы да басқалары – біздің тұрмыс-салтымызбен тығыз байланысты дүниелер. Отбасындағы орны бөлек дәстүрлеріміз бен салттарымыз да шаңырақтың шайқалмай берік болып, балалардың бақытты өсуіне мүмкіндік береді. Алдымен ата-ана өз баласына ата-баба салтын сіңірудің алғышарттарын жасаса, қалғанын білім ұялары қостап әкетуі керек-ақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек» — делінген.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» –ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді.
«Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» тәрбие құндылықтары арқылы түрлі сынып сағаттары, іс-шаралар, жиын кездесулер, челлендждер т.б. өтілуде.
Алматы қаласы
№200 мектеп гимназия
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Салкинбекова Акмарал Лесбековна