Тлеулиева Акерке Манашовна
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мен – Тлеулиева Акерке Манашовна Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылындағы №2-мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін.
Еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты бүгінгі күннің талабы – қашықтан оқыту жағдайына директорымыз – Тағанияз Өмірхан ағай бастаған №2 мектеп ұжымы да бір кісідей жұмыла кірістік.
Аз уақыттың ішінде Білім министрі А.Аймағанбетовтің басшылығымен шығарылған бұйрықтарының негізінде, мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен сәл ертерек ІІІ тоқсан бағалары қорытылып, тоқсандық есептер мен педагогикалық кеңес онлайн түрде жүзеге асырылды және ІVтоқсанды қашықтықтан оқыту мәселесі жолға қойылған болатын.
Қашықтықтан оқыту тәжірибемізде бірінші рет кездескендіктен, өзіндік қиындықтары болғанымен, мектеп мұғалімдері, оқушылар, ата-аналар бірлікте жұмыла іске кіріскеніміздің арқасында, «Біз біргеміз!», «Біз үйдеміз!» атты үндеудің растығын да дәлелдеп шықтық.
Оның дәлелі біріншіден, ФБ-тегі ата-аналарымыз бен оқушыларымыздың мектеп ұжымы басшылары мен ұлағатты ұстаздарымызды қолдау видеолары мен шын жүректен бастарын төмен иіп еткен тағзымдары…
Бұл жерде бәрі тек мұғалімдердің ғана еңбегі деуден аулақпыз, әрине, керісінше «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген оқушы, ұстаз, ата-ананың үштік одағының бір-біріне деген қолдауы, демеуі, ұйымшылдығы деп мақтанышпен айтар едім!
Міне, қашықтықтан оқыту арқылы үшінші аптамызды да аяқтағалы отырмыз. Менің бір байқағаным, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ!» дегенге көзіміздің жеткені. Себебі, осы аз-ақ күндердің ішінде ата-ана мұғалімнің, мұғалім оқушының, оқушы мектептің қадірін сезіне білгеніне көзіміз де жетті.
Мысалы, мен сабақ беретін 9-сыныптардың ішінде, осындай сын сағаттарында ерекше білімі мен табандылығын, ақылы мен сенімін, ұстаздарына деген сүйіспеншілігі мен ата-аналарынан алған тәлімді тәрбиесін көрсете білген керемет оқушыларымның болуы – мен үшін де, мектебіміздің ұжымы үшін де үлкен ерекше мақтаныш дер едім!
Олар 9 «Б» сыныбынан: Ағзам Жайна, Николай Ерлан, Ордабаева Ұлболсын, Шәрелхан Ақтоты, 9 «Г» сыныбынан: Жәнібек Іңкәржан, Амандық Мерей, Ибат Рахима, Мұрат Дана, 9 «В» сыныбынан: Сәрсенбай Меруерт, Құлмағанбет Гүлмира, 9 «Ә» сыныбынан: Аяу Жансая, Кесікбай Айгерім, Күшікбай Аян, Мұратова Арайлым, Жарылғап Гүлзада, Телекеш Айгерім, Құрманша Айгерім сияқты т.б. оқушылар. Бұл оқушылар қашықтан оқу қиындықтарына мойымастан, білуге ұмтылатын, өздері үшін ізденетін, мұғалімнің еңбегін де бағалап, ватсаппен өтілетін сабақтардың да жетістігін көрсете білетін оқушылар деп айта аламын. Дегенмен, сыныптағы әр оқушының да қандай да бір жақсы қырын байқауға қашықтық сабақтарының мүмкіншіліктері мол екенін білдім.
Айталық, бұрын мектепте сабақты жақсы оқитын оқушыларға сыныптағы кейбір тентектеу, сабақта бос отырғысы келетін оқушылар қылжақтап, кедергі келтіретін болса, қазір әркім өзімен-өзі, ата-аналарының қасында, бақылауында, көлікке мінбей-ақ, сарылып жол жүрмей-ақ, жол қауіпсіздігін уайымдамай-ақ, оқиын деген адамға бар мүмкіншілік бар, мұғалімнің тапсырмасы, оқушының қойған сұрағы, дайындаған, орындаған жұмыстары, айтқан аудио, көрген бейне, слаид сабақтары, тіпті сабаққа кімнің қашан кіріп, қашан шыққандығы – бәрі-бәрі жазулы, сақтаулы. Бұның бәрі шынымды айтсам, бұрын мектепке барып оқып жүргендегі қолжетімсіз жағдайлар ғой деп те ойлаймын!
Осы орайда, осындай позитивті, заман талабына сай, болашағынан мол үміт күттіретіндей алғыр да жігерлі қазақ халқының ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған ардақты ата-аналарымызға және екінші аналарындай болып, әрқашан өз бақылауын жасап, сыныбымен бірге барлық сабақтарына қатысып, жаманын жасырып, жақсысын асырып, өз балаларынан бетер тәрбиелеп отырған сынып жетекшілері – Маржанай, Гүлайым, Гүлнар, Жұлдыз апайларға да үлкен алғысымды білдіргім келеді!
Сөзімнің соңында, мұғалім, оқушы, ата-ана – «үштік одақ» болып, осындай басымызға түскен азғантай қиын күндерде тәртіпке бағына отырып, үйде бола отырып, жұдырықтай жұмылған үлкен бірлікте бола отырып, барлық кедергілерді аттап өтейік, жеңіп шығайық деймін және солай болатынына сенімдімін де!
Біз әзір үйдеміз! Біз әрқашан біргеміз! Қашықтық бізге кедергі емес!