Ел болашағы, ұлт қауіпсіздігі хақында ой өрбіткенде халық санының өсуі, демографиялық саясатымыз ойға оралатыны анық. Ұлттың иммунитеті – демографиясының өсіміне тікелей тәуелді. Саны өскен жұрттың сапасы да артадыДемография – ұлт тағдыры. Ал қазақ халқы үшін демография мәселесі ерекше орында, оған түрлі тарихи кезеңдердегі қиындықтар, ұлттық салт-дәстүр, рухани-мәдени құндылықтар сан ғасырлар бойы ықпал етіп отырған.
Жаугершілікті көп көріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», ашаршылық, тәркілеу, репрессия, Ұлы Отан соғысы сияқты толып жатқан тарихи кезеңдердің нәубеттерін бастан өткізген қазақ халқы үшін отбасын құру мен ұрпақ жалғастырудың мәні аса зор. Соңғы жүргізілген халық санағына сүйенсек те, бұл демографиялық қажеттілік әлі күнге дейін өзекті болып отырғанын байқаймыз. Бүгінгі әлемде Қазақстан жер көлемі бойынша 9-орын алса, халық саны жағынан 62 орында. Жері – кең, халқы – аз. Ал бұл түптің түбінде ұлт қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретінін ұғынған абзал. Сонымен қатар, қазіргі тұрғыдан қарасақ, мәселе қазір елдегі қазақтың саны мен пайызында. Көп халық — үлкен мемлекет. Көп халық — қуатты экономика. Жер кең, байлық мол болғасын, көз алартушы, көз сүзуші көршілер де көп болады. Халық аз болса, дала мен қала, өндіріс пен оны игеру ісі ешқашан бос жатпайды, оның орнын бәрібір келімсектер, шетелден келген жұмысшылар, күнелтіс іздеген басқа ұлттар толтырады. Көп халық керек, соның іщінде көп қазақ керек. Ал қазақтың пайызы атрқан сайын Қазақстанның мемлекеттілігі де нығая берері сөзсіз. Қазақтардың саны артқан сайын Қазақстандағы басқа ұлттарға да өте тиімді болатыны айтпаса да белгілі. Қазақтар өзіндегі көптеген аз ұлттарды да Отандасы ретінде және мемлекеттің Ата заңы бойынша қорғауға және қолдауға, дамытуға шамасы жетері сөзсіз.
Қорытындылай келсем, демографиялық өсім мықты болса, көк төлқұжаттың да әлемнің қай жеріне барсаң да салмағы артатын болады…
«Ақмола облысы білім басқармасының
Шортанды ауданы бойынша білім бөлімі
Мықтыкөл ауылының негізгі орта мектебі»КММ
Орындаған:тарих пәнінің мұғалімі
Шайзанхан Омирбек