Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№12 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жуманазарова Перуза Сагиевна
Қазіргі таңда елімізде тосыннан келген індетке байланысты қашықтықтан оқыту жүріп жатыр. Қазақстанның барлық мектептері IV тоқсанды осы қашықтықтан оқыту жүйесімен бастады. Бұл төтнеше жағдайға байланысты Білім минстрлігінің шұғыл қабылдаған шешімі болатын. Әрине, бұл шешімді қабылдау да оңай болған жоқ. Білім және ғылым минстрі А.Аймағанбетовтың тікелей басшылығымен жедел жұмыс топтары құрылды. Олар көршілес елдер мен халықаралық тәжірибеге сүйеніп, аз уақыттың ішінде алдағы жасалатын жұмыстардың жоспарын жасап шықты. Осы жұмыстарды атқару республика,облыс,қала,аудан,ауыл мектептерінің басшылары мен оқу ісінің меңгерушілері және бүкіл ұстаздар қауымына жүктелген болатын. Республика бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибелі ұстаздар бейнесабақтар түсіріп, «Балапан», «Ел арна» телеарналарына ұсынды. Осы кезеңде бейнесабақтар түсіру байқаулары жарияланды. Мектебіміздің жас мамандары бейнесабақтар байқауында жүлделі орын алып, аудан, облыс, республика көлемінде өз шеберліктері мен біліктіліктерін көрсете білді.
Алтыншы сәуірде сабақ басталғанға дейінгі ата-аналар мен оқушыларға түсінік жұмыстарын жүргізу ұстаздар жауапкершілігіне жүктелді. Бұл күрделі сыннан ұстаздарымыз сүрінбей өтті. Қашықтықтан оқыту – бұл ғаламторды пайдалана отырып, жүзеге асырылатын оқыту. Қашықтықтан оқытуға оқушыларды дайындау үшін, біз олардың ата-аналарымен жүйелі жұмыс жасадық. Осынау қиын шақта үштік одақ өз жұмысының нәтижесін көрсетті: мектеп – бала – ата-ана. Біз ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орната білдік. Ата-аналар да балаларының білім алуына қолдарынан келгенше жағдай жасады. Алғашқы күндері біршама кедергілерге тап болдық. Бұл кедергілердің болуы заңдылық дер едім. Қысқа мерзімде жаңа нәрсенің енгізілуі ата-ана, бала тіпті мұғалімдер үшін де оңайға соққан жоқ. Бірақ біз қиындықтарды жүйелі жұмысымыз және өзімізді сабырға шақыра отырып жеңе білдік.
Кейбір көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға мектебімізде «Қайырымдылық акциясын» ұйымдастырып, одан түскен қаржыға бірнеше отбасының балаларын ұялы телефон, планшеттермен қамтамассыз еттік. Осы орайда қайырымды жомарт жандар үйлеріндегі артық тұрған теледидар мен ноутбуктарын да әкеліп берді. Осындай игі істердің арқасында мектебіміздегі 3200 оқушының барлығы қашықтықтан оқуға қол жеткізіп отыр.
Осы тұста қашықтықтан оқытудың біршама артықшылықтарын, тиімділігін де сезіндік. Мұғалім де, ата-ана да, оқушы да ақпараттық-коммуникациялық құралдарды тиімді пайдалануды үйрендік. Бұрын бұл біз үшін тек сөйлесу құралы еді. Ал дұрыс пайдалана білсек, мүмкіншіліктері көп екенін аңғардық.
Қашықтықтан оқытудың тиімділігі – сапалы білім беру қызметін алуда азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту, олардың білім қажеттіліктерін тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, жасына, денсаулығына және өмірдің тағы басқа себептеріне қарамастан қамтамасыз ету.Мұндайда оқытушы мен білім алушылар физикалық тұрғыдан әр түрлі орындардан табылады. Уақыт үнемділігі, орын, ыңғайлы кесте, оқытушы мен білім алушының жаңа рөлі, ата-ананың бақылауы, ата-ана мен бала арасындағы тығыз қарым-қатынастың орнауы, мұғалім беделінің артуы.
«Әр нәрсенің бір қайыры бар» — деген ғой дана халқымыз. Жұмыс басты болып, бала тәрбиесінен алшақтап кеткен ата-ана мен бала арасында тығыз байланыс орнады. Бала жанұядағы ата-анасының жылылығы мен қамқорлығын сезінді. Тіпті балаларына ертегі оқып, қосылып ән салып, қолөнер бұйымдарын жасап, тәтті тағамдар пісіріп бір-бірін қуантып жатты. Төтенше жағдайға байланысты бетперде тапшылығы байқалғанда, оларды қолдан үйде тігіп , таратқан жандар да табылды. Осының бәрі отбасының адам баласының өмірге жолдама алатын кәусар бастауы, арқасүйер алтын діңгегі екенін көрсетті. Қашықтықтан оқыту басталғалы ата-ана тарапынан мұғалімге деген көзқарастың жақсы жағына өзгергенін сезіндік.
Тығырықтан шығар жол әрқашан табылады екен, тек оның көзін таба білсек. Осы тұста әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидей ғұламамыздың мына тамаша сөзі ойыма орала береді: «Өзін-өзі тану – даналықтың белгісі, жеке тұлғаның рухын тану – адамгершіліктің белгісі»
Қашықтықтан оқыту кезінде ақпараттық -комуникациялық құралдардың қай түрін пайдалансақ та, білім алушыға тиімді жағын қарастырғанымыз жөн деп ойлаймын.