Алматы қаласы Медеу ауданы
№112 бөбекжай-балабақшасының
тәрбешісі Нұрмұхамет Гүлден
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?!Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.Шәкәрім атамыздың « Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады,олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл,таза жүрек.Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру — шынында да оның туған кезінен басталса керек.Ал адамның адам болып қалыптасуында ата-анамен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің де рөлі бар. Қарапайым мысалға жүгінсек,мектепке келген кезінде сондай сүйкімді, тілалғыш, жүрегі таза, сезімі пәк жас бүлдіршін орта немесе жоғары буынға келгенде неге өзгеріп сала береді? Сондықтан мына бала қандай еді,қалай өзгеріп кетті? Мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды? Неге озбырлық жасуға бейім болып алды ?-деген сияқты сауалдар алдыңнан кесе-көлденеңдейді. Әрине, оның себептерін жан-жақтан іздеуге болады. Ата-анасын жүрген ортасын қосқанда оның тәрбиесіне мұғалімнен басқа бірнеше адамның қатысы бар. Балаға жүрек жылуы қашан да қажет және ол ешқашан артық болмайды.Ата-анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің ата-анам да осындай болса,деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді. Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, айтқанын орындатады. Бала қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ ата-анасының уысынан шыққан соң өзін- өзі ұстай алмайтын жағдаға жетеді.Мұғалім оқушыға материалдық жағдай жасағанмен, оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиеттер: адамзаттық құндылықтармен, біліммен қамтамасыз етіп, қаруландырады. Алтын бесік — отбасы болса,алтын ұя — мектеп.Иә, олардың алтынға балануы неліктен? Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі.Өйткені, отбасы Адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақалы мен білімі адамзаттық құндылықтармен толысқан, жан-жақты жетілген,өз бетімен өмір сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын, толыққанды Адам етіп тәрбиелеп шығарады. Осы екі ортаның да мақсаты — ортақ, міндет — біреу. Демек , мұғалім мен тәрбиеші қаумының қиындықтарға
Отбасының бала тәрбиесіндегі ролі
— бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға қарағанда ең басым болып келуі;
— өркениетті, зайырлы, құқықты қоғамның азаматын тәрбиелеуде отбасы мемлекеттің негізгі буыны;
— отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырмайтын басты тірек – арқауы;
— отбасы – жеке тұлғаны әлеуметтендіру міндетін жүзеге асырушы. Ол болашақ жас азаматтың дене жетілеуіне, шынығуына, рухани және адами дамуына, ең құнды жалпы адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға, еңбек ету дағдысын тәрбиелеуге ықпал жасаушы;
— отбасы бала тәрбиесінде адамзат қоғамның тарихындағы ғасырлар сынынан мүдірмей өткен ұлттық дәстүрлі жалғастырушы;
— отбасының әлеуметтік міндеттерінің өзегі тәуелсіздікке ие болған Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңдарын құрметтеуші, елжанды азамат тәрбиелеу;
— отбасы баланың мамандықты еркін және саналы таңдауына ықпал жасаушы;
— отбасы өзінің ұрпағын болашақ отбасылық өмірге дайындаушы;
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», — деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», — деп, жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке — өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.
Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.
Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.
Бала тәрбиелеудің 9 өсиеті
Әр ата-ана «баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сұраққа жауап іздейді. Баланы қалайша тәуелсіз, бірегей, мақсатты және жинақы етіп тәрбиелеуге болады? Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Сондай-ақ, бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сондықтан да, ата-аналар бала үшін ең бірінші «модель» болады. Мысалмен айтатын болсақ, әкесі баласына: «Тамақ ішпес бұрыс қолыңды жу» деп, өзі жұмыстан келген бетте сол талапты орындамаса, балаға қанша ұрысқанымен ол әкесінің жасағанын/жасамағанын істейді. Бұл кезде тәрбие берудегі қақтығыс – «ережелік» талап ету мен нақты іс-әрекеттің сай келмеуі пайда болады. Осы қайшылық түсінбеушілік пен қарсылықты туғызады.
Әрине, әр отбасының бала тәрбиелеудің өз түсініктері бар. Бірақ, тәрбие берудің қандай тәжірибелері бар екенін көру қызықты болады деп ойлаймын. «Үй энциклопедиясы» деген кітаптан оқып алған бала тәрбиелеудің 9 өсиеті сіздерге де қызықты да пайдалы болады деген оймен осында жазуды жөн көрдім.
Ата-аналарға арналған бала тәрбиелеудің 9 өсиеті
- Балаң өзіңнің көшірмең болады деп күтпе. Оған қоса, сенің қалауыңдағыдый болады деп күтпе. Тәрбие бала үшін СЕН болуға емес, өзіндік ЕРЕКШЕ болуға көмектесуі тиіс.
- Барлық жасаған іс-әрекеттер үшін балаңнан құн сұрама: сен оған өмір сыйладың, ол қалайша саған алғысын жеткізе алады? Ол басқа адамға өмір сыйлайды, бұл алғыстың қайтымсыз заңы.
- Тәрбиелеу процессінде бар өшіңді балаңнан алма, өйткені не ексең, соны орасың.
- Баланың проблемаларын түкке тұрмайтын деп асқақтап қарама: өмір ауыртпалығы әр адамға күшіне байланысты беріледі, сондықтан да, баланың жүгі сенікімен бірдей болады. Мүмкін сенікінен ауырлау да шығар. Өйткені, баланың әлі дағдысы қалыптаспаған.
- Тәрбие беруде баланы мұқатып кемсітпе.
- Өз балаңа бір нәрсені жасай алмасаң, ол үшін өзіңді қорлама. Бірақ жасау қолыңнан келіп, жасамасаң – қорла.
- Бала үшін барлық жағдай жасау – тәрбие берудің ең маңызды заңдылығы. Осыны ұмытпа!
- Біреудің баласын сүйе біл. Басқа біреудің баласына өз балаңа жасамайтыныңды жасама.
- Балаң дарынсыз, қырсық, ересек болса да, оны сүйе біл; балаңмен қарым-қатынаста қуануға ұмытпа, өйткені балаңнын жанында болу – бұл сенімен өмір бойы бола бермейтін мереке уақыты.
Айтылғандардың бәрінен мынадай тұжырым шығаруға болады: балалар бұл өмірге үлкендердің тәрбиесін алу үшін ғана емес, балалар БІЗДІ де тәрбиелеу үшін дүниеге келеді. Ата-аналар өз балаларын жақсылыққа тәрбиелеу барысында өздері де жақсы бола бастайды. Бұл тәрбиелеудің негізгі мақсаты.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика/ О 74 Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006.
- Қазақ Энциклопедиясы, 8-том