Home » Балабақша » «Асыл бөбектегі» ардақты жандар…  

«Асыл бөбектегі» ардақты жандар…  

«Мейірімді болса жүрек, орындалар тілек» жыл санап қуаныштары артып, жетістіктері еселеніп келе жатқан қайырымды істің жанашырларымен тағы бір мәрте жүздестік.
Нұр-Сұлтан қаласындағы мектепке дейінгі білім ошақтары бір  төбе болса №64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасының орны бір бөлек.
Мұндағы тағдырдың қатал сынағын қайыспай көтере білген қайсар жүректі балғындардың көзінен өмірге деген  құштарлықты, риясыз махаббатты байқау қиын емес.  Әр сәттің қадірін білетін, кішкентай ғана жетістіктен толағай табыстарға жетіп жүрген жылы ұядағы тәрбиешілердің күлімдеген жүздері жаныңды жылуға бөлейді.
Қызғаныш, бәсеке, басқаның алдына түсіп сөйлеу, дауыс көтеру, артық қимыл да байқалмайтын бұл ортадағы тіршілік те тым басқа. Жоспар бойынша жасалатын әр іске жан-дүниесімен дайындалып, алдындағы өзіне зәру, көмекке мұқтаж бүлдіршінге қалай көмектессем деген мейірімді көздер, еркелете сөйлеген жылы сөздер, құлап қалмаса екен деп  алаңдап-елеңдей қараған көзқарастардың өзі қандай тамаша…
Рақымшылықпен, аяушылықтан ажырап бара жатқан, бір-біріне қарауға уақыт таппайтын зымыраған заманда асыл арманға қол созған кішкентай қолдардан ұстап сүйеніш болған, пәк жүректердің сеніміне бөленіп, ұрпағының қиналған жүзін көрген жүздеген ата-анаға қолдаушы болып келе жатқан Мукашева Жанар Изтолеуовна басқаратын ұжымға жиі барып тұрудың өзі жаныңа рухани азық алып, бойыңа қанағатпен шабыт сыйлайтынын айта кеткім келеді…
17 қаңтар күні ешбір шарадан қалыс қалмайтын білім ордасында жылдағы дәстүр бойынша «Адамгершілік –патриоттық тәрбие» кластері аясындағы «Инклюзивті тәжірибе инновациялық педагогикалық іс-әрекет ретінде» тақырыбында қалалық практикалық семинар өтті.
Нұр-Сұлтан қаласы «Инклюзивтік бағыт» кластері бойынша балабақшалар өз жұмыстарын көрсеткен басқосуда бүгінгі күні жетіспейтін мамандық иелерінің бірі логопед-мұғалімдер жиналды.
Алғашқы сөз қалалық білім басқарамасының мектепке дейінгі бөлімнің басшысы Разбекова Ләззат Мұратовнаға берілді. Білім беруді жаңғырту орталығынан мамандар қатысып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жанашыры Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жұмабекова Фатима Ниязбекқызының сараптама жасауы семинардың ауқымын кеңейте түсті.
Кластер жетекшісі №70 «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі Жәудір Бақтиярқызы, №77 «Қошақан», №76 «Әдемі», №67 «Шұғыла» №25 «Таңшолпан» балабақшаларының меңгерушілері Назгүл Гадылхановна, Марал Кулькеновна, Фарида Аманкелдиновна, Раушан Галиевналар қатысты. «Инклюзивтік бағыт» және «Адамгершілік –патриоттық тәрбие кластерінің қалалық әдістемелік бірлестік жетекшісі Ткачук Татьяна Владимировна, «Астана дарыны» орталығының әдіскері, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Құнанбаева Майра Нәмгенқызының семинарға келген педагогтардың қарым-қатынастарды дұрыс орнатуы үшін жасаған тренингі шындығында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу болды.
Семинарды аталмыш балабақшаның «Инклюзивті бағыт» кластері бойынша коррекциялық жұмыс аясында жасалған іс-шараларды таныстырумен әдіскер Сейіткерім Бибігүл Ерланқызы бастады.
Кәсіби қарым-қатынас жасау үшін педагогтардың педагогикалық шеберлігін дамыту, толыққанды көрсету, жағдай жасау мен тәжірибе алмасуды мақсат еткен шеберлік сағаттарын көрсетті.
Логопед – мұғалім Амангелді Қарлығаш Бағдатқызы «Интеллект карта ерекше білім беруді қажет ететін балалардың байланыс тілінің даму құралы ретінде» тақырыбында тәрбиеші Жылқыбаева Қырмызы Аскербековна, «Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың Монтессори технологиясымен математикалық қабілетін дамыту» жұмысында  «Сегена» тақтасы арқылы баланың математикалық қабілетін арттырып, есеп шығаруға деген ынтасын арттыруға болатынын көрсетті.
«Тірек –қимыл аппараты бұзылған және БЦП бар балалармен танымдық іс-әрекетін қалыптастыруды» дефектолог- мұғалім Кокаева Индира Абзабековна, «БЦП бар балалардың ойын әрекетінің ерекшеліктері. Ұлттық ойындар» жайлы Қордабай Әсем Мұхтарқызы көрсетті. Ұлттық ойындарымызды топта ұйымдастыру — қимыл қозғалысы қиын балғындардың да ойнауы үшін тамаша ойластырылған ойын түрі.
«Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен мультимедиялық студиямен жұмыс жасау технологиясы» жайында Андросенко Людмила Александровна мультстудия арқылы балаларды ертегі айтуға, ертегіні ойынан  құрастыруға үйрету, дұрыс сөйлеуге, ойын жеткізе білуге жетелейтін тұстарын ашып көрсетті.
Семинардың нағыз тәжірибе алмасу ортасына айналғанына дәлел қатысушылардың семинарды тек көру үшін ғана келмей өз балабақшаларындағы жұмыс жасау тәсілдерін көпшілікпен бөлісу болды.  №23 балабақшаның базасындағы зағип балаларға арналған топтағы жұмыстармен «Көзі көрмейтін және нашар көретін балалармен жұмыс жасаудағы инновациялық технологиялар» тақырыбын алған Харчевникова Наталья Юрьевна бөлісті.Оған әріптестері оң бағасын берді.
№22 балабақшаның коррекциялық тобының тәрбиешісі Алтынбекова Алия Мажитовна «Лепбук жалпы тілі дамымаған МДБ тілін дамыту құралы ретінде» мектепке дейінгі балалардың танымдық –зерттеу белсенділігін дамыту түрінің инновациялық формасы, балалардың ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамуына жақсы әсер тигізетінін толық жеткізіп берді.
№25 «Таңшолпан» балабақшасынан келген логопед мұғалім Чемакина Аксана Генадиевна «Инклюзивті оқыту топтарындағы балаларға логопедиялық көмек» жайында ой бөлісті.
Балабақша әдіскері Қожабергенова Кульпан Батыргалиевна мен Бибігүл Ерланқызының практикалық бөлімінде Майра Нәмгенқызымен бірге шам шырақты ұстаған барлық қатысушылар өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Басқосудың негізгі мақсаты көмекке мұқтаж балғындарға жан-жақты көмек көрсету жолдарын ортаға салып ,өзара тәжірибе алмасу болса ол мақсат толығымен орындалды.
Материалдық базасы толықтай жабдықталған, өз ісіне толық жауапкершілікпен қарай білетін мамандарды жұмылдыра білген Жанар Изтолеуовнаның осындай тақырыпта семинар өткізуге толыққанды дайын екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Тәжірибелі мамандардан құралған ортада алған тақырыптардың да толық ашылғанын Фатима Ниязбекқызыда өз сөзінде тиек етті. Бұл күнгі кездесу мүмкіндігі шектеулі балаларымызды қоғам өміріне белсенді, өз бетінше өмір сүре алатындай сенімге ие етіп, тәрбиелеу жолында еңбек етіп келе жатқан кең жүректі асыл жандардың басқосуы болды. Оған дәлел әр күні жеңіске толы музыка жетекшісі Ауезханова Асем Мананқызының талантты шәкірттері жуықта ғана республикалық «Тәуелсіз елдің ұланы» өнер байқауында бас жүлдені иеленгені. Ал біз сол жүлдегерлердің «Жаса Қазақстан» әнімен шабыттанып, шаттанып қайттық. Қуаныштың бірі бұл күні өз жұмыстарын көрсеткен педагогтар Білім беруді жаңғырту орталығының сертификаттарымен марапатталды.
Жасай беріңіздер! Ел алдындағы абыройға толы адал еңбектеріңіз үшін таққан кеуделеріңіздегі «алғыс» медалі жарқырай берсін!

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.