Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
Филология факультеті, Лингвистика мамандығының
2-курс докторанты Абдрахынова Назгүл Бақытнұрқызы
Шетелдік тағылымдамамның көптеген күндері Анкара қаласындағы Президенттік Ұлттық кітапханада өтті. Кітапхана 20.02.2020 жылы Түркия Президенті Режеп Тайп Эрдоганның бастамасы бойынша ашылған. Бұрынғы жылдары Президент резиденциясы болған кітапхана күніне 5000 ға жуық оқырманды қабылдай алады.
«Президенттік ұлттық кітапхананың» негізгі сипаттамалары: кітапхананың құрылысы 2015 жылы ашылған; жалпы ауданы 125 мың шаршы метр; аптасына жеті күн және 24 сағат жұмыс істейді; кітап сөрелерінің жалпы ұзындығы 200 мың км; кітапханада әлемнің 100-ден астам елінен 134 тілдегі еңбектер бар; Түркияның (Осман империясы) 45 000 000 нан астам мұрағаттық еңбектері бар; 550 мың электрондық кітап; ғылыми-зерттеу қызметіне арналған 20 жеке оқу залы; әлемнің түкпір-түкпірінен күн сайын келетін газеттер мен журналдардың электронды нұсқасына қол жеткізу мүмкіндігі бар. Алты қабаттық бұл кітапхананың кітап қорының байлығынан бөлек студенттер мен кітапхана келушілеріне ерекше жағдай жасалған, оқырмандарға түскі ас пен су, шай, кофе, сусындар тегін беріледі, оны кітапхананың әрбір зал бұрыштарынан көре аласыз. Ерте келгеніңізге қарамастан, кітапханада ине шаншар жер жоқ, бос орын табуыңыз өте қиын.
Тағылымдамаға келу мақсатыма сәйкес диссертациялық тақырыбыма сәйкес көптеген материалдар таба алдым. Зерттеу тақырыбым: Түркияның жер-су атауларына қатысты болғандықтан топоним атауларының сөздіктерінің неше түрін, одан бөлек сөздіктердің неше түрін көрдім. Мысалы, кино, театр сөздіктерін, сонымен қатар, әйел адамдардың, жастардың сөз сленгтері, музыка тілінің сөздіктерін кездестірдім. Кітапханада әлемнің 134 тіліндегі тілдері бар екендігін жоғарыда айтанбыз. Әрине, орыс, қазақ тілдеріндегі көптеген сөздіктерді де кездестірдік. Мысалы қазақ тілінің энциклопедиялық, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктері көзіме оттай басылды. Жер-су атаулары сөздіктері қазақ және түрік тілдерінде жоқ болғанымен аударма сөздіктері және қазақ лексикографтарының авторлығымен жарық көрген сөздіктерді кездестірдім. Атап айтар болсақ, Кенан Кочтың эдиторлығымен жарық көрген А.Байниязов пен Ж.Байниязованың «Türkıe türkçesı kazak turkçesı sözlügü» (Түркия түрікшесі қазақ түрікшесі сөздігі), «Ақмола» энциклопедиясы, «Алфавитті пән-есім көрсеткіші», З.Исмаилдың «Türkçe Kazakça Sözlük» (Түрікше қазақша сөздік) , сондай-ақ зерттеу тақырыбыма сәйкес Түркия жер , қала атаулары сөздіктерінен Омер Фарук Чамның «Isımler, Istanbul dakı Semt Isımlerı ve Büyük Isımlerı» (Атаулар, Стамбұлдың шағын және ірі аудан атаулары), Севан Ничаняннның «Turkıye Yer Adları Sözlüğü» (Түркияның жер атаулары сөздігі), Танер Артвинлидің «Artvın yer adları sözlüğü» (Артвин жер атауларының сөздігі), Нури Акбаярдың «Osmanlı yer adları sözlüğü» (Османдық жер атаулары сөздігі) еңбектерін қарап ығу мүмкіндігіне ие болдым.
Зерттеу тақырыбым Қазақ және түрік топонимдерінің лексикографиялануы болғандықтан, Түркия сөздіктерінің құрылымы, еңбек сіңірген лексикографтары, жалпы лексикография ғылымы туралы да мол ақпарат алдым. Америка ғалымы Ховард Джексон мен түрік ғалымдары Мехмет Гүрлек пен Элен Пататтың авторлығымен жарық көрген «Sözlükbilime Giriş» (Лексикографияға кіріспе), «Derleme Sözlüğü» (Жинақ сөздігі) еңбектері диссертациямның негізгі бөліміне қосылған зор үлес болды.
Мінеки, осылайша тағылымдамамның тағылымға толы күндерін құндылықтарға, мол кітаптар қорына толы Президенттік Ұлттық кітапханада өткіздім десем де болады.
Анкарадағы зәулім, ультра заманауи, сәнді кітапхана бұдан былай Түркия халқы үшін ғана емес, сонымен қатар әлемнің кез келген азаматы үшін мәдени, әлеуметтік, ғылыми орталыққа айналады. Ұлттық, діни, саяси және басқа да қалауы мен көзқарасына қарамастан әрбір адам осы кітапханадан қажетті ақпарат пен кітаптарды таба алады.
«Президенттік Ұлттық кітапхана» (Cumhurbaşkanlığı Millet Kütüphanesi) – Ердоғанның тағы бір мега жобасы, ол халыққа ондаған жылдар бойы қызмет етіп, білім мен ғылымның қайнар көзіне айналады деген сенімдемін.