Жасөспірімдер арасындағы тұңғыш алтын
Жуырда Алматы қаласында №63 мектептің 10 сынып оқушысы Ганвон қаласында (Оңтүстік Корея) өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Илья Мизерныхты күтіп алу рәсімі өтті.
Он алты жасар спортшының талабы таудай. Бұл жеңіс күллі Қазақстан үшін тарихи жеңістердің бірі және бірегейі. Илья Мизерных шаңғымен секіруден жекелей жарыста алтын алған ел тарихындағы тұңғыш чемпион.
Илья мектеп қабырғасында өте сыпайы, еңбекке жақын, кез-келген спорт түрін меңгеріп кететін бесаспап оқушы. Бұл жайлы Ильяның мұғәлімдері жарыса айтып, мақтануға тұрарлық қабілеттерімен бөлісті. Ильяны №63 мектеп ұжымы таңсәріден күтіп алу рәсімін ұйымдастырып, қошеметтерін білдірді. Мектеп басшысы Гүлнар Орашевна жас чемпионға сәттілік тілеп, ақжарма лебіздерін білдірді.
-Маған аталмыш спорт түрі бала кезден ұнайды. Шаңғымен секіру спорттың ең әдемі түрінің бірі. Бұл менің ғана жеңісім емес, бұл барлық команданың жеңісі. Мен әлі күнге дейін сене алар емеспін. Бала күнімде чемпион боламын деп жиі айтатынмын, міне сол арманыма да жеттім. Көптеген жарыстарды жеңген сәттерім болды. Бірақ Олимпиада ойындарының жеңімпазы атану ең үлкен арманым — деп ағынан жарылды.
Болашақта Ильяны көптеген жарыстар күтіп тұр. Ол үшін жас спортшы дайындығын еселеп, табандылығын арттыра түсу керек. Осы жеңістен кейін ол үшін мотивация бұдан да үлкен додалар. Илияға күллі Қазақ елі жанкүйер болып, елдің, жердің үмітін ақтау маңызды.
Айта кетейік ел қоржынына түскен қысқы олимпиада ойындарының тұңғыш алтынның иегері Илья Мизерныхты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі жекелей құттықтап, жас чемпионға сәттілік тіледі.
«Білім айнасы»
Алматы қаласы
Дулатбек Нұрланұлы