Home » Мақалалар » Мектеп жасына дейінгі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен психологтың жұмыс бағыттары

Мектеп жасына дейінгі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен психологтың жұмыс бағыттары

Жолымбетова Назира Аккобановна,
Астана қаласы әкімдігінің

№69 «Еркем-ай» балабақшасы
Педагог-психолог

Инклюзивті білім беру – бұл барлық бала өздерінің физикалық, ақыл-ой, интеллектуалды және басқа ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру жүйесіне енгізілген және мүмкіндігі шектеусіз құрдастарымен бірге оқытылатын оқыту және тәрбиелеу процесі.

ҚР «Білім туралы» заңында инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс екені көрсетілген.

Неміс педагог-дефектологы П.Шуман «Баланың психикалық немесе дене дамуы неғұрлым төмен болса, ұстаздың білімділігі мен біліктілігі  соғұрлым жоғары болуы қажет» — деп айтқанындай, баламен жүргізілетін кез-келген коррекциялық- педагогикалық жұмыс оның толық мүмкіндіктерін іске асыруға, дамуында мүмкін болатын ауытқулардың алдын- алуға және қоғамда табысты өмір сүруге мүмкіндік беретін дағдыларды меңгеруге бағытталған.

Мектепке дейінгі ұйым психологының ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмысының негізгі бағыттары: диагностикалық, түзету-дамыту жұмыстары, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған педагогтар және ата-аналармен психологиялық алдын-алу (профилактикалық)  және кеңес беру жұмысы.

Педагог-психолог ретінде мен балабақшада психикалық дамуының тежелуі, «аутистік бұзылыстары бар», мінез-құлық қиындықтары бар, әлеуметтік-қарым-қатынасында бұзылыстары бар балалармен жиі жұмыс жасаймын.

Баланы тексеру кезінде қойылған диагнозды естіген кезде ата-аналарда ерте ме, кеш пе: «Енді қайтеміз? Не істеуге болады?» деген сұрақ туындайды. Осы сәтте арнайы  мамандардың көмегіне жүгіну қажеттілігі туындайды. Білім беру ұйымына келген баламен психолог жұмыс жасайды. Осы жұмыс барысында ата-аналар тез арада оң нәтиже көруге үміттенеді.

Бірақ, осындай ерекшелігі бар балалармен жұмыс шыдамдылықты, сенімді болуды, жүйелі түрде жүргізілетін үлкен еңбекті қажет етеді. Ерекше баламен жұмыс жасар алдында психолог бейімделу кезеңінен өтеді, яғни балаға деген жаңа ұстанымы, өзара қарым-қатынастың жаңа тәсілдерін ойластыруы қажет. Егер осы этап дұрыс өтпесе, маман ерекше баламен жұмыс жасай алмайды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс жасау тәжірибесі көрсеткендей, осы санаттағы балалар үшін психологиялық көмектің ең жақсы түрі психологиялық қолдау болып табылады.

Баланың дамуында оны сүйемелдеу — оның жанында жүру, дамуға ықпал ету және жолдағы кедергілерді жою. Олай болса, психологиялық қолдаудың мақсаты — әлеуметтік даму жағдайында баланың психологиялық және тұлғалық дамуы үшін жағдай жасау болып саналады.

Білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 6 бұйрығында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру — ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарды (балаларды) табысты оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасауды қамту деп көрсетілген.

Психологиялық қолдаудың объектілері тек баланың өзі ғана емес, сонымен бірге оның ата-анасы, бала үшін маңызды басқа да ересектер, балалар болып табылады. Бастапқы кезең психодиагностика — баланың даму ерекшеліктерін зерттеуге, жеке психикалық функциялардың даму деңгейін анықтауға, ақаудың құрылымын анықтауға, бұзылмаған функцияларды және бұзылған функцияларды анықтауға бағытталған. Жүйелі түрде жүргізілетін психодиагностика баланың даму барысын бақылауға және онымен жұмыс істеудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Психокоррекция – психологтың баланың дамуындағы бар ауытқуларды жоюға және оның әрі қарай дамуына жағдай жасауға бағытталған қызметі. Психолог берілген жағдайда баланың даму мақсаттарын анықтайды, түзету жұмыстарының әдістерінің ішінен ең тиімдісін таңдайды.

Баланың қимыл-қозғалысын дамыту, құрдастарымен өзара әрекетін жақсарту мақсатында балабақшамызда спорттық кешен қолданылады: швед сатысы, жұмсақ төсеніштер, доптар, көпіршелер, туннельдер т.б.

Арнайы жасалған «оқшаулану шатыры» балалардың қорғану сезіміне әсер етіп, оңаша отырып, денесін босаңсытуға, тынығуына мүмкіндік береді.

Едендегі және қабырғадағы алуан түрлі графикалық бейнелер баланың қимыл белсенділігін арттырып, әрекет жасаудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді (аю секілді қорбаңдап жүру, қоян секілді секіру, жыланша жорғалау т.б.). Құм терапиясы және сумен жұмысы баланың жан саулығын, тыныштығын жақсарту мақсатында қолданамыз.

Х.Джайнотт пен Г.Л. Лендрет (1994) суды барлық ойын материалдарының ішіндегі ең тиімді емдік әсері бар құрал ретінде сипаттады. Құм мен судың құрылымы жоқ және оны бала қалаған нәрсеге айналдыра алады. Бұл әсіресе сенімсіз, тұйық балалар үшін, ойын кеңістігінің символизмін түсінбейтін ойын әрекеті қалыптаспаған балалар үшін пайдалы.

Ұсақ моториканы дамыту, қолдың ұсақ бұлшық еттерінің күйін қалыпқа келтіру, қол-көзді үйлестіруді дамыту ұсақ заттармен, мозаикамен, құрылыс жинақтарымен ойындарда жүзеге асырылады.

Бұл өте ұзақ ойын, онда ұсақ моторика (желім, құрастыру), шығармашылық қиял және ойлаудың жоспарлау функциялары, еріктілік, ойын белсенділігі мен өзара әрекеттесу дағдылары, келіссөздер жүргізу және міндеттер мен рөлдерді бөлу қабілеті жетіледі.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудағы түзету, дамыту және психотерапевтік  шаралары келесідей болады:

Психологиялық түзету және дамыту жұмысының мақсаты — когнитивті, психомоторлық және эмоционалды-тұлғалық дамудың тежелуі мен бұзылыстарын жеңу болса, міндеттері – танымдық процестерін, психомоторлық  дамуы, адекватты мінез-құлық пен ерік сферасын қалыптастыру, эмоционалдық жеке тұлғалық түзету, даму бұзылысының алдын-алу. Бұл бағытта дамыту жұмыстары: танымдық дамуы, білім, білік, дағдының дамуы, сенсорлық дамуы, мектепке оқуға деген мотивациясын дамыту. Психокоррекция жұмыстары: психомоторика, ойын арқылы түзету, психогимнастика, мінез-құлықты коррекция жасау бойынша жеке және топтық сабақтар. Психотерапиялық жұмыстар: ойын терапиясы, ертегі терапиясы, арттерапия.

Түзету-дамыту жұмысының тағы бір маңызды бағыты жеке даму кемшіліктерін түзету бойынша шаралар кешенін қамтиды. Бұл бағыт педагогтардың, логопедтің, психологтың және басқа да балабақша мамандарының жұмысындағы өзара әрекетінің арқасында жүзеге асады. Балаларға арналған оқу процесі бейімделген білім беру бағдарламаларына негізделген.

Психологиялық кеңес беру – баланы тәрбиелеу және дамыту бойынша ата-аналармен тікелей жұмысты қамтиды. Өйткені ата-аналармен бірлескен жұмыс болмаса, мамандардың жұмысының нәтижеге жетуі ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Кеңес беру барысында психолог нақты мәселелерді шешу жолдарын анықтайды. Сондықтан мамандар өз жұмысында отбасына бағдар жасайды. Бұл орайда:

– бүкіл отбасымен бір мезгілде жұмыс  жүргізу (ата-анамен де, баламен де);

– бала мен ата-ана қарым-қатынасын қалыптастыру;

– дамушы және көмекші технологияларды отбасы мен баланың өмір салтына енгізу;

– отбасын түзету-педагогикалық жұмыстарға белсенді қатысуға тарту;

– ата-аналардың мамандардың консультативтік қолдауымен баланы дамытудың жеке түзету бағдарламасын жүзеге асыруы.

Психологиялық қолдаудың маңызды аспектісі – педагогтарды осы санаттағы балалармен жұмыс істеуге дайындау. Педагогтар арасында эмпатияның жеткілікті деңгейі, ынтымақтастыққа және қарым-қатынастың демократиялық стиліне назар аудару, агрессивтілік пен басқарушылықтың төмен көрсеткіштері қажет. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың даму ерекшелігі, олардың кейбіреулерінде туындаған қайталама бұзылулардың болуы педагогтарды психологиялық-педагогикалық тәжірибені жүзеге асыруға кәсіби және жеке көзқарастар тұрғысынан дайындау қажеттілігін көрсетеді.

Психологиялық қолдау қызметінің мақсаты — педагогтардың ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге кәсіби және жеке дайындығын арттыру. Бұл бағыттың  міндеті — әлеуметтік педагогика және психокоррекция саласындағы ақпаратпен қамту  болып табылады. Бұл бағытта:

  • педагогтердің әлеуметтік педагогика және психокоррекция саласында ақпараттандырып отыру;
  • педагогтың ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс жасауға жеке басының дайындығын қалыптастыру;
  • психологиялық «шаршау синдромы» және жүйке-психикалық шиеленісінің алдын-алу;
  • педагогтың жеке және кәсіби өсуі.

Психологиялық алдын-алу – бұл баланың бастапқы ақаудан туындаған жаңа даму ауытқуларының алдын — алу. Психолог болашақта қандай даму ауытқулары болуы мүмкін екенін болжап, дер кезінде шаралар қабылдайды.

Педагогтарға келесідей кеңес беруге болады:

  1. Ұйымдастырылған іс-әрекет барысында іс-әрекет түрлері мен жұмыс формаларын үнемі өзгерту барлық балаларға шиеленісті жеңілдетуге және зейінді арттыруға мүмкіндік береді.
  2. Балаларға ойын барысында біраз уақыт ыңғайлы қалыпта тұруға, тұрып жұмыс жасауға рұқсат етіледі.
  3. Барлық дерлік балалар өз әрекеттерінің ретін дауыстап айтуы керек
  4. Балаларды басқаларға кедергі келтірмеу үшін тыныш, жайдауыспен сөйлеуге, еріндерімен сыбырлауға үйрету керек.
  5. Балаларға дауыстап сөйлеуге тыйым салынбауы керек, себебі… сыртқы сөйлеу арқылы жаңа және қиын материалды мазмұнды меңгеру пайда болады.
  6. Әр балаға өз қарқынымен жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіз. Баладан қызықсыз немесе күрделірек тапсырмаларды орындауды талап ету мұқият және мөлшерлі орындалуы керек, өйткені тұрақты шиеленіс соматикалық немесе психологиялық мәселелерге әкеледі.
  7. Жұмыс көлемі бірте-бірте ұлғайып, жеке адамның қарқынына сәйкес болуы керек. Мүмкіндігінше педагогтар балаларға ұнайтын тапсырмаларды ұсынады.
  8. Балаларда адекватты өзін-өзі бағалауды дамыту үшін топ құрамын өзгерту қажеттілігін ескеру маңызды. Баланың танымдық белсенділікке деген табиғи қажеттілігін сақтау маңызды
  9. Әр бала үшін ҰІӘ серпінді, нәтижелі және қызықты өтуі үшін оқытудың әртүрлі әдістерін қолдану және ҰІӘ барысында іс-әрекетті өзгертуді қамтамасыз ету маңызды

Әдебиеттер:

  1. Білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 6 бұйрығы.
  2. Комплексное сопровождение детей дошкольного возраста / Под ред. Л.М. Шипициной. СПб, 2003.
  3. Мамайчук И.И. Психологическая помощь детям с проблемами в развитии. СПб, 2001.
  4. Семаго Н.Я., Семаго М.М. Проблемные дети: основы диагностической и коррекционной работы психолога. М.: АРКТИ, 2000.

6 комментариев

  1. Тансулу

    Жарайсыз !!!

  2. Назира Тамаша Психолог, Рахмет 👍👍👍👍

  3. Гульбакыт Айтмухамедовна

    Мақалада ерекше баламен балабақша психологының жүргізетін жұмыстары жайлы толық, нақты, жүйелі жазылған екен. Авторға көп рақмет Жас мамандарға өте жақсы көмек.

  4. Жарайсың!!!

  5. Алтынай

    Тамаша жазылған мақала. Сәттілік тілеймін Назира

  6. Саттилик Назира апай

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.