Home » Мақалалар » «Ұстаз-мектептің жүрегі»

«Ұстаз-мектептің жүрегі»

Жарқынай Жуматаева, ағылшын тілі мұғалімі,
                                                     Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы,
                                                       №11 жалпы орта  білім беру мектебі

                                      «Менің тәжірибем»байқауы  Қашықтықтан оқытудың тиімділігі.

«Ұстаз… – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл және асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ… жұрттың бәріне … жақсылық пен ізгілік көрсетіп… қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», — деп әлемге әйгілі философ  Әл-Фараби айтқанындай, бүгінгі таңда ұстаздарымыз біраз қиыншылықтарды артта қалдырып, өздеріне берілген міндеттерді жоғары деңгейде атқаруда.

Қазіргі кезде бүкіл әлемдік пандемия – коронавирус індеті кеңінен таралып, елімізде карантин жариялануына байланысты, IV – тоқсанды қашықтықтан оқытып бастаған едік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, міне үшінші аптасын да аяқтадық. Басында біраз қорқыныш пен толғаныс болғаны анық, бірақ «басқа түскенді көз көрер» демекші қазіргі таңда бұл мәселе өз шешімін тапты деп сеніммен айта аламын, яғни қашықтықтан оқыту өз жолына түсті.

Қашықтықтан оқыту  «Мektep.Edu», «Whatsapp»,  «Telegram»,  «Classroom»,  «Bilimland», « Daryn-online» арқылы жүргізілмекте. Оқушылар осы платформалар арқылы кері байланыс жасай алады. «Мektep.Edu» жүйесінде оқушылардың қанша пайызы тақырыппен танысқандығы, қаншасы кері байланыс жасағандығын көрсетіп тұрады. Бұл ата-анаға да өте тиімді.

Ұлы ағартушы А.Байтұрсыновтың: «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» — деген сөзі қазіргі заман ұстаздарына айтылғандай. Қашықтықтан оқытуда мұғалімдер жаңа технологияны тереңнен үйренді, яғни тек қана компьютерді біліп  қоймай, сонымен бірге видео-сабақтарды қалай жасап және оны интернетке салу жолдарын үйренді. Бұл әрбір  мұғалімнен ізденуді, шығармашылық жұмыс жасауды, озық тәжірибелермен танысып, оны күнделікті өмірде қолдануды қажет етті. Мұғалімдер арасында тығыз байланыс орнады. Сондай-ақ ұстаздарға онлайн-вебинарларға қатысу мүмкіндіктері туды. «Білімнің қайнар көзі оқулықта» дегендей ағылшын тілінің электронды түрлерінен пайдаланудың бүге-шүгесіне дейін шетелдік профессор және ағылшын тілі авторларымен байланыста болып, үйренуге мүмкіндік туды. «Әрбір істің жақсылығы бар» деген осы болар.

Қашықтықтан оқытуда ата-анаға әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүктелді. Ата-ана баласының сабағын қадағалап, бақылап отыратын болды, яғни қашықтықтан оқыту осы үштіктің «мұғалім – ата-ана – оқушы» арасындағы қарым-қатнасты нығайта түсті. Оқушылар үйрене келе өз бетімен білім алуын қалыптастыра бастады.

Осы орайда мектебіміз педагог-психологы Балымбетова Айгерім де қарап отырмады. Ол мектеп мұғалімдеріне жағымсыз эмоциядан және стресстен арылуға арналған тесттер өткізді және кеңестер берді. Ал ата-аналар мен оқушыларға онлайн түрде қашықтықтан оқытудың әсерін анықтауда сауалнамалар жүргізді. Сауалнама нәтижесі бойынша оқушыларға және ата-аналарға қолдаулар көрсетті.

Қорыта айтсақ – қашықтықтан оқыту ұстаздардың қиыншылыққа мойымайтын, сүрінгенде жығылмайтын маман иелері екендігін көрсетті. Оқушының өздігінен білім алып, қызығушылығын арттыруға, өздігінен еңбектенуіне мүмкіндік берді. Бос уақыттарын тиімді пайдалануға үйретті.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей бірлікпен түгел жұмыс жасасақ, еңбегіміз жемісі тәтті болары анық

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.