Home » Ашық сабақтар » 25 жыл әскеріме бұл күнде! (тәрбие сағаты)

25 жыл әскеріме бұл күнде! (тәрбие сағаты)

Хочиева Назира Қауланқызы

Павлодар облысы, Шарбақты ауданы,

Абай Құнанбаев атындағы ЖОМ

бастауыш сынып мұғалімі

Көңілімізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесі де келіп жетті.

Павлодар обылысы, Шарбақты ауданы, Абай Құнанбаев атындағы мектебінің 3-сыныптарында Отан қорғаушылар күніне орай «25 жыл әскеріме бұл күнде» атты тәрбие сағаты өтті.

Тәрбие сағатының мақсаты – келешек жас ұрпақты патриоттыққа, Отанды қорғауға, ержүректілікке тәрбиелеу болды. Сынып жетекшілері Хочиева Нәзира Қауланқызы мен Исмаилова Жазира Абдулхамитқызы осы шараға бірнеше күн бұрын дайындалды. Оқушыларға патриоттық мағынадағы өлеңдер жаттатып, осы кешке №2033 әскери бөлімінің капитаны Жұмадилова Арайлым Бәделханқызы шақырылды. Кеш Назира Қауланқызының осы ширек ғасыр болған атаулы мерекенің тарихына шолу жасауынан бастады.

25 жыл әскеріме бұл күнде.

Нар жігіттей буындары қатайған.

Әскерің бар! Қайран халқым түңілме.

Талай елде абыройы аталған.  

Осынау айтулы мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, абзал азаматтарымызға деген ыстық сезім,алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар өмірдің мәні, көңілдің жыры, әр отбасының алтын қазығы.

7 мамыр  Отан қорғаушылар күні! Бүгін еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып құрылғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Аталған жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады. 25 жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығаюда. Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғас тапқан күні. Дәстүр бойынша, Отан қорғаушылар күнінде Қазақстан Республикасының Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) Н.Ә. Назарбаев кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды. Мереке күні құттықтау рәсімдері өткізіледі. Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Бүгінгі мерекемізге арнайы шақырылған қонағымыз бар. Ол 2033 әскери шекара бөлімінің қызметкері капитан Жұмадилова Арайлым Бәделханқызы. Біздің сыныптың оқушысы Ержан Әділеттің анасы. Шекара шебінің барлық қиындығын қайыспай көтеріп келе жатқан осы бір нәзік жанды азаматшамызды ортаға шақырайық.

Қош келдіңіз, Арайлым. Өзіңізге қояр бірнеше сұрақтарымыз бар. Соның бірі: Ер адамның қолынан келе бермейтін осындай жауапты қызметке қалай келдіңіз?

-Мен осы қиын да жауапты мамандықты бала кезден армандаған болатынмын. Бірақ қыз бала болғандықтан ол арман күйінде қалатын шығар деп ойлаған болатынмын. Өзім СҚО, Уәлихан ауданы, Простор ауылында 1981 жылы дүниеге келдім. Мектепті 1998 жылы аяқтап, Көкшетау қаласының Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің шет тілдері факультетіне түстім де, ағылшын-неміс тілі пәндерінің мұғалімі мамандығын алдым. 2003 жылы Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК шекара қызметі институтына түсіп, бір жылдық курсты аяқтап, алғашқы әскери шен – лейтенант атағын алып шықтым. Содан бері осы әскери салада үздіксіз қызмет атқарудамын.

— Рахмет. Қазір капитан шенінде екендігіңізді жұлдызыңыздан танып тұрмын. Әскери қызметте болу үшін ең бірінші адамның бойында қандай қасиет болу керек?

— Әрине, ол – отансүйгіштік, табандылық, шыдамдылық, қайсарлық. Мектепті жақсы бітірген әр оқушы осындай Отан қорғау деген жауапты мамандықты таңдай алады.

Қазір Арайлым Бәделханқызы үш бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Екі ұлы Мерхат пен Әділет Абай Құнанбаев атындағы мектептің үздік оқушылары. Отан қорғау ісіне қосқан үлесі үшін 3-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медальдерімен, Жоғары Басшылық атынан алған мақтау қағаз және бірнеше алғыс хаттармен марапатталған.

Кеш өте қызықты өтті. Арайлым өз сөзінде Отан әскери қызметшілердің жағдайларын үнемі ойлайтынын айтты. Тіпті жұмысқа кетерде оларды тәуліктік құрғақ тамақпен қамтамасыз ететіндігіне тоқталып, балаларға сол әскери «Әскери галета» дәмінен ауыз тигізді. Өз тарапынан оқушылар «Алға, қазақ жігіттері!» әнін орындап берді. Ал Назира Қауланқызы Арайлымға арнап мынандай өлең шумақтарын сыйға тартты.

Арайлымға

Сүйкімді қыз Арайлым,

Таңдана саған қараймын.

Шекарашы боп жүрсің,

Батырға сені балаймын.

Айдай сұлу Арайлым,

Арманы болған талайдың.

Арқаладың ауыр жүк,

Ер жігіт деп санаймын.

Абыройлы қызметің

Елдің шетін күзету.

Нәзік жанды болсаң да,

Жүрегіңді мұз ету.

Жемісті болсын жұмысың,

Алға өрлесін әр ісің.

Аман болсын отбасың!

Тіл көзден сені сақтасын.

Балалар мерекеге орай капитан апайларына гүл шоғын сыйға тартты. Тәрбие сағаты балаларға жақсы әсер қалдырды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.