Маңғыстау обысы
Мұнайлы ауданы
«№2 жалпы білім беру орта мектебі»КММ
Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бекниязова Райхан Конарбаевна
2020 жыл басталысымен-ақ, түрлі алапат табиғат құбылыстарынан, кейбір елдер арасындағы соғыс әрекеттерінен адамдардың зардап шеккені аздай, мына әлемді жайлаған пандемия онсыз да үрейде отырған халықты одан сайын дүрліктірді. Короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында барлық дерлік қоғамдық орындар, соның ішінде оқу орындары жабылып, елде карантин жарияланды. Мектеп, ЖОО үшін «қашықтықтан оқыту» технологиясы енгізілді. Бұрыннан бар, қолданыстағы технология болғанымен, біз онымен тығыз танысуға енді «мәжбүр» болып жатырмыз. Қашықтықтан оқыту режимінде оқу үдерісі оқытушы мен оқушылар арасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы алыстан жүзеге асырылады.
Әр нәрсенің де екі жағы болатынын білеміз. Оқытудың орны мен уақытынтаңдай алу, оқуға, білім алуға қолжетімділік, психологиялық кедергілерді айналып өту т.с.с. артықшылықтарымен қатар, онлайн білім берудің кемшіліктері басымырақ, әрі мән беруге тұрарлық.
Ең айқын кемшілік, ол әрине, балалардың, кей кездері тіпті оқытушылардың өзінің де интернет желісіне қолжетімсіздігі, қажетті байланыс құралдарының болмауы. Ал мен үшін, тікелей ұстаз тарапынан қарастырар болсам, ол – білім беру сапасының нашарлауы. Оқушымен жеке қарым-қатынас жасай алмау, берілген аз уақыт ішінде жаңа тақырыпты түсіндіріп, оған қоса тапсырма орындату, сабақтағы оқушылардың пәнді меңгергенін толық тексере алмау, оқушылардың өз ойларын анық жеткізе алмауы – соның бәрі сайып келгенде уақыт тапшылығы мәселесіне меңзейді.
Тағы бір айтарлықтай мәселе – бұл технологияның мұғалімге қиындық туғызуы. Мұғалім оқушы қай кезде тапсырманы орындап жіберсе де оны тексеруге, оқушыға кері байланыс жасауға дайын болуы керек, сонымен қоса келесі сабақтарға да дайындалып үлгеруі тиіс.
Бұдан бөлек, тағы бір маңызды кемшілік – білім мен тәрбиенің қатар берілу мүмкіндігінің жоқтығы. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес,тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның өміріне қауіп әкеледі». Сол тәрбиені оқушының бойына сіңдіруде ұстаз бен мектептің орнын ештеңе алмастыра алмайды.
Мұғаліммен қатар ата-аналарға да оңай соғып жатпағанын көріп жатырмыз. Мысалы, кейбір ата-аналар карантин уақытында жұмыс істеуін тоқтатқан жоқ. Сол себепті үйдегі баланың білім алу барысына бақылау жасай алмайды, көпбалалы отбасыларда барлық баланың сабағын бірдей қадағалай алмайтыны тағы бар. Мүмкін бұл қиындықтар оқушыға білім алуда жауапкершілік таныту, өз-өзін тәрбиелеу, өз бетінше ізденісте болу сияқты жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге көмектесер. Десек те, бұл технология мектеп оқушыларынан гөрі ЖОО студенттерінің білім алуы үшін тиімдірек.
Адамзат аспанын торлаған бұлт сейіліп, әлемді шарлап кеткен жұқпалы індет жойылып, қуанышта бір-бірімізбен қауышатын уақыттың да ауылы алыс емес деп үміттенеміз. Ал қазіргі орын алған жағдайда балалардың екінші ата-анасы болып саналатын ұстаздар білім берудегі кездескен қиыншылықтарды еңсеріп, адал қызметтерін абыроймен жалғастыруда.Оқушылармен виртуалды өмірде емес, шынайы өмірде кездесетін күнге жетуге асықпыз.
«Батырлықты айт, бірлікті айт,
Ынтымақ қосып, ел болып, жұрт жасаған тірлікті айт» —
демекші, қандай қиындық болмасын, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан барлық шараларға ата-ана, оқушы, мұғалім қолдау көрсетсе, бірлігі берік елдің алмайтын қамалы жоқ!