Home » Балабақша » Балабақшада отбасымен ынтымақтастық орнатуда әжелер мектебінің рөлі

Балабақшада отбасымен ынтымақтастық орнатуда әжелер мектебінің рөлі

Кожагельдиева Лязат Асылбековна
Алматы қаласы Алмалы ауданы
№ 43 КМҚК бөбекжай — балабақшасы
меңгеруші


Балабақшада отбасымен ынтымақтастық орнатуда әжелер мектебінің рөлі
Алматы қаласы Алмалы ауданы № 43 КМҚК бөбекжай — балабақшасында
“Отбасымның шуағысың Ақ әжем” атты  ата-аналармен бірлесіп өткізілген үлкен  іс-шара өтті.

Балабақша мен отбасының ынтымақтастығы  – жас ұрпақ  тәрбиесіне бір мақсатта, жоспарлы түрде, бірлестікте әрекет етуі арқылы жақсы нәтижеге жетуге болады.

Тәрбие – тал бесіктен басталады. Отбасы бала үшін өнеге алатын алғашқы мектеп.

Адамның бала күнінде көрген тәлім-тәрбиесі мен ата-анадан алған үлгісі өміріне негіз болатыны сөзсіз. Отбасынан алған мінез-құлық, дағдылар баланың өміріне азық болып, адам болып қалыптасуында орасан зор рөль атқарады.  Сол себепті отбасындағы тәрбиені күшейту, ата-ананың  бала алдындағы жауапкершілігі сезіндіру өте өзекті.

Отбасында бала тәрбиесі ұрпақтар сабақтастығы арқылы атадан балаға беріліп отыратынын ескерсек, отбасындаға үлкендердің өнегесі мен үлгісінің қаншалықты маңызды, өзекті екендігін ұғынуға болады. Сол себепті отбасындағы тәрбиенің тәлімдік жағы мен өнегелілік сипатын арттыру міндеті алға шығады. Ол үшін отбасына білім беру ұйымдары атап айтсақ, балабақша,

мектеп, қоғамдық ұйымдар  тарапынан білікті, кәсіби көмек қажет. Педагогтар мен ата-аналардың өзара ынтымақтасуы арқылы ғана жас ұрпақты  туған жерін, халқын, отбасын сүйетін және құрметтейтін,  отбасылық құндылықтарды, үлкенді сыйлайтын, саналы, жақсы мен жаманды ажырата алатын азамат етіп тәрбиелеуге мүмкіндік алады.

Отбасымен жұмыс – балабақша үшін өте маңызды іс-шаралардың бірі. Бұл төмендегідей міндеттерді шешуді мақсат етеді. Олар:

  • жақсы адамды тәрбиелеуде отбасы мен балабақшаның өзара ынтымақтастық орнату;
  • ата-аналарға педагогикалық, психологиялық кеңес беру;
  • ата-аналарды балабақшаның қызметімен таныстыру.

Дәстүрлі қазақ отбасында үш ұрпақтың бірге шаңырақ астында өмір сүруі заңды құбылыс. Сол себепті  ондағы өнегелі қарым-қатынас үшінші ұрпақты тәрбиелеуде таптырмас құрал болып табылады.

Отбасындағы аталар мен әжелер мектебі, олардың өнегелі өмірі мен өз үлгілері арқылы үшінші ұрпақты тәрбиелеуін балабақшада тәрбие үдерісіне интеграциялау өте тиімді тәсілдердің бірі болып табылатынын уақыт дәлелдеп отыр.

Біздің балабақшада «Әжелер мектебі» тұрақты түрде жоспарлы тәрбие жұмысына қатыстырылып отырады.

Əжелер – отбасының немесе тұтастай бір  елдің  тату-тәтті, бақытты өмір сүруіне негіз болатын  тілекші, дана, ақылды аналардың анасы!  Әжелер тек қана бір отбасының емес, бүтін бір халықтың  ана тілі мен салт-дəстүрін өлтірмей жалғастырушылар!  Отбасы мүшелеріне тек жақсы үлгісін көрсетіп, жақсылыққа бастайтын Адам! Сол себепті де парасатты ана – әжелердің сөзі, бізге деген өсиеті мен күнделікті ақылын  бұлжытпай  орындау бізге міндет болып табылады ,осыған орай біздің балабақшамызда жоспарлы түрде әжелер өз тәлім-тәрбиелерін балаларға және тәрбиешілер мен күтушілерге насихаттап отырады.  Балаларды тәрбиелеудегі әжелердің ынтымақтастығы мен   жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізуі балалар бойында жақсы мінез-құлық дағдылардың қалыптасуын қамтамасыз етіп, бақшадағы барлық іс-әрекеттің парасатты, нәтижелі жүруіне негіз болады.

Атап айтсақ, бақшамызда «Отбасының шуағысың – ақ әжем!» тақырыбында әжелердің немерелерімен біреге дайындаған танымдық-музыкалық сайысы өткізілді.

Бұл сайыста әжелер «Мен анамын – ұрпағын әлдилеген», «Қазақы ас мәзірі», «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері», «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра», «Ұлттық киім», «Шебер қолдар» атты бөлімдер бойынша тәлім-тәрбиеге, ұлттық құндылықтар мен салт-санаға бай, олардың өміршеңдігі мен қажеттігін насихаттайтын мазмұнға сай танымдық сайыс болды..

Сайысқа түскен әжелердің алды бүгінде немересін үйлендіріп, шөбере сүйіп отыр. Соған қарамастан әрқайсы өзінің әр нәрсені де ұқсата білетін әмбебап екенін дәлелдеп бағып, жүн түтіп, жіп иірді, ине сабақтап, кесте тікті, баланы бесікке бөлеп, сәбидің тұсауын кесіп, құдаға құрмет көрсетіп те үлгерді.

Сайыс барысында әжелер балалар мен педагогтарға өзгенің жетістігіне, қуаныш, бақытына өз жетістігі мен игілік-бақытындай көріп, қуануға, басқаға көмектесуге басқаны көңілдендіруге, шаттандыруға, қиындықтан құтқаруға әзір тұратын ақ көңілділік пен адалдықты, парасаттылықты дәріптеді.
     

Бұл сайыста  «Бәйтерек» тобының әжесі бас жүлдені алды. Қазылар алқасы да сайысқа түскендердің ешбірін ескерусіз қалдырмауды жөн көрді. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар « Үздік ұлттық киім », «Бұлбұл әже», «Өнегелі әже», «Білімпаз әже», «Шебер  әже» аталымдары бойынша  мақтау қағаздарымен марапатталды.

Қорыта келгенде, балаларды тәрбиелеу ісінде табысқа жетудің шешуші шарттарының бірі тәрбие ошақтарының отбасымен байланысы екенін тәжірибе дәлелдеп отыр. Балабақшамыздағы «Әжелер мектебі» әдет-ғұрыпты яғни,  ұлтымыздың мінез-құлқының, тұрмыс тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғыны, парасаттылық пен әдептілікті, сыпайылық, көрегенділік, инабаттылық, кішіпейілділік және басқа да жақсы  қылықтарды дәріптеп, бізге үйренуге мұрындық болды. Ұрпақтар сабақтастығын сақтау, біздің туған жер, Атамекен, Отан, халық алдындағы азаматтық парызымыз деп түсінемін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.