Home » Жаңалықтар » ҒАЛЫМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

ҒАЛЫМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Әбу Насыр Әл Фарабидың туғанына — 1150 жыл!

 ҒАЛЫМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ
(Атасы мен немересінің әңгімесі)

Қарт адам алдындағы шағын үстелдің үстінде жатқан қалың кітапты парақтап оқып отыр. Бір кезде қасына алты жасар немересі келіп, оң жақ тізесін ала молдасоқынып отыра кетеді де:
-Ата, Әл Фараби деген кім?
Атасы кішкентай немересіне жымия бір қарап алып, оны қызықтырған сұраққа бар ынтасымен жауап беруге кіріседі.
-Әл Фарабидың азан шақырып қойған есімі – Әбу Насыр. Ал Фараб шығыс елінде аты аңызға айналған көне қалалардың бірі. Кейін ғалымның даналығы әлемді шарлап кеткен соң, оның Фараб қаласының тумасы екенін білдіру үшін есіміне оның туған қаласының атын қосып, «Әбу Насыр әл Фараби» деп атап кеткен.
-Ал, Әл-Фараби қалай ғалым болған?
-Ол бала кезінен ақылды, зерек боп өскен, оқу-білімге ерекше құштар болған. Өзі жас болса да, бірнеше кәсіпті меңгеріп, сол кездегі атақты ғалымдардың кітаптарын көп оқыған. Оқып қана қоймай, оны терең түсініп, мұқият зерттей білген.
-Ата, астрономия деген не?-
Астраномия – грекше «астрон» – жұлдыз, «номос» – заң деген ұғымды білдіреді. Яғни, аспан денелерін, олардың құрылысы мен қозғалысын зерттейтін ғылым деген сөз.
-Аспанда дене бола ма?
-Иә, балам болады. Аспан денелері деп Ай, Күн, Жер, оның серіктері, шоқ жұлдыздарды айтады.
-Сонда аспанда неше шоқ жұлдыз бар?
-88. Олардың 31-і – аспанның солтүстік жарты шарында, 48-і аспанның оңтүстік жарты шарында, қалған 9-ы аспанның дәл ортасында – экваторында орналасқан.
-Шоқ жұлдыздың аты бола ма?
-Болады. Мысалы, «Үлкен Аю», «Жетіқарақшы», «Қамбар Арыстан», т.б.
-Сонда ана Әл Фараби деген ғалым аспанды барып көріп келген бе?
-Жоқ, бармаған. Ол кезде космос, зымыран деген болған жоқ. Алайда, көктегі әлемге бұрын да талай адамдар қызыққан, ондағы құпиялардың сырын ашуға тырысқан. Бірақ, олардың ешқайсысы шындыққа жете алмаған. Тек, біздің дәуірімізге дейінгі 90-160 жыл бұрын шығыс елінде өмір сүрген Птоломей деген ғалым ғана шынайы жаңалықты ашып, керемет кітап жазған.
-Ол қандай кітап?
-Ол кітаптың аты — «Птоломейдің Алмагесі» деп аталады. Ал, Әл Фараби сол кітаптағы зерттеулерді әрі қарай толықтырып, аспандағы шынайы құбылыстардың қалай және неден болатындарын анықтап берген. Көрдің бе, балам, білімнің кілтін тапқан адамдар армандарына жетпей қоймайды. Аянбай еңбектенген адам ғана мұратына жетеді. Әл-Фараби бабамыз да сондай қажырлы еңбек, кемел ақылдың иесі. Талай ғасыр өтсе де, есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, мәңгі жасап келеді.
-Сонда ол да кітап жазған ба?
-Оның 160 шақты кітабы бар, балам. Көбі түрлі жағдайларға байланысты жоғалып кеткен. Бізге жеткені жетпіс шақтысы ғана. Мысалы, «Жұлдыздар үкімінде не дұрыс, не бұрыс?», «Птоломейдің Алмагесіне түсіндірме» деген еңбектерінің құндылығы өте жоғары.
— Иә, ата, ол расында да керемет адам екен!
— Ата, Жер шары деген не?
— Жер шары деп – біз өмір сүріп жатқан осы планетаны айтады. Ол пішіні жағынан дөңгелек шарға ұқсайды. Сол себепті, оны «Жер шары» деп атайды.

  • — Ол дөңгелек болса, біз қалай құлап қалмаймыз?
  • — Құламаймыз, балам, себебі, ол өте үлкен планета. Және адамдардың жер бетінде тепе-теңдік ұстап жүруіне өте қолайлы.
  • — Ата, адамдар өмір сүретін басқа планеталар бар ма?
  • -Жоқ, балам, әзірге, біздің Жер-анамен тең келетін таза ауасы, тамаша табиғаты бар, мол қазба байлығы бар планета табылған жоқ.
  • — Ата, аспан туралы ертегі бар ма?
  • — Әрине, бар.
  • — Білсеңіз, айтып беріңізші.
  • — Ертеде адамдар «Жер – жарты шар, оны үш піл көтеріп тұрады, ал пілдер алып мұхитта жүзіп жүрген үлкен тасбақаның үстінде орналасқан,- деп ойлаған.

Ал біздің бұрынғы ата-бабаларымыз Жер шары көк өгіздің мүйізінде орналасқан. Бір мүйізі шаршағанда екінші мүйізіне лақтырып ауыстырып отырады. Сол кезде жер сілкінеді деген екен. Бірақ, ғалымдар оның шындыққа жанаспайтын құр қиял екенін іс жүзінде дәлелдеп берді.
— Ата, мен де өскенде Әл Фараби ата сияқты ғалым болғым келеді.
— Әмин, балам, Алла тағала аузыңа сөз салып, санаңа сәуле берсе, тілегіңе құт дарытсын!
— Рахмет ата!

Айгүл МОЛДАШ,
«БІЛІМ АЙНАСЫ» газеті
Павлодар.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.