Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқу – білім берудің жаңа бағдаршамы 

Қашықтықтан оқу – білім берудің жаңа бағдаршамы 

Артур САЛПЫҚОВ,
Мұнайлы ауданы, Бесшоқы тұрғын үй массиві,
№ 8 жалпы білім беру орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

БІЛІМ КӨКЖИЕГІ

Сөзіміздің төркінін қасиетті Рамазан айында елімізге тыныштық, жұртымызға амандық тілеуден басталық. Баршамыз білетіндей, аты жаман індеттің Қазақстан территорияларынан анықтала бастағалы бері оның кеңінен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай енгізілді. Соның нәтижесінде жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары көктемгі демалыстарына әдеттегінен ертерек жөнелтіліп, 6 сәуірге дейін демалатын болып шешілген болатын.

Әрине, барша ұстаздар қауымы болып «бұл аты жаман індет осы уақытқа дейін тәмам болар, барлығымыз алтын ұя – мектебімізге қайта оралармыз» деп үміттенген едік. Алайда, егеменді елімізде аталмыш індетті жұқтырғандар санының көбейе түсуіне байланысты карантин режимінің уақыты ұзартылып, жалпы білім беру орта мектептері жалпы ұзақтығы 7 аптаны құрайтын (6 сәуір мен 22 мамыр аралығы) төртінші тоқсанында қашықтықтан оқу режиміне көше бастады.

Әрине, шет ел мемлекеттерінде «онлайн режим», «қашықтықтан оқыту» сынды түсініктер үйреншікті жағдай болғанымен, біз үшін бастапқыда мүлдем таңсық, әрі үрей туғызарлықтай жағдай болып көрінгені анық. Дегенмен, ынтымақтаса жұмыс жасаудың арқасында бұл өмірде барлығы да мүмкін екендігіне көзіміз жетіп, біршама күннің ішінде жинақтаған тәжірибеміз өз жемісін бере бастады. Сөйтіп, «қашықтықтан оқу» деген айдар таққан білім берудің жаңа бағдаршамы алдымыздан жаңа торап, ұзақ жол салып, бұл жүйеге де төселе бастадық. Бір жағынан, бұл бағыт оқушыларымызды өзгешелігімен тамсандырған болса керек, сабаққа қатысы да, оқуға деген ынтасы да әдеттегіден белсенді. Олар үшін ең маңыздысы – қазіргі заман ағымына сәйкес түрлі смартфондармен жұмыс жасау арқылы көптеген мессенджерлердің көмегіне жүгіне отырып, пән мұғалімдерімен кері байланыс жасап, электронды кітаптарды оқуға дағдыланып, қызықты видеороликтерді көріп, өз білімдерін жетілдіріп, ақпарат жүйелерін пайдалану мүмкіндігін арттыру болмақ.

Оқушыларға білім беру үшін қай әдіс болса да тиімді. Ең бастысы, ұстаздар қауымының тәжірибелігінің арқасында қашықтықтан оқу жүйесінің білім беру саласында аса қиындық тудыра қоймайтынына көзіміз жетті.

Барлығын дерлік уақыттың еншісіне қалдырдық. Алдағы күнге үміт артып, жұмыла көтерген жүктің әлдеқайда жеңіл екендігіне көз жеткізіп, бұл ауыртпашылықты да еңсеруге жазсын деген тілек айтқым келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.