Home » Білім және тарих » Ұлттық құндылық-ұлт қазынасы

Ұлттық құндылық-ұлт қазынасы

Әрбір халықтың өзіндік ерекшелігін айқындайтын ұлттық құндылықтары бар. Бұл құндылықтар – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер, мәдениет, тіл, дін, өнер, рухани  және материалдық мұралар. Ұлттық құндылықтар – халықтың бірегейлігін сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің басты құралы. 

«Біртұтас тәрбие» ұлттық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Алматы қаласы  Түрксіб ауданы, №198 мектеп-гимназиясында «Отбасы – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі» атты қалалық семинар ұйымдастырылды.

Елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен патриотизмді негіздеу,  отбасы құндылықтарды құрметтеу, отбасы — тәрбиесінің негізі екенін дәріптеу, ұлттық салтты,  дәстүрді құрметтеуге баулу мақсатында  ұйымдастырылған қалалық семинардың шымылдығын мектептің өнерлі оқушылары күмбірлеген күймен ашты. Қазақ тілі мен әдебиеті пән кафедрасының  ұстаздары  мен оқушылары қонақтарымызды құшақ жая қарсы алып, төс қағыстырып, жақсылық тілеп, мерекемен құттықтады. Осылай қарсы алуының себебі, Көрісу күні-амал мерекесімен байланыстыруы. Көрісу күні – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі мерекелерінің бірі. Бұл мереке қазақтың ежелгі дәстүрлі жаңа жылының бір көрінісі саналады.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Бесікке салу, тұсау кесу, келін түсіру, наурыз мейрамы сияқты дәстүрлер ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық сананы қалыптастырады. Дәстүрлерімізді дәріптеу – ұлттың болашағын нығайту деген сөз. Осы орайда семинарға келген қонақтарға бастауыш пән кафедрасы мұғалімдері мен  2-сынып жетекшілері «Бесікке салу» дәстүрін, 9-сынып жетекшілері мен оқушылары  «Тұсау кесу» дәстүрін көрсетсе, 7-сынып жетекшілері мен оқушыларының қатысуымен «Мүшел жас» қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісімен таныстырды.  Сондай-ақ, семинарды  технология пәні мұғалімдері С. Нақыпова мен Ж.Сәрсеновтың «Ұлттық қолөнер –асыл қазына»  тақырыбында ұйымдастырылған  көрмесімен және  дене шынықтыру кафедрасының «Қазақтың ұлттық ойындары» атты ұлттық ойындар эстафетасымен жалғастырды. Біздің ұлттық мәдениет – өнер, әдебиет, музыка, сәулет және қолөнер арқылы көрініс табатынын көрсете білді.

№198 мектеп-гимназия шаңырағында ұйымдастырылып отырған қалалық семинар жалғасы концерттік бағдарламамен ұласты. Қазақтың күйлері, жыр-дастандары, айтыс өнері – халқымыздың рухани қазынасы. Концерттік бағдарлама барысында осының бәрі қамтылып отырды. Мектебіміздің жанынан құралған «Әлқисса» домбырашылар ансамблінің орындауында Құрманғазының күйі «Балбырауын» күйімен  басталып, көркемсөз шеберлерінің әсерлі жыр шумақтарымен қонақтардың жүрегінен жол тапты. Ал мектептің мың бұралған биші қыздары  өздерінің  би өнерлерімен тамсандырды.

Сондай-ақ, семинар барысында асыл мұрамыз айтыс -суырып салма ақындық өнерінің жемісі де көрсетілді. Айтыста халықтың әдет- ғұрпы, тұрмыс-салты, дүниетанымы, эстетикалық, рухани, философиялық және әлеуметтік көзқарасы, қалыптасу тарихы байқалады. №198 Мектеп-гимназияның ақын ұстаздары Қ.Қонақбаев пен А.Байсалов осы дәстүрді тамаша көрсете білді.

Семинар барысында халықтың даналығы мен ой ұшқырлығын бейнелейтін, сөз құдіретін жоғары бағалайтын дәстүрлі мәдениеттің бір бөлігі шешендік өнер де қалыс қалмады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні кафедрасы мұғалімдері мен оқушылардың ұйымдастыруымен «Тәуке хан мен бала Қазыбектің даналығы» тақырыбындағы шешендік өнерге байланысты  сахналық қойылым ерекше әсерлі болды. Мектептің өнерлі ұстаздары, отбасылық жұп Ерзада мен Жадыра «Көкпар» әнімен көрермен бойына  көкпардың байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын, өнері екенін жеткізе білді.

Қазақтың тағы бір құндылығының бірі-бата. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады.«Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Жақсы сөз – жан азығы», «Жақсы сөзге жан семіреді» – дейтін қазақ халқы әрбір орайы келген жағдайларда бір-біріне жақсы сөз арнап отырған. Мектептің жас қанат ұландары, 5-сынып оқушылары ортада бата түрлерін жатқа айтып, тәрбиенің отбасынан басталатынын жеткізе білді.

Сондай-ақ, семинар барысында«Мәңгілік ел» аудандық байқауының бас жүлде иегерлері «Жас таланттар» балалар хор ұжымы «ТОЛҒАУ» хорымен тамсандырса,    мектеп мақтанышы,  «Жас қанат» Республикалық балалар байқауының бас жүлде иегері, «Қазақстан дауысы» балалар телевизиялық байқауының финалисті және лауреаты Сүндетбек Азат келген қонақтардың жүрегіне«Атамекен» әнімен  рух беріп, патриоттық сезімдерін оята білді.

Ұлттық құндылықтарға негізделген қалалық семинар соңында мектеп басшысы Әсемгүл Слямбекқызы келген қонақтарға алғысын айтып, келе жатқан мерекемен  құттықтады. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау – аса маңызды мәселе екенін, жастардың ұлттық рухта тәрбиеленуі, ана тілімізді құрметтеуі, дәстүрлерімізді дәріптеуі – еліміздің болашағы үшін аса қажет екенін баса айтты. Семинарға келген қонақтар да жақсы лебізін білдіріп, семинардың өте жоғары деңгейде өткендігін айтты. Ұлттық құндылықтарға байланысты өткізілген әрбір іс-шараның жүректерінен ерекше орын алғандығымен,  керемет әсерімен   бөлісті. Сөз соңында семнардың  өз мақсатына жеткендігін айта отырып, мектеп басшысы мен мектеп ұжымына ерекше алғыс білдірді.

Ұлттық құндылықтар – халықтың рухани байлығы, оның өткенін, бүгінін және болашағын байланыстыратын алтын көпір. Оларды сақтау – ұлт болашағын нығайту деген сөз. Әрбір адам өз халқының мәдениетін, тілін, дәстүрін құрметтеп, оны әлемге танытуға атсалысуы керек.

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы
№198 мектеп — гимназия директордың
оқу — тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Искакова Жадыра Аймуханбетқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.