Маңғыстау облысы. Мұнайлы ауданы,
№12 және 14 жалпы білім беру орта мектебінің
география пәні мұғалімдері
Серікбаев Майрамбай Зейнуллаевич ,
Серікбаев Нұрлан Майрамбаевич
Тәуелсіздік туын тіккен елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы –мектеп. Олай болса, қазіргі таңда білім беретін ұстаздардың алдында тұрған негізгі міндет-оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, білімге деген қызығушылығын арттыру, заман талабына сай білім беру және тәрбиелеу. Елбасымыз Н.Назабаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септесетін алты жоба ұсынылғаны белгілі. Соның төртіншісі-«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты-халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу, жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту. Осы жобаны негізгі жүзеге асыратындар бұл мектеп мұғалімдері.
Біздің өлкеміз Маңғыстау – тарихи орындарға, аңыз – мұраларға өте бай өлке. Шындығында да еліміздегі тарихи ескерткіштердің жартысына жуығы біздің өлкемізде шоғырланған. А.Бартольд пікірінше Маңғыстау аспан астындағы мұражай атанған өлке. Ел аузында Маңғыстаудың қара ойында 362 әулие барлығы айтылады. Әрқайсысының өзіндік тарихы, үңіле қалсаң айтар өнегесі, әріден басталар шежіресі мол. Өз бастауын әріден алатын жер асты мешіттері тек Маңғыстау жерінде ғана кездеседі. Көрерге көз керек небір асыл туындыларды өмірге әкелген, тастан түйін түйген шеберлердің туындылары күні бүгінге дейін өзіне табындырып, таңқалдырумен келе жатыр. Бұлар өткеннен қалған асыл мұра, ата-бабаларымыздың ұрпақтарына айтып кеткен аманаты. Өйткені осы ескерткіштер арқылы Әбіш Кекілбаев айтқандай «Көшпелі елдің зираттары олардың әрі өз тұсында салып кеткен қалалары, әрі артындағы ұрпақтарына нақты заттар тілінде жазып кеткен кітаптары. Зираттағы ескерткіштерге үңілген сайын бұл аймақта қай дәуірде қандай тайпа мекендегенін, қандай саяси оқиғаны бастан кешкенін, әл-ауқаты, мәдени өресі қандай дәрежеде болғанын білеміз» Өлке жерінде сонау ықылым заманда, біздің дәуірімізге дейін салынған ғибдатханалар жетерлік. Олардан табылған тас мүсіндер Орта Азия мен Қазақстанның басқа аймағында көп кездеспейді. Бір кездері Ұлы Жібек жолында елмен елді елдестіріп, татулық пен бірлікке, экономикалық өрлеуге бастау болған 362 әулиенің мекені саналған ұлы дала Маңғыстау жері қаншама тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі бола білген қастерлі өңір.
Қысқа да болса, өнегелі өмір сүрген, артына мол мұра қалдырған айтулы тұлға, жергілікті зерттеуші ғалым, Маңғыстау географиясы мен оның тарихын зерттеуге мол үлес қосқан Серікбол Қондыбай Маңғыстау жерінің аңызға толы екендігін ғылыми тұрғыдан да дәлелдейді. «Әрбір киелі бейне мен киелі орынның астарында ежелгі замандардың белгісі жатуы әбден мүмкін». Өйткені, заман мен халық, уақыт пен сана – сезім, дін өзгерсе де, қазақ жері мен оның бетіндегі бір кездері «қасиетті» сипатқа ие болған нысан туралы жергілікті тұрғындардың түсінігі өзгермей қала береді, заман өзгерсе де ол жердің қасиеті жоғалып кетпейді. Сондықтанда Маңғыстау жері – Қазақстан Республикасының ішкі туризм саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ.
Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қолдау және Маңғыстау облысының туристік және рекрациялық әлеуетін дамыту мақсатында 2GIS компаниясы Маңғыстау облысының басқармасымен бірлесіп, Маңғыстаудың 24 киелі жерлері мен тарихи-мәдени тартымды жерлерін, табиғи нысандарын цифрлы картаға енгізу бойынша жұмыстар алып барды. Қазіргі уақытта өңірімізде 362 киелі жер және мемлекет қорғауындағы тағы да 13 мың ескеркіш бар. Скаралды география атауларын қоғамдық санада төл тарихымызбен ажырағысыз байланыста орнықтыру арқылы қазақстандық патриотизмнің ірге тасы –жерге, тілге, мемлекетке құрметімізді нығайтамыз.