Серикбаева Зауреш Атыгаевна,
Астана қаласы әкімдігінің
№41 «Балдырған» балабақшасы тәрбиешісі
Мақсаты:
- Танымдық дағдыларын арттырып, логикалық дағдыларын қалыптастыру, алған білімдерін ойын арқылы бекіту.
2.Балалардың ойын түрінде ауызекі байланыстырып сөйлеуін, сөйлеудің дыбыстық мәдениетін дамыту.
3.Өз пікірін айтуға, командада жұмыс істей білуге тәрбиелеу.
Қолданылатын құрал -жабдықтар: кигіз үй, жайлау, үй жануарлары, гүлдер, қамшылар, денсаулық жолдары, пішіндер, интерактивті тақта,
Қолданылатын әдіс- тәсілдер: әңгімелеу, көрсету, түсіндіру, жұмбақтар шешу, сұрақ- жауап, ойын, құрт жасау.
ҰІӘ барысы:
Тәрбиеші: балалар, «Амандасу-адамгершіліктің, әдептіліктің баспалдағы» сондықтан да, алдымен қонақтармен амандасып алайық.
Қонақтармен сәлемдесейік.
Балалар сәлемдеседі.
Шаттық шеңбері : Армысың алтын күн
Армысың жер ана
Армысың жан досым
Жылуыма жылу қосқан
Міне менің қолым.
Тәрбиеші: Балалар мен сендерге жұмбақ жасырамын, мұқият тыңдаңдар.
Жұмбақ:
Күн күледі,
Жер түледі.
Бұл қай мезгіл?
Жауабы: Көктем.
Көктем мезгіліне байланысты сұрақ –жауап:
Қазір жылдың қай мезгілі?
-Көктем мезгілінде ауа райы қандай болады?
-Ауа райының құбылыстарын айтып бер
-Көктем мезгілінде неше ай бар?
Үй жануарлары туралы әуен орындалады.
Тәрбиеші :Балалар, бүгін бізде ерекше күн, ендеше тақтаға назар аударыңдар.
Интерактивті тақтадан үй жануарлары туралы слайд көрсетіледі.
Тәрбиеші:-Балалар, тақтадан не көріп тұрсыңдар?
Балалар: үй жануарлары.
Тәрбиеші: Қандай үй жануарларын көріп отырсыңдар?
Балалар: түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі .
Тәрбиеші: Үй жануарлары қайда өмір сүреді?
Балалар: Біз үй жануарларын үйде бағамыз.
Үй жануарларын слайд арқылы көрсетеді.
Тәрбиеші: Мынау қандай үй жануары?
Балалар: Түйе
Тәрбиеші: Оның төлі қалай аталады?
Балалар: Бота.
Тәрбиеші: Түйенің адамға қандай пайдасы бар?
Балалар: шұбатын ішеміз, ол денсаулыққа пайдалы, етін жейміз, көлік ретінде пайдаланамыз.
Тәрбиеші :Ендеше, Балсезім түйе туралы мақал айтып берші.
Мақал
Жуас түйе, жүндемекке жақсы
Тақпақ: Айналайын ботам
Қандай күлте жотаң.
Табандарың жалпақ,
Теріп жейсің жантақ.
Тәрбиеші: Мынау қандай жануар? Оның төлі қалай аталады?
Балалар: Жылқы, төлі құлын.
Балалар жылқыдан алынатын өнімді айтып береді.
Тақпақ: Құлыншағым құндызым
Құлдырайды шабады
Жылтылдаған жұлдызым
Құстай қанат қағады
Осылай қалған жануарларды, олардың төлдерін, олардан алынатын өнімді олардың адамзатқа тигізетін пайдасын айтып береді.
Тақпақ: Шөре –шөре лағым,
Тентек болма шырағым.
Секектеме деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.
Мақал: Ешкі тұқымы-егіз лақ,
Қой тұқымы-қоңыр тұсақ.
Қой семірсе құт
Ешкі семірсе жұт.
Тақпақ: Кіп-кішкене момақан
Қошақанды ұнатам
Сүйеді апам қозым деп
Қошақаным қозым деп.
Тәрбиеші: Балалар, сендер үй жануарларынан алынатын өнімдерді біледі екенсіңдер. Енді осы өнімдердің дәмін татып, үй жануарларын көзбен көруге
Барғыларың келеді ме?
Балалардың жауабы тыңдалады.
Ендеше ауылға әжеге қонаққа барайық. Ол үшін Күлпан апай бізге жол көрсетсін.
Денешынықтыру маманы балаларды кедергілер арқылы жүргізіп, қамшымен
жаттығу жасатып әженің ауылына алып барады
Ойын :Гүлдер
Шарты: Балалар қолдарына әр түрлі түсті гүлдер ұстап әуенмен қалықтап билеп жүреді. Әуен тоқтағанда ,балалар қолдарындағы гүлдердің түсіне сәйкес ыдысқа, гүл ұстаған қолдарын төбесіне қойып тұра қалады.
Ауылға келеді.
Балалардың алдарынан әже шығады.
Әже: Амансыңдар ма балаларым ,сендерді сағынып отыр едім қош келдіңдер.
Тәрбиеші: Балалар жан-жақтарыңа қараңдаршы, үй жануарларының бәрі де әженің үйінде бар екен.
Әже: Сендердің маған көмектерің қажет. Мына төлдер аналарынан адасып қалды, соларды тауып берсеңдер. Әрі ойнап, сергіп қаласыңдар.
Ойын «Төлдерін тап»
Шарты: Үстелдің үстінде дөңгелек және төртбұрыш пішіндері тұрады, соған қарай балалар екі топқа бөлінеді. Дөңгелек және төртбұрыш пішіндерінде төлдердің суреттері бейнеленген, осы төлдерді қысқыштың көмегімен пішіндеріне сәйкес өз аналарының жанына қыстырып қояды.
Әже: Ал, балалар мен сендерге жұмбақ жасырғым келіп тұр
Жұмбақ: Өзі аппақ,
Жесең қатты,
Бірақ дәмді .Ол не?
Біз бүгін құртты өз қолымызбен жасап көрейік. Мінекей біздің алдымызда
тұзды қамыр бар, осы қамырдан жасаймыз. Құртты жасамас бұрын мен сендерге құрттың жасалу әдіс тәсілдерін көрсетейін, сендер мұқият қарап отырыңдар. Алдымен айранды қалтаға құяды, суын сорықтырып таспен бастырады сосын оған тұз қосып илейді, содан кейін құрт жасайды, құртты
балалар мінекей былай жасайды, дөңгелектеп, сопақшалап және саусақты қимылдата отырып қысу әдісі арқылы жасауға болады. Сосын оны ертеде шиге жайған екен, өйткені шиге жайылған құрт тез кебеді және өте дәмді болады екен. Ал енді, балалар, өздеріңе ұнаған құртты жасай қойыңдар, біз де бүгін осы шиге жайып кептіріп көрейік.
Балалар орындарына отырып құртты жасайды.
Әже: Балалар сендер шаршаған шығарсыңдар, кішкене сергіп алайық.
Сергіту сәті:
Әже: Ал енді балалар ,сендердің балабақшадан алған білімдеріңді көрейік.
Осы үйдің ішінде пішіндерге ұқсас заттар бар маған айтып беріңдерші.
Балалар: дөңгелек
Әже: ал ендеше осы үйдің ішінде дөңгелекке ұқсайтын не бар?
Балалар: үстел ұқсайды.
Төртбұрышқа сандық ұқсайды
Үшбұрышқа қабырғада ілулі тұрған тұмар ұқсайды.
Ендеше осы аталған пішіндермен ойын ойнайық.
Шарты: Фетрден жасалған үлкен пішіндерді балалар ұяшықтарына орналастырады.
Әже : Жарайсыңдар балалар! Бұл жолы да менің көңілімнен шықтыңдар
Тәрбиеші: Ал енді менің сендерге тағы да тапсырмам бар, менің қолымда сандар бар енді мен сендермен ойын ойнағым келіп тұр .
Шарты: менің қолымда нүктелер бар, осы нүктелерді жерге қоямын,
Сендер осы жерде неше нүкте ,сонша бала барып сол жерге тұрасыңдар.
Тәрбиеші: Ал, әже біздің балабақшаға кететін уақытымыз болып қалды.
Әже : Ал, балалар мен сендерге бағана өздерің жасаған құртты салып берейін, бақшаға барғанда жейсіңдер.
Сау болыңдар!
Балалар қоштасып, қайтадан келген жолдарымен кедергілерден өтіп, балабақшаға кері қайтады.
Тәрбиеші: Балалар біз қайда бардық?
Біз қалай бардық?
Біз ауылда нені көрдік?
Біз не жасадық?
Сендерге біздің бүгінгі ауылға қыдырып барғанымыз ұнады ма?
Балаларды мадақтап, құрт үлестіру.
Күтілетін нәтиже:
—ана тіліндегі барлық дыбыстарды анық айта алады.
-сұрақтарға толық жауап береді,
-өз пікірін айта алады,
-ұжыммен бірге жұмыс істейді,
-логикалық ойын тапсырмаларды орындайды,
-өз жұмысының нәтижелерін бағалай алады.