Home » Мақалалар » География сабағында оқушылардың сыни ойлауын дамыту

География сабағында оқушылардың сыни ойлауын дамыту

Курбанбекова Молдир Ауелбековна
Алматы облысы, Қарасай ауданы
«Батан ауылының орта мектебі»КММ
География пәнінің мұғалімі

Өркениетті елдердің әлем қауымдастығына енуі, осыған сәйкес білім реформасының  жаңаруы оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын өзгертуді талап етеді. Себебі, жаһандық тенденциялардың жедел дамуы әсерінен білім саласында көптеген тәжірибелер пайда болды. Соның бірі Эканомакалық ынтымақтастық даму ұйымының (ЭЫДҰ) белгілеген 21 ғасырдағы бірнеше  дағдыларды айтуға болады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «…қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі – креативті, сыни ойлайтын дамыған жаңа тұрпатты адамды қалыптастыру» — делінген. Еліміздің жаңа тұрпатты тұлғасы бірнеше тіл меңгерген, сыни ойлау дағдысы қалыптасқан, жаңаша ойлайтын, зиялы азамат болуы қажет.

Сындарлы пікір мен шешім білімді дамытудың негізгі индикаторы бола алады. Әлем елдерінің бұл салаға үлкен қаржылық инвестиция салуы кездейсоқ емес. ЭЫДҰ-ның стастискалық көрсеткіштеріне назар аударатын болсақ, дамыған мемлекеттер білім саласына 90% инвестиция салады екен, соның нәтижесінде экономикалық өсімдерін дамытады. Бұл әлем елдеріне тән құбылыс болып табылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының (БҰҰДБ) жетекшісі Виктория Байгазинаның айтуынша, қазір білімді дамытуға бағытталған тұтас жоба жасалып жатыр.

Себебі, әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігін туындатып отыр. Жаңа реформалардың пайда болуы оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді жолдарын іздестіруді талап етеді.  Сондықтан да еліміздің әлем кеңістігіндегіндегі орны білімі арқылы өлшенбек. Қазір еліміздегі жаһандық білім беру үдерісі мақсатты, тәуелсіз, мобильді және сыни ойлайтын, шешім қабылдай алатын тұлғаны қалыптастыруда.

Авторлардың зерттеу жұмыстарына анализ жасайтын болсақ, креативтілік, сыни ойлау «шығармашылық», жаңа идеяларды ойлап табу, проблемаларды шешудің ерекше жолдарын ұсыну деген ұғымды білдіреді.

Сыни ойлау — ойлаудың ерекше бір формасы ретінде, фактілерді анализдеу арқылы тұжырым қалыптастыруды білдіреді. Бұл ұғым күрделі және әртүрлі анықтамаларға ие, фактілік дәлелдерді тексеруді қамтиды.

Мысалы, сыни ойлау, әртүрлі жағдайларда стандартты емес шешімдерді табу қажеттілігі, жаңа идеяларды ойлап табу және іске асыру мүмкіндігін білдіреді.

Ж.Құлекеевтің пікірінше, оқушыларды тәрбиелеу мәселесін алға шығарсақ, тек бір пәнмен шектелуге болмайды. Оқушыны табиғаттан не және қалай алу керектігін ғана емес, оған не беруіміз керек екенін де үйрету маңызды- деп санайды. Бұл оқушының сыни ойлауын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Табиғат пен қоғам, адам арасындағы қарым-қатынастар қайшылықсыз, әрдайым үйлесімді деп қарауға болмайды. Олардың арасында барған сайын ішкі қайшылықтар көбейіп отырады. Техникалық прогресс дамыған сайын табиғатқа деген адамның үстемділігі артуда, бұл табиғи апаттардың туындауына себеп болады.

Дүниежүзілік қауымдастықтың қазіргі кезеңдегі дамуында адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы экологиялық мәселелерді шешу жолын іздестіруді талап етеді. Адамзаттың жаҺандық дағдарысы жер шарының экологиялық үйлесімділігінің жеке бөліктері болып табылатын аймақтық деңгейдегі мәселелерден туып отыр.

Осы қажеттіліктерге байланысты, білім берудің жаңа парадигмалық жағдайында оқушылардың  сыни ойлауын қалыптастыру оны тиімді дамытуға деген сұраныс артуда. Сыни ойлау дағдысын қалыптастыру  мектеп пәндері негізінде жүзеге асады.

Мектептегі білім берудің заманауи жүйесі жаһандық және аймақтық проблемалар мен дағдарыстарды шешуге ықпал етуі керек. Мұнда әсіресе географиялық білімнің маңызы зор, ол өскелең ұрпақты білім мен білікпен қаруландырып, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға ықпал етеді.

География көпсалалы ғылым болғандықтан, ол бүкіл жаратылыстану пәндерімен мазмұндық және практикалық жағынан тікелей байланысты. Географиялық ойлау дағдысын жүзеге асыру арқылы қоршаған орта жайлы білімді қалыптастыруға болады.

«География» пәні физикалық, экономикалық, әлеуметтік, саяси география туралы білім мен түсініктер жүйесін меңгеруге ықпал етеді. «География» пәні оқушылардың табиғатта болып жатқан үдерістерге өз пікірін білдіре отырып, олардың себептерін анықтауына және болжам жасауына, сыни ойлауына мүмкіндік береді.

Оқушылар статистика, мәтіндер, графиктер және басқа материалдар сияқты әртүрлі географиялық ақпарат көздерімен жұмыс істейді. Олар осы дереккөздердің шынайылығын, сенімділігін, дәлдігін талдауға және бағалауға үйренеді. Оқушылар себеп-салдарлық байланыстарды танып білуді, әртүрлі факторларды салыстыруды және олардың географиялық құбылыстарға әсерін бағалауды үйренеді. Бұл оқушының география пәнінде сыни ойлауын дамытады.

Мысалы, «Америка Құрама Штатының экономикалық географиялық жағдайы және мемлекет тарихы» тақырыбында оқушылардың сыни ойлау дағдысын дамытуға болады. «Ой қозғау» стратегиясын қолдану арқылы Американың пайда болуы мен дамуына байланысты логикалық сұрақтар қоюға болады. 10-15 ғасырларды Америка жағалауына кімдер саяхат жасады? Осы ғасырда географияда қандай жаңалықтар болды? Еуропа саяхатшылары қандай жерлерді ашты? Не себептен,  Ұлы географиялық ашулар заманы- деп аталды? Осындай сұрақтар оқушылардың сыни ойлануына және электронды ресурсттар, деректер, фактілер, аргументтер табуына жол ашады. Оқушылардың көзқарастары, дәлелдері келтіріледі. Әртүрлі деректерді салыстыру арқылы ойларын шынайы мәліметтермен  дәлелдеуге тырысады.

География сабағында пәнаралық интеграциялық байланыс маңызды. Осы тақырыпты жалғастыру барысында «Ассоция» әдісін қолдануға болады. Оқушыларды төрт топқа бөліп, тақырыпшалар беріледі.

1-топ АҚШ-тың экономикасы

2-топ АҚШ-тың мемлекеттік құрылымы

3-топ АҚШ-тың демографиялық жағдайы

4-топ АҚШ-тың білімі

Осындай тапсырмалар арқылы оқушылар АҚШ мемлекетінің даму тенденциясын, демографиялық ахуалын, экономикалық инфроқұрылымын, білім индустриясын зерделейді, сыни пікірлер айтады, өз ойларына фактілер мен аргументтер келтіреді. Сонымен қатар статистикалық зерттеулерге мән береді.  Халықаралық денгейдегі құжаттарға талдау жасайды.

Келесі тапсырма әріптерді орналастыру арқылы АҚШ-тың штаттарын айқындау.  Оқушының қызығушылығы мен белсенділігі дамиды. Оқушы өзінің құндылықтарын, жеке қасиеттерін ашатын логикалық тапсырмаларды орындау арқылы танымдық мүмкіндіктері мен өзіне деген сенімін қалыптастырады.

 

 

Сонымен қатар география пәнінде экологиялық проблемаларды да зерттеуге болады. Бұл оқушылардың экологиялық санасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Адам әрекетінің табиғатқа әсері қандай? Адамның табиғатқа зиян келтіретін әрекеттері? Экологиялық проблеманың туындау себептері? Экологиялық сананы қалай қалыптастыруға болады?- деген сұрақтарды қою арқылы, оқушылардың креативті ойлау дағдысын, тез шешім қабылдау ептіліктерін және ойларын жеткізу қабілетін дамытуға болады. Экология тақырыбын терең зерттеуге болады. Әртүрлі белсенді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың ойлау, іздену, талдау, жаңа бағыттармен байланыстыру сияқты қабілеттерін дамытады.  Экология проблемасын зерттеу арқылы оқушы адамзатқа табиғаттың қаншалықты маңызды екенін түсінеді.

 

 

Сондықтан да оқушыларға география сабағында экологиялық проблемаларды талдау олардың шешім қабылдауына, сыни ойлау дағдысын дамытуына әсер етеді.

Пән мазмұнына байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Білім, ақпарат дайын күйінде берілмейді, оқушы үнемі ізденеді, сондықтан да  зерттеушілік жұмыс оның күнделікті іс-әрекетіне айналады. Зерттеушілікпен айналысқан оқушының бойында ғылыми ізденіс пайда болады. Эксперименттер жүргізу  практикалық және зертханалық сабақтар мектеп оқушыларының зерттеу дағдыларын қажет етеді, яғни бақылау, өлшеу, қорытынды жасау, салыстыру, ғылыми құбылыстар мен гипотезаларды эмпирикалық түрде бекіту және т.б. Бұл оқушылардың бойында географиялық білімді,  өмірлік тәжірибесіне қажетті ақпараттарды меңгеруге көмектеседі.

Оқушылар тақырыпты зерттеу үшін ресурстарды пайдаланып, өз қорытындысын тұжырымдайды. Бұл терең білім алуға және пәнді түсінуге қажетті жоғары деңгейлі дағдыларды шыңдауға көмектеседі. Зерттеу жұмысы жаңартылған білім мазмұнының негізгі нысаны болып табылады.

 География пәнінде оқушылардың сыни ойлауын дамыту барысында жоба әдісінің маңызы бар.

Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер  жүзеге асады.

  1. Оқушылардың танымдық дағдыларын дамыту;
  2. Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
  3. Өз бетінше жоспар құра білу;
  4. Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
  5. Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.

«Табиғат зоналары» тақырыбында оқушыларға жоба жаздыруға болады. Оқушылар табиғат зоналарын зерделеуде өзіне тән ерекшеліктерімен танысады. Әр табиғат зонасының климаты, өсімдіктері мен жануарлар дүниесінің даму мүмкіндерін зерделейді. Бұл оқушыларды логикалық ойлауға, ресурстармен жұмыс істеуге, анализ, синтез, салыстыру жасауға үйретеді. Олардың сыни ойлауын қалыптастырады. Әртүрлі деректерді талдай отырып, өзінің шешімін, көзқарасын, тұжырымын дәлелдейді.

Экология тақырыбын таңдау арқылы оқушылар жоба жазады. «Қазақстанда экология мәселелері, оларды шешу жолдары», «Экологиялық дағдарыс», «Арал теңізі, оның құрғау себептері», «Ауаның ластануы», «Адам экологиясы» тақырыптары әлем деңгейіндегі ресурстарға талдау жасауға, олардың тәжірибесін практикада қолдануға үйретеді.

Көшлелі өмір сүрген қазақ халқы табиғат мезгілдеріне байланысты өздерінің өмір сүру дағдыларын өзгертіп отырған. Табиғаттың тылсым дүниесіне сеніп, оның өзгерістерін болжап отырған. Табиғатқа қамқорлықпен қарап, денсаулыққа қажетті таза, табиғи өнімдермен қоректенген. Бұл адам экологиясының дала өркениетіндегі орнын көрсетеді.

Ата – бабаларымыз экологиялық тәрбиені ұлттық дәстүрде наным, сенім, ырымдар арқылы үздіксіз беріп отырған. Мысалы, «Көк шыбықты сындырма, көктей соласың», «Аққуды атпа, киесі ұрады».

Компьютердің мультимедиа бағдарламаларын пайдаланып, мыныдай жұмыстар жасауға болады: кесте, крассворд құру, ресми хат жазу, интернет желісі арқылы пікір алмасу, ментальды карта, интеллектуальды карта, ассоциациялық карта  т.б. Осындай технологияларды пайдалану оқушылардың шығармашылық, интеллектуалдық, сыни ойлау қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдысының қалыптасуына əкеледі.

Білім алушылар  World, Power Point, Excel, Актив студио т.б бағдарламалардың көмегімен жаңа тақырыптарды меңгереді және дыбыстық презентациялар жасайды.

«Инсерт», «Миға шабуыл», «Топтық пікірталас»,  «Блум сұрақтары», «Кластер», «Синквейн» белсенді әдістер мен инновациялық технологиялар пәнге деген қызығушылықты оятады.  Инсерт әдісі аналитикалық ойды дамытады, материалды толық меңгеруге мүмкіндік туғызады.  Оқылған мәліметті   түртіп  алу жүйесі бойынша   таным түсінігін  қалыптастырады. Жаңа материалмен таныса отырып, түртіп алу арқылы мәлімет жинайды, саралайды, бағалайды. Білім алушылардың логикалық, сыни ойлау дағдысы қалыптасады.

Блум таксономиясының негізін қалаушы Бенджамин Блум педагогикалық іс-әрекеттің бірегей алгоритм жүйесінің авторы ретінде белгілі (Unger, G.Harlow). Ол ұсынған теория білім беру мақсаттарын үш блокқа бөледі: «Мен білемін», «Мен жасаймын», «Мен жасай аламын». Яғни, оқушыға дайын білім емес, проблема ұсынылады. Оқушы өзінің тәжірибесі мен білімін қолдана отырып, бұл мәселені шешудің жолдарын табуы керек. «Блум кубигі» техникасы – сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясының бірі, Б.Блум таксономиясына негізделген сұрақтар жүйесі (R.J. Marzano). Бұл деңгейлердің әрқайсысы оқушыға белгілі бір мәселе туғызатын сұрақтардың жеке түріне сәйкес келеді.

Қорыта айтқанда, сыни ойлау бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде  оқушының танымдық іс-әрекетін, оның табиғи мүмкіндіктерін негізге алатын оқытудың жаңа моделі болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Богоявленская Д.Б. Пути к творчеству / Новое в жизни, науке, технике. Сер. Педагогика и психология. – М.: Знание, 1981. – 96 с.

2.Давыдов В.В., Маркова А.К. Развитие мышления в школьном возрасте // Кн. Принцип развития в психологии. – М.: Наука, 1978. – 365 с.

3.Нағымжанова Қ.М. Болашақ мамандардың педагогикалық кретивтілігін дамытудың негіздері.-Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2007.-223 с.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.