Гончарова Елена Геннадиевна
Алматы қаласы Білім басқармасы
Түрксіб ауданының
«№ 123 арнайы балабақша» КММ
меңгерушісі
Жаһандық өркениеттің бүгінгі сипаты – табиғи ресурстар мен инфроқұрылымды адамзаттың тіршілік көзіне айналдыру. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін атмосфераға зиян келтіретін химиялық заттарды 20%-ға төмендету көзделген [1]. Әлем елдері бүгінде жасыл экономиканы қалыптастыру идеясына көшті. Бұл экономика мен экологияны байланыстырудың жолы болып табылады. Себебі, әлем тәжірибесінде экологияны, табиғатты қорғауды басты проблема ретінде қабылдай отырып, осы салаға көптеген инвестиция жұмсайды. Табиғаттың таза өнімдерін игеру арқылы адамзаттың денсаулығын сақтауға көмектеседі [2]. Мысалы, 5 млн. халқы бар Сингапур қаласы табиғи статусын сақтай отырып, экологиялық модернизация нәтижесінде жоғарғы көрсеткіштерге ие болуда.
Табиғат пен қоғам, адам арасындағы қарым-қатынастар қайшылықсыз, әрдайым үйлесімді деп қарауға болмайды. Олардың арасында барған сайын ішкі қайшылықтар көбейіп отырады. Техникалық прогресс дамыған сайын табиғатқа деген адамның үстемділігі артуда, бұл табиғи апаттардың туындауына себеп болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа зиян келтіріп, қоршаған ортаны ластағандарға айыппұл көлемін арттыруды және еліміздегі мектептерде экология пәнін енгізуді тапсырды. Бұл аталған мәселенің мемлекет деңгейінде өзекті екендігін көрсетеді [3].
Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының (БҰҰДБ) экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жобасының жетекшісі Виктория Байгазинаның айтуынша, қазір экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған тұтас жоба жасалып жатыр.
«Қазақстан – 2030» бағдарламасында табиғат жағдайының қиын кезеңде тұрғанын нақты атап өтіп: «…экологиялық нашар ахуал бүгінде адам өлімінің жиырма пайызына себеп болып отыр. Қоршаған ортаны ластаушыларға берік тосқауыл қойылу қажет», — деген болатын. Бұл мәселенің тиімді шешілуі мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру арқылы олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру барысында мүмкін болатыны анық. Табиғатқа деген сүйіспеншілік бала кезден отбасында қалыптасады. Табиғатпен дос болу арқылы бала өзінің табиғи болмысын сезінеді.
Мектепке дейінгі кезеңде бала дүниені біртұтас қабылдауы арқылы табиғаттағы құбылыстарға жауап іздей бастайды. Табиғаттағы ауаның ластануы, экологиялық дағдарыстар сияқты проблемалар баланың дүниетанымын кеңейтеді. Мектеп жасына дейінгі балаларда қоршаған орта туралы жүйелі білім, қоршаған орта туралы алғашқы дағдылары қалыптасады. Сондықтан да баланы табиғатты аялауға үйрету маңызды. Ата-аналарды табиғатты қорғауға баулу, табиғат аясында өтетін іс-шараларға қатыстыру маңызды. Экологиялық тәрбие мектепке дейінгі білім беруде жаңа бағыт болып табылады. Өйткені, мектепке дейінгі балалық шақтың бастапқы кезеңі болып табылатын экологиялық білім өмір бойы тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамытудың үздіксіз процесін қамтиды. Мектепке дейінгі балалық шақ кезеңінде балалардың табиғат құбылыстарына деген алғашқы қатынастары қалыптасады. Олар табиғи құбылыстағы жанды және жансыз дүниелерге саналы түрде дұрыс әрекет жасауға үйренеді. Осының нәтижесінде экологиялық сана, экологиялық мәдениет дамиды.
Соңғы кезде әлем елдерінің тәжірибесін игеру, оны еліміздің жағдайына бейімдеу, тәжірибеге енгізу тенденциясы байқалуда. Осы үрдістің негізінде Қазақстанның мектепке дейінгі білім ұйымдарының басшылары 2023 жылы Сингапурға мектепке дейінгі білім беру және оқыту саласында қайта даярлау және біліктілікті арттыру мақсатында іссапармен тәжірибе алмасты.
Сингапур – білім мен ғылымға ұзақ мерзімдік инвестиция құйған, экономикалық даму бойыша жоғары көрсеткішке жетіп отырған ел екені белгілі. Әлем рейтингісінде Сингапур оқушылары математика және жаратылыстану бағыты бойынша алдыңғы қатарды иеленеді.
Сингапур педагогтерінің әдістемесі өте қызықты болып келеді. Олар балалардың логикалық ойлауын әртүрлі инновациялық әдістер мен ойын түрлері арқылы дамытуға мән береді. Сингапур педагогтерінің әдістемесі нақты тезистер, кестелер, формулалар, Лего конструкторларды қолдануға бағытталған сабақ алгоритмінен тұрады.
Осы тәжирибені зерделеу мақсатында «Мозайка» академиясының жетекшісі Мохаммад Айзат Хашим және оның ұжымымен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Осы орайда шетелдік білім беру жүйесінің даму тенденциясы, инновациялық мүмкіндіктері, мектепке дейінгі білім берудің ерекшеліктері, оқыту және тәрбие үрдістері туралы білімімді тереңдету мақсатында академияның балабақшаларына саяхат жасалды. Мохаммад Айзат Хашим балабақша кешендерімен таныстыруды ұйымдастырды. Сингапур балабақшалары жоғары деңгейдегі материалдық және заманауи ресурстармен жабдықталған. Педагогтер мен ата-аналар ынтымақтастық қарым-қатынаста педагогикалық процесті жүзеге асырады. Дидактикалық, иллюстративті, көрнекі материалдар арқылы балаларға табиғи заттарды жасауға үйретеді.
Сингапурда «Сабақ және сыныптың менеджменті», «Тиімді көшбасшылық», «Сингапурдағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі», «Персоналды басқару менеджменті» тақырыптарында дәрістер оқылды. Дәріс барысында мектепке дейінгі білім беру мәселесі, сабақты, сыныпты басқару әдістері мен технологиялары, көшбасшылықты қалыптастыру т.б. өзекті тақырыптарға талдау жасадық, Сингапур білім беру жүйесін басқарудың тиімді жолдарымен таныстық.
Балалардың қолдан жасаған бұйымдары өздерінің дүниетанымы мен ішкі әлемін бейнелейді. Қиялдарынан туған дүниелер шынайы өмірді суреттейді. Сингапур балабақшаларында балалар қағаздан түрлі табиғи заттарды қолдарымен жасайды. Сонымен қатар балалар театр қойылымдарына да белсене қатысады. Бұл олардың шығармашылық дамуына мүмкіндік береді. Балабақша бөлмелері әртүрлі суреттермен, қол өнер заттарымен жабдықталған. Сингапур білім беру жүйесінің тағы бір ерекшелігі ата-анаға баланың жетістіктері, шығармашылығы туралы кеңес беріледі. Отбасы, балабақша үнемі тығыз байланыста, педагогикалық процестің қатысушы субьектілері болып табылады.
Сингапур тәжирибесін дамыту мақсатында қыркүйек айынан бастап эко жоба «Табиғатқа дос бол!» тақырыбында іс-шаралар ұйымдастырылды. Балаларды табиғатты қорғауға, оның құндылықтарын бағалауға үйрету маңызды. «Табиғатқа дос бол!» идеясын негізге ала отырып, балалардың, ата-аналардың назарын аудару, іс-шараларға қатыстырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыру қажет.
Экологиялық тәрбие мәселесіне байланысты ата-аналармен семинар ұйымдастырылды. Семинар мақсаты – ата-аналардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Семинар барысында ата-аналарға экологиялық тәрбиенің принциптері, ерекшеліктері және Сингапур тәжірибесі, инновациялық технологиялары баяндалды. Сингапурдың заманауи технологияларын балабақшаға енгізудің модельдері айтылды. Осы үрдіс эко-морофонда жалғасын тапты. Ата-аналар табиғатты зиян заттардан тазарту мақсатында эко-марафон ұйымдастырды. Ата-аналар мен балалар бұл шараға белсене қатысты. Ата-аналар кітапхананы табиғат, экология туралы кітаптармен толықтырды. Бұл ата-ананың, балалардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін дамытады.
Сингапур тәжірибесі көптеген ғылыми, әдістемелік мүмкіндіктер ашты. Әртүрлі ғылыми ортада мектепке дейінгі білім берудің шетелдік тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік туындады. Соның бірі 2024 жылғы 19 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті магистранттарымен кездесу өтті. Сингапурдың білім беру жүйесі, озат тәжірибелері, білім индустриясындағы жаңалықтар баяндалды.
2024 жылғы 1 ақпанда Алматы қаласының ресурстық орталығының базасында коррекциялық балабақша педагогтерінің қатысуымен семинар өткізілді. Осы семинарда Сингапур тәжірибесімен бөлісу мақсатында баяндама жасалды. Баяндама мазмұнында Сингапур тәжірибесіндегі инклюзия мәселесі, оқыту әдістері, инклюзивті бейімделген орта құру жолдары, инклюзивті білім беруде топтық, жеке оқыту формалары, ойын түрлері баяндалды. Коррекциялық түзету технологиялары, диагностика әдістемелері шетел тәжірибесі мысалында сипатталды. Семинар барысында коррекциялық мектептердің педагогтері ойларымен бөлісті. Сонымен қатар білім беру жүйесіне енген мультимедиа құралдарының бірі – электронды ресурстар, презентациялар, бейне, аудио жазбалар, виртуалды кітапхана, виртуалды балабақшамен танысты.
Қорыта айтқанда, Сингапурдың тәжірибесін еліміздің білім беру жүйесіне енгізу маңызды. Білім беру жүйесіндегі еркіндік, педагог пен ата-ана арасындағы қарым-қатынас негізгі қағида болып табылады. Сингапурлық оқыту әдістемесі заманауи білім беру сұраныстарына жауап береді деп айта аламыз.
Пайдаланған әдебиеттер