23 мамыр күні Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназиясына филология ғылымының докторы, профессор Ерназарова Зәуреш Шаршабекқызы келді. Оның келудегі мақсаты «Әдістемелік орталықтың» «Профессор сабағы» жобасы аясында орыс сыныптарындағы қазақ тілі сабағын өтудегі мұғалім жіберетін қателіктердің себеп-салдарларын зерттеуге арналды. Мұғалімдер үшін өткізген семинар «Мұғалімнің оқыту үдерісін қалай іске асырып жүрсіз» атты тақырыппен өтті.
Профессор Зәуреш Шаршабекқызы, ең әуелі «Қазақ тілін оқытуда орын алып отырған жағымсыз құбылыстар» деген тақырыппен орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің жайына тоқталды. Әлі күнге қазақ тілі пәні оқытылса да, оқушылар арасында қазақ тіліне деген қызығушылық жоқ. Оқушылар қазақ тілінде сөйлей алмайды. Себебі, пән мұғалімдері оқушыларды оқыту барысында таптаурынды әдіспен оқытады. Қазақ тілін оқытып тұрса да, сабақты орыс тілінде түсіндіреді. Орыс мектептеріне қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің ең үлкен қателігі сол, олар оқудан нәтиже шығармаса да, кінәні өзінен іздемеуінде. Олар қазақ тіліне неге оқушыларды қыықтыра алмадым деп оөдернінің сабақ өтудегі әдістемелігін қайта қарауы керек. Одан кейін оқушылармен сұқбат құрмайды. Бала ешқашан «Мынаны істе, былай жаса» деген міндетті орындағысы келмейді. Баламен жай ғана сұқбат құру арқылы, оны тақырыпқа қызығушылығын ояту керек. Оқыту әдісін күрделендірмей, жаттандылықтан арылып, балаға өз ұққанын айтқызу керек. Біз сабақты шоу жасап жібердік дейді. Балаға есімше, көсемшені жаттатқанмен, оны қазақша сөйлете алмайсыз. Мсыалы, бала «Мен атама сыйлық бердім» деген қазақша сөзді қате айтып тұрса, әуелі барлық балаға ол сөзді бала дұрыс айтып үйренгенше хормен қайталап айтқызамыз. Сонда бала ешкімнен қысылмайды. Сөздің дұрыс айтылуын өзі жаттап алғандай болады.
Мұғалімнің бала оқытудағы мақсаты – баланың коммуникативтік құзіретін қалыптастыру. Ал, қалыптастыру әдіске негізделеді. Семинарда профессор Зәуреш Шаршабекқызы оқушыны сөйлеуге бейімдеу мұғалімнің міндеті екенін айтты. Семинар тақырыбына қызығушылық танытқан мұғалімдер өз ой-пікірлерімен бөлісті. Семинарда алған тәжірибемен орыс сыныптарындағы сабақ өтуде қолданатындарын айтты.
Семинардан тыс әңгімеде Профессор Зәуреш Шаршабекқызы, қазіргі кезде елімізде шығарып жатқан оқулықтарға көңілі толмайтынын айтты. Өмірге қызығушылығы енді оянып жатқан бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптарды түрлі-түсті, қызықты етіп шығару керек. Ақ-қара түсті А-4 форматында тартымсыз етіп шығара салады. Оқушылар өз ой-қиялын сурет қып түсіретін орын да қалдырмайды. Баспаларға неге түрлі түсті етіп, балалар сурет салатындай орын қалдырмайсыздар ма?-деген өтінішке, стандарт осындай деген жауап алады екен. Ал, Тимохина атты автордың балаларға арнап аударған ұлттық санадан ауылы алыс кітаптары, түрлі-түспен боялып, балаларды қызықтырып тұрады. Және, бағасы бар болғаны бес жүз теңге екен. Біздің отандық баспаханалар шығарып жатқан кітаптардың бағасы төрт-бес мың төңірегінде, удай қымбат. Қаражаты жетпеген қазақтар өзге елдің санасын, ұғымын тықпалап тұрса да өзге елдің кітабын алуға мәжбүр екен.
«BILIM AINASY»
Астана,
Зүбәйра Әкім