Мамыткеримова Эльмира Тынышбековна
Жамбыл облысы Меркі ауданы
Тұрар Рысқұлов атындағы №20 ЖОББМ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
педагог – зерттеуші
Алып Тарғытайдың көкжалы
Белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Аймақтық менеджмент академиясының Павлодар профессоры, Тараз инновациялық – гуманитарлық университетінің профессоры, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы – журналист Меңдібай Әбілұлының «Сұр жебе»деп аталатын роман – эпопеясының бірінші кітабы «Айбалта»деп аталады. Романда сақ дәуірінің тарихи тұлғалары Алып Тарғытай, Алып Ер Тұңға, Зарина патшайым, Тұмар патшайым, Алып Ішбақай т.с.с бейнелері сомдалып, сақ – массагеттердің сыртқы жауларға қарсы күресі сипатталады және халық ішінен шыққан абыз Күлік, Құлан жырау, т.б. кейіпкерлер арқылы көне дәуірлердің болмысын оқырманға қызықты оқиғалар арқылы жеткізеді. Жазушы Меңдібай Әбілұлының «Айбалта» романында Алып Тарғытайдың қаһармандық істері мен балалық шағын суреттейтін оқиғалар қамтылады. Романда сақтардың салт – дәстүрлері, аласапыран кезеңдердегі тұрмыс – тіршілігі, сақ алыптарының туған жерді қорғау жолындағы күресі баяндалады. Бірінші бөліміндегі Алып Тарғытайдың көкжалы әңгімесіне тоқтала кетсем, көшпелілердің патшасы болған Тарғытайдың қалың жұртты шығыстан батысқа бастап барған және кемерліктердің де қыр қауымы, скифтердің қандас ағайыны екенін ескерсек, онда бұл бабамыз олардан кейін, Қара теңізді жайлаған деседі. Бала Тарғытайдың санасында «Соғыс даласында ажалдан қашқан сарбаз ажал құшады» деген нөкербасының сөзін іштей қайталай беруі,ерттеулі тұрған атқа жүгіріп мініп, қолына семсерін ұстап, мені соғысқа жіберіңдер деуінің өзі де еліне адалдығын, жері мен елін жаудан қорғайтын нағыз батыр, қолбасшы екенін осыдан аңғаруға болады. «Сұр жебе» роман-эпопеясының бірінші кітабы. «Айбалта» романы, бұл кітапта тарихи тұлғалардың балалық, жастық шақтары баяндалып, соғыстан көз ашпаған сақ халқының ел басқыншыларына қарсы күрестегі жанқиярлық ерлік істерінен сыр шертеді. Романды оқып шыққан оқырмандар темір дәуірі мен қола дәуірінде өмір сүрген сақтардың мәдениетімен және ауыз әдебиетімен танысады.Көне дәуірден бері Еділ мен Жайық, Дон өзендерінің бойын мекендеген түркі тайпаларының тарихы тереңде еді. Тарғытай патшаның анасы Айбыстан өте ақылды, болашақты дәл болжай алатын қасиеті бар, ұшқыр ойлы, сөзге шешен жан болған дейді көне аңыздың бірі. Сақ тайпаларын біріктіру жолында қиын кедергілерге тап болғанда Тарғытай анасы Айбыстанмен ақылдасады екен. Тарғытай патшаның Липоқсай, Арпақсай және Қолақсай атты үш баласы сақ елін бір тудың астына жинап, сыртқы жауларға қарсы шайқасты,өздерінің тәуелсіздігін қорғап қалды. Кенже ұлы Қолақсай әкесінің тағына отырып, сақ еліне патша болды. Олар елдің бірлігін сақтады, сыртқы жаулар баса көктеп кіруге тартынды, жауларға қатыгез болды, адалдықты ту етіп көтерді.Көрші мемлекеттер ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем сақ еліне таң қалды. (М. Әбілұлы, «Айбалта» роман, Тараз, «Формат-Принт» баспасы, 2023-жыл, 6- 7 бет). Б.з.д. VII-IV ғасырларда Қара теңіздің солтүстігі мен Арал теңізінің жағасы, Оксус пен Яксарттың яғни Әмудария мен Сырдарияның арасында, Жетісу мен Іле аңғарында, Алтай жерін, Каспийден Тянь – Шань тауларына дейінгі ұлан –ғайыр жерді мекендеген сақтар әр түрлі тайпаларға бөлініп өмір сүріп жатты. Ежелден келе жатқан ата-баба салттары мен дәстүрлері елім деп, жерім деп жүрген сақтарды ат үстінде тербетті, ал олардың адамзат алдындағы өздеріне сай, адалдық жолындағы іс – әрекеттерін тарих өз қойнына жасырды.Адамзатқа адалдықтың дәнін егетін сақтардың таңғажайып салт – дәстүрлері ұлан – ғайыр далада өскелең ұрпақтарды жауына қатал, досына адал, туып – өскен жеріне шексіз сүйіспеншілік, халқына ыстық ықылас сезімдерімен тәрбиеледі. Ежелгі сақтардың грек, рим, парсыларға ерекше көрінетіні — олар тек сыртқы жаулармен шайқасып ғана қойған жоқ, мал шаруашылығымен айналысып, егін екті, жер қойнауындағы тастарды балқытып металл өңдеу әдісін меңгерді, алтын мен күміс, мыс, қола өңдеді, тұрмысқа қажетті құрал – саймандар, қару – жарақтар жасады. Сақтардың тұрмыс – тіршілігі мансилер мен хантыларды, парсыларды қызықтырды. Савромат тайпалары да сақтармен қарым – қатынас жасады. Әр түрлі тайпаларға бөлінген сақтар ел басына күн туған алмағайып заманда біріге қалып, сыртқы жауларға тойтарыс беріп отырды. Массагеттер, аргиппейлер мен аримаспылар тағы басқа тайпалары бірімен бірі тонның ішкі бауындай араласа жүріп, өздерінің кең – байтақ жерін сыртқы жаулардан қорғай білді, халқын әр түрлі зұлматтардан сақтап қалған және олар қол өнерімен айналысып,темір балқытты, зергерлік бұйымдар жасады. Біздің жыл санауымыздың 1500 жыл бұрын өмір сүрген сақтардың патшасы Тарғытай өз халқына адал қызмет еткен, сабырлығымен де, өжеттігімен де,даналығымен де Батыс һәм Шығыс елдеріне танымал тарихи тұлға бола білді деп көрсетілген. Романда сақ-қассақтардың сәуегейі, жауырыншы, Күлік қария туралы халқына нұсқа болған жауырыншы, абыз Күлік қария Тарғытай патша мен кемерліктердің патшасына қарап: Кемерліктер бізбен туысқан халық, бөлінгенді қашан қоясыңдар?! Бөлінгендер жауына жем болады,жауына жем болған халықтың ақылы кем болады. Ақылы кем халықтың өрісі тар болады, алды жар,арты ор болады. Алды жар, арты ор болған халық түптің түбінде қор болады,қор болған соң баратын жері көр болады деп қадап айтты. Роман ежелгі сақтар туралы, ел билеген патшалар, алыптар мен қағандар туралы аңыз әңгімелермен, ертегілермен, өлең-жырлармен молынан қамтылған. Мұның өзі оқырмандардың ежелгі сақтардың тұрмыс-тіршілігін, олардың салт-дәстүрлері мен туған жерді сырт ел басқыншыларынан қорғаудағы ерлік істері мен қаһармандығын танып, білуіне мүмкіндік береді. М. Әбілұлы «Айбалта» романында Алып Тарғытай туралы аңыз әңгімелер жаза отырып, Алып Тарғытайдың балалық шағы туралы алғаш жазылған шығарманың жазылуы да қазақ көркем прозасындағы айтарлықтай құбылыс болғаны анық. Осы орайда тарихи тұлғаның балалық шағы туралы жазылған әдеби шығарманың балалар әдебиетінен орын алатыны анық. Романның әр бөлімінде тарих атасы Геродоттың, сақ дәуірінде өмір сүрген қассақ философы Анарыс Қоңырұлының, ежелгі грек тарихшыларының сақтар туралы деректері, қазақ ғалымдарыТ. Жұртбайдың, Ж. Дәдебаевтың сөздері оқырмандарды терең ойларға жетелейді.
Қорыта айтқанда: М. Әбілұлы роман жазуда үлкен маңдай термен келгені де рас. Оның қаламынан ежелгі дәуірлерде өмір сүрген, атап айтар болсақ сақ дәуірінде өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы «Тарғытай патша «, «Тұмар патшайым «Алып Мөде туралы «, «Алып Ер Тұңға » атты қиссалар жазып, әдебиетімізге жаңа серпін әкелді. Мұның өзін қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған жақсы жаңалық, құбылыс деп айтуға болады. Бала Тарғытай туралы оқиғалар балаларды осы кітапқа қызықтыра түсетіні рас. Ал бала Тарғытайдың тарихи тұлға екенін ескерсек, бұл шығарманың әдебиетіміздегі салмағы бар тың туынды деп бағалаған жөн.