Абдикеримова Назира Жорабекқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ мектепке
дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті
білім беру кафедрасының аға оқытушысы, Тараз қаласы
Білімді, рухани дүниесі бай халық қана қоғамдық дамудың биік сатысына көтерілмек. Осы қағиданы берік ұстанған Абай шығармашылығы рухани-адамгершілік білімнің қайнар көзі. Білім, ғылымды сөз етіп, адамгершілік пен ақыл, ар-ұят яғни адам бойындағы рухани байлықты басты орынға шығарады. Абай өзінің шығармаларында «Адам – ол кім?» — деген сұраққа жауап бере отырып, адамның адамдығы – сүйіспеншілігінде, әділеттілігінде және шынайылығында деп мәнін ашады. Адамдардың бұл қағидасыз өмір сүруі мүмкін емес, яғни «Адамға адам дос» деп тұжырым жасайды.
Сонымен қатар Абай атымыздың шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі адамның адамшылдығы, жақсы мен жаманды ажырата білудің қажеттілігі, толық адам болып қалу мәселелеріне де арналғандығы. Барлығымызда бала күнімізден «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық Адам болам десеңіз» деп келетін өлең жолдарын жаттап өстік. Осы өлең жолдары арқылы адамгершілік тәрбиенің негізін түсінуге болады.
Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әр қайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке – жеке үшеуінде де кемшілік бар. «…Осы үшеуің басынды қос, оның ішінде жүрекке билет», — деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», — дейді оларға ғылым. Демек, Абай шығармашылығында жүректі, яғни адам – адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Осы ойын «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» — деп аталатын сөзі арқылы нақтылай түскендей. Осы сөзді оқыған сайын, осы сөзді айтқан сайын барлық адам бір-біріне бауыр болса неге қазіргі біздің қоғамда кейбір келеңсіз жағдайлар орын алады деп қынжыламын. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе – осы үшеуінің бірлігі. «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», — дейді. Бұл ойын Хәкім Абайдың Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», — деген ойымен тереңдете түсуге болады.
Абай шығармашылығындағы рухани-адамгершілік білім мен тәрбие мәселесін қозғайтын келесі еңбегінің бірі – «Отыз алтыншы сөзі». Бұл қара сөзінде ұят туралы мәселеге айрықша тоқталады. Өз кезегінде ұяттан, ардан безгендерді сынай келіп, ұят және оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі – адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, екіншісі – жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялған ұялу – ақымақтық, жамандық», — дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді.
«Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», — дейді. «Ұят кімде болса, иман сонда» деген қазақтың мақалынан да ұятқа үлкен мән бергенін көреміз.
Сондықтан да ұлы ақынымыз Абай да бұл мәселеге аса көңіл бөліп, өскелең ұрпақтың ар-ұятын таза сақтауын арман еткен. Бұл шығармасының да қазіргі уақытта өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік білім мен тәрбие беруде маңызы зор.
Абай мұрасын толық зерделеп, шығармашылығының шегіне жету мүмкін емес деп ойлаймын, әр еңбегін оқыған сайын тереңнің тұңғиына сүңгіп, жаңа қырынан түсініп, тани түсуге ұмтыласың. Абай а