Қашықтықтан оқыту — бұл оқушылардың өз бетінше білім алуына негізделген оқу процесі, демек оқушылар кез-келген уақытта телекоммуникацияны қолдана отырып, ұстаздарымен байланыс орнатуға мүмкіндігі болса, оқытушылар оқушылардың үлгерімін бақылау әрекетіне ие болады.Оқу үдерісінде оқушылар мен оқытушылардың интерактивті әрекеті қамтамасыз етіледі.
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №107 лицей ұстаздары оқушыларға Whatsapp желісі мен Google Classroom платформасын пайдаланып қашықтықтан білім беруде. Google Classroom —Google компаниясы әзірлеген ақысыз платформасында барлық функциялар бір жүйеде біріктірілген, оқу қажеттіліктері бойынша өңделген. Мұғалімдер мен оқушылар арасында ақпарат алмасу процесін жүзеге асыру жеңілдетілген бағытта жүргізіледі .Бұл платформаның ерекшеліктері білім беруді кез-келген құрылғылар(компьютер, ноутбук, телефон) арқылы қашықтықтан басқаруға болады және арнайы программаны жүктеп орнатуды қажет етпейді. Сонымен қатар Google Classroom ұсынатын веб-сервис түрлерін ақысыз пайдалануымызға болады, олар: Google Диск, Google Drive , Gmail поштасы, Google Calendar, Google Hangouts т.б.
Елімізде пандемияға байланысты карантин жарияланған күннен кейін біздің лицей ұстаздары демалыс уақытында оқушыларды Google Classroom-ға тіркей бастадық. Тіркелу үшін Gmail поштасы арқылы аккаунт құрып, әр пән мұғалімі Google Classroom-да әр сыныпқа «жаңа курс (пән)» ашып, оқушылар сол пәннің коды арқылы тіркелді. Бұл платформаға оқушыларды тіркеу біздің лицей ұстаздары мен оқушыларға аса қиындық тудырған жоқ. Жаңа тоқсанды қашықтықта оқып бастаған лицей оқушылары GoogleClassroom платформасын аз уақытта оңай меңгеріп алды. Қазіргі уақытта лицей оқушылары Google Classroom платформасында пән мұғалдерімен кері байланыс жасап, сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті барлық ақпараттарды алып отыр. Google Classroom платформасында оқушылар өздеріне қолайлы уақытта тапсырмаларын орындап, суретке түсіріп жібере алады. Google Classroom платформасының тағы бір тиімді жағы барлық жіберілген және кез келген ақпараттың барлық түрлері Google Дискте сақталады, артық орын алмайды. Сыныптарды құрып, тапсырмаларды оқушыларға жіберіп, пікірлер жазып, барлығын бір жерде көре аласыз.
Қашықтықтан оқытудың барысында лицей ұстаздарының компьютерлік сауаттылықтары жоғары, білікті және білімді ұстаздар қатарында екендігі дәлелденді. Көптеген ұстаздарымыз зейнет жасына жақындап қалғандығына қарамастан қашықтықтан оқыту үдерісін ешбір алаңдаушылық танытпай құлшына қабылдады.
Лицейде сонымен қатар ұстаздар жиналысы Zoom платформасы арқылы онлайн түрінде лицей директоры Үмітхан Ақатанұлының басшылығымен өткізіліп отыр.Онлайн режимінде мұғалімдер қашықтықтан оқытудың тиімді/тиімсіз жақтарын талдап, сараптап өз ойларын ортаға салды. Көптен бері қарым-қатынасқа түсе алмай отырған әріптестер жиналыс соңында бір-біріне жылы тілектер айтып қоштасып жатады. Әрине ақпараттық технология адами қатынастың орнын толтыра алмас. Дегенімен де халқымыздың жарқын келешегі мен денсаулығының сақталуы үшін қашықтықтан оқыту үдерісі заман талабы болып отырғандығын ұжым болып қолдап отырмыз. Осы үдеріс барысында тек қана оқушылар емес, ата-аналар, мұғалімдер өздерінің біліктіліктерін дамыту үстінде.
Бірнеше платформалар мен мессенжерлерді қатар алып, ұлт алдындағы жауапкершіліктерін сезініп, кездескен қиыншылықтарға қарамай білім беріп отырған ұстаздарымызға мың алғыс.Қазіргі таңда ұстаздар армиясы уақытпен санаспай әр оқушының тапсырмасына кері байланыс беріп, түсінбеген оқушылармен мессенжерлер арқылы жеке жұмыс жүргізіп отыр. Алғашқы аптадағы қиындықтар артта қалғандай. Мұғалімдер де, оқушылар да қашықтықтан білім беру мен білім алуға әбден төселіп алды. Тіптен кері байланыс барысында мұғалімдердің байқағаны оқушылардың берілген тапсырмаға оқулықтағы материал аясынан тереңдетіп дайындала бастағандығы.
Ұстаздардың бала өміріндегі ең қажетті де, құнды тұлға екендігін жұртшылық тарапынан айтылып жатқан алғыстары мен ілтипаттары дәлелдегендей. Ата аналар мен шәкірттеріміздің алғыстары шексіз.
Біз бәріміз біргеміз!
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Жапбасбаева Ғибрат Әділханқызы
Информатика пәні мұғалімі
Досмаилова Гүлнұр Манатқызы