Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымында өзіндік дара сүрлеу салған сыншы, көрнекті қаламгер, кәсіби сынның ауыр жүгін арқалап, ондаған жылдар бойына жемісті еңбек еткен туған топырағымыздың төл перзенті — З.Серікқалиұлы туралы бүгінгі күні ерекшелеп айтсақ жарасады. Өйткені, Құрманғазы топырағынан түлеп ұшқан тума талант, әдебиет пен сынның биік белесіндегі дарын З.Серікқалиұлының туғанына 2018 жылдың 10 ақпанында 80 жыл толғалы отыр.
Ешкімді қайталамайтын өзіндік стилімен, жазу мәнерімен танымал сыншының әдебиет сүйетін жас ұрпаққа ұсынған сын жинақтары аз емес. Жарық көрген негізгі ғылыми-зерттеу кітаптарында негізінен қазақ әдебиеті, көркем өнері, мәдениеті, мәселелері ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері талданады. «Ойлар, толғаныстар» (1967), «Жылдар сазы» (1971), «Ақыл таразысы» (1976), «Ақжол» (1990), «Дүнетану даналығы» (1994), «Тағдыр және біз» (1996), «Сын кітабы» (1997), бір томдық таңдамалы, «Алтын жамбы» (2001). Артына баға жетпес мол мұра қалдырған жерлесіміздің есімі өткен 2016 жылдың 7 қарашасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №01-03-218422 қаулысымен бұрынғы «Ганюшкин мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесіне беріліп, «Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі болып қайта аталған болатын. Мектеп-интернатының алпыс жылдық тарихы бар қара шаңырақ. Кезінде Үкімет қаулысына сай шалғай ауылдық жердегі малшы балаларының білім алып тәрбиеленуі үшін ауданда алғашқы мектеп-интернаты болды. Бүгінде шалғай елді мекен балалары мен даму мүмкіндігі шектеулі балалар білім алуда. Мектеп-интернат ұжымы «Оқу үрдісінде инновациалық тәсілдерді ықпалдастыру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттыру» түйінді мәселесімен жұмыстанып келеді. Мектебімізде 189 оқушы тәрбиеленуде, оның 41 арнаулы сыныпта, 9 оқушы-қамқорлықтағы балалар. Білім мен тәрбиенің қос қанаты-мұғалімдер мен тәрбиешілерден жоғары санаттағылар саны– 8, бірінші санаттағылар – 22, 7 мұғалім деңгейлік курстан, 12 мұғалім жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өтіп отыр. 2016-2017 оқу жылындағы аудандық ғылыми жобалар байқауында физика пәнінен А.Жәнібекова «Алғыс хатпен» марапатталса, тарих пәнінен А.Қалиеваның З.Серікқалиұлының шығармашылығына арнаған «Сарабдал сынның сардары» тақырыбындағы жұмысы 3 орын иемденді. Аудандық пәндік олимпиададан жүлделі орын алып жүрген оқушылар – Г.Сырымғазиева, Т.Жасұланова, Е.Абдуллаев, А.Жәнібекова, Р. Маратов, А.Гинаятов, Р.Мекеш, Э.Ермекқалиев, Т.Бақтығұлова, Ә.Әбілхат мақтаныштары. Мектеп жетістігі мұғалім тәрбиешілердің әдістемелік жұмыстарға қатысымен көрінетінін ескерсек, ұстаздарымыз аудандық қана емес, облыстық, республикалық дәрежедегі межеден көрініп келеді. Атап айтқанда, аудандық шаралардан Б.Габдуллаев, Б.Имангазиева, Б.Қайырғалиев, З.Хайруллина, А.Хамитова, Р.Шарафиденов жүлдемен оралса, облыстық, республикалық байқауларда Т.Бахтыгереева «Іскер ұстаз» номинациасын, Г.Дюсенгалиева, П.Жәрдемова, Ф.Хасанова, Ә.Шияпова, Ж.Бакауова, Г.Сариева, Г.Абсатырова, Ж.Сагадаева, Ү.Жүніс, Р.Салауатова, Т.Сапуов жүлдегер атанса, Н.Ахметованың оқушысы көркемсөз оқудан А.Қалиева биік межеден көрінді. Мектебіміздің 9-сынып оқушысы, көркемсөз оқу шебері, оқу үздігі Е.Әділханов Б.Қабдолованың жетекшілігімен Алматы қаласында өткен «Ән салсаң, Әсеттей сал әуелетіп» байқауынан Бас жүлде иеленді. Мектебімізде З.Серікқалиұлының 80 жылдық мерейтойына орай жасақталған іс-шаралар жоспарлы ұйымдастырылуда. Әр сыныпта өткізілген жоспарлы өнеге сабақтары мен насихат жұмыстарынан басталған мерейтойлық шара мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары арасында «Уақыт елегінен сұрыпталып өткен сыншы Зейнолла Серікқалиұлы еңбектері» тақырыбында дөңгелек үстелмен жалғасты. Шараны өткізген мектеп кітапханасының меңгерушісі А.Кереева пән мұғалімдерінің ашық пікіралысу ортасын құра отырып, оқушыларға сыншының мұраларын кеңінен насихаттай алды. Мектепте мұражай жасақталуда. Сонымен бірге, аудандық «Нұр Отан» партиясының демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі оқушылардың арасында сайыс, ұжым арасында қаламгердің туған-туысқандарымен кездесу кеші ұйымдастырмалықшы. Аудандық спорт және туризм бөлімінің ұйымдастырумен волейболдан мұғалімдер арасында турнир, дойбыдан оқушылар арасында жарыс өткізу жоспарланған. Сол сияқты ауданда мұғалімдер арасында ғылыми-пракитикалық конференция, оқушылардың шығармашылық байқауы, қаламгер шығармашылығына арналған эссе байқауы сыншының әдеби сын мен әдебиет турлы терең туындыларын насихаттаудың басты құралы болмақ.
Сын-әдебиеттің ой-санасы. Сұңғыла сыншы, хас суреткер, қадірлі ұстаз, Халықаралық «Алаш», Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығың лауреаты, жазушылар және журналистер Одақтарының мүшесі, филология ғылымдарың кандидаты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Мемлекетік сыйлықтар жөніндегі комиссия мұшесі З.Серікқалиұлы туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Сыншының қаламынан туған талай көркем әдебиет туындыларын зерделеген сыни кітаптарын туған жер төсіндегі түлектерге таныстырып, рухани бай мұраларын қайта жаңғырта отырып насихаттау мектеп ұжымының басты міндеті.
Тоты Мендыханқызы,
Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы,
Ганюшкин ауылы