Астана қаласы Білім басқармасына қарасты
Қайым Мұхамбетқанов атындағы
№ 90 гимназия директоры,
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Абдраманова Гүлжанат Асанқызы
Қайым — ғылым мектебі
Қазақ әдебиетінің ұлы ақындары мен жазушыларының еңбектері оқу бағдарламасына енгізілгелі бері мектеп оқушылары әрқилы шығарма кейіпкерлермен танысып, олардың тарихи болмыстарын ғана емес, әдеби шығармадағы болмыстарына баға беріп, тәрбиелік, өнегелік жақтарын талдап, жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді талқылауға машықтанып келеді. Қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан алыптардың еңбектері жас ұрпақты еңбектенуге, адалдыққа, құрметтеуге, өз еліне қызмет жасауға бойына азаматтық борыш сіңіріп, әлеуметтік тақырыптарды тереңнен талдауға көмектесіп қана қоймай өмірге көзқарастарын қалыптастыруда. Мектеп бағдарламаларында 1сыныптап бастап 11 сыныпқа дейінгі балалар жас ерекшеліктеріне қарай әдеби шығармалармен достасып келеді. 1сыныпта «Ана тілі» пәні арқылы ақындардың өлеңдері, шағын мәтіндер арқылы танысса, 2-4 сыныптарда «Әдебиеттік оқу» пәніне жалғасып, түрлі жанрдағы шығармалар қамтылады. 5-11 сыныптарда оқушылар жас ерекшелігіне қарай жанрлық шығарманың поэзия, проза, драма т.б. түрлерінде жазылған көркем шығармаларды оқып, өмірге деген өзіндік көзқарастары қалыптасып, адамның қалыптасуындағы түрлі мінез-құлықтарды образдар арқылы сезініп жатады. Мұның барлығы оқырмандарын қоғамдық өмірге, әлеуметтік ортаға бейімдеу, алған білімін өмірде қолдана алуға, қарым-қатынас, жауаптылық, еңбектенуден, Отаншыл, елшіл болуға үйрететін қадамдар болып табылады. Дегенмен, әдебиет алыптары туралы сөз қозғағанда Абай, Мұхтар, Шәкәрім туралы айтпау мүмкін емес. Алыптар арасындағы сабақтастықты байқамау да мүмікн емес. Бірақ осы алыптардың еңбектерін көз майындай сақтап, қорғап, барынша ұстаздарына шексіз еңбегін арнаған , бір өзі бір ғылым мектебіне, бір институтқа айналған, асыл мұраның қадірін, құндылығын бағалап, солар үшін күрескен, қиындық сәтте сатпаған ерекше дара тұлға бар, ол – осы ұстаздардың шәкірті, «Алаштың соңғы тұяғы» саналған Қайым Мұхамедханов еді.
Қайым Мұхамедхановтың ұстаздарына сіңірген еңбегі шексіз. Балалық шақтан ғалымдық шаққа дейін өзінің ұстанымынан айнымаған, өмірін Абайдың, Мұхтардың, Шәкәрімнің еңбектерін жинақтаумен өткен Қайым бір өзі – бір ғылым мектебі еді. Дәл осы ойды ақын Несіпбек Айтов, «Іздемеске бола ма?» өлеңінде былай келтіреді:
Үңілгеннің өткенге көзі жетпек,
Надан болсаң кімдерге сөзің өтпек.
Академия бір өзі Семейдегі –
Өзі музей,
Өзі архив,
Өзі мектеп.
Қайым туралы…. Қайым Мұхамедханов ғұмыр бойы Абай сөзінің түпнұсқасын сақтаумен айналысты: Абай өлеңдері мен поэмаларына текстологиялық талдау жүргізіп, әрбір шығармасына ғылыми түсініктеме жазды, ұзақ жылдар бойы бір басылымнан екінші басылымға көшетін жаңсақтықтар мен қателерді жөндеді. Сонымен бірге, ғалым Абайдың белгісіз болып келген 31 шығармасын тауып, олардың Абайдікі екенін дәлелдеді…. Міне, өмір дерегінде осындай қайсарлықтың, табандылықтың нағыз шынайы бейнесі жазылған.
Мектеп бағдарламасында Қайымның осындай еңбектерінің болмауы келер ұрпақ Қайымды ұмытады, ол туралы білмей өтеді деген сөз емес.
Жаңа Қазақстанның бүгінгі тарихында мектеп оқушыларына тарихтың тұнығында жатқан, талай тұлғаларды таныту, олардың еңбектерін жарыққа шығару, мектеп оқушыларына таныстыру, насихаттау басты міндеттіріміздің бірі болмақ. Сондықтан «Қайым – ғылым мектебі» оқушыларға арналған оқу бағдарламасын жазып ұсынсақ, аталған міндетті орындаудың алғы баспалдағы болмақ. Бүгінгі оқушылар мектеп қабырғасынан Абайды, Мұхтарды, Шәкәрімді танып шықса, болашақта қосымша оқу бағдарламасы арқылы алыптардың еңбектерін сақтауда, асыл мұрасын насихаттауда, халқына аманат етіп жеткізуде өмірін арнаған, ғұмыр бойы ұстаздық жолында өзінің ұстаздарының еңбегін шәкірттеріне тереңнен таныстырған жазушы, ғалым, текстолог, аудармашы, ақын Қайым Мұхамедхановтың еңбектерімен танысатын болады.
Қайым Мұхамедханов кім дегенде, бүгінгі ұрпақ осы сұраққа жаңылмай жауап беретіндей, еңбектерін насихаттайтын болады. Міне, «Қайым – ғылым мектебі» деген үлкен игі ойдың да басты мақсаты алаштың ардақты ұлдарының бірі, абайтанушы, мұхтартанушы, шәкәрімтанушы ғалымның өлмес асыл мұрасын мектеп оқушыларына таныту, адами болмыстың қалыптасуына тікелей ықпал болған отбасылық тәрбиенің, ғылым айнасында қалай көрініс тапқанын паш ету, үлгі алу, мектептегі құндылыққа негізделген білім алуға өнеге ету.