Ежелгі заманнан бері адамдар әрқашан өз өмірі мен денсаулығы үшін күресіп келеді. Дәрігерлер жер бетіндегі ең қымбат құндылықтарының бірі – адам өмірін қорғайды. Менің ойымша, бұл әлемдегі ең қажет, адамгершілікті, адалдықты, жанашырлық пен адамдықты талап ететін мамандық.
Әр адамның алдында оны өмір бойы анықтайтын өте маңызды таңдау бар. Бұл-болашақ мамандықты таңдау. Интернет-технологиялардың дамуына байланысты жастар IT мамандықтарын таңдайды, бірақ медицина менің жүрегіме әрқашан жақын болды. Мен дәрігер болуды армандадым және сол бала арманымның жолында 2007 жылы орта білім беру мектебін бітірген соң дәрігер болуға шешім қабылдадым.
Дәрігер мамандығы-бұл ержүректік, ол жанқиярлықты, жан тазалығын және ой тазалығын қажет етеді. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті, оны күткендердің барлығына көмектесуге деген қажымас ұмтылысты талап етеді. Дәрігер тіпті кішкентай қателікке де құқылы емес, өйткені ол қымбат. Сондықтан жоғары оқу орнында да шеберлікті, медицина ғылымының барлық қиындықтарын игеру мүмкіндігін үйрену өте маңызды. Науқастың әлеуметтік жағдайына, дініне, бағытына немесе ауруының ауырлығына қарамастан, дәрігер бәріне бірдей қарауы керек. Менің әкем маған осындай ойлау мен өмірлік принциптерді үйретті. Ол мені дәрігер болуға шабыттандырды.
Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің өшпес абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өіміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.
Соңғы кезде елімізде педагог мәртебесін көтеру жөнінде кең ауқымды ой-пікірлер айтылып, ақырында заң қабылданды. Енді дәрігер мәртебесін көтеретін де заң қабылдаудың уақыты келіп жеткендей. Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болады. Қазіргі кезде ақ халатты жандардың еңбегін ескеру мен қадір-қасиетін өсіру жағы кемшін секілді. Бүкіл әлемді шулатқан пандемия кезінде шығу тегі түсініксіз короновирус ауыруымен күресте алдыңғы шепте жекпе-жек шығып, ел денсаулығын арттыру мен сақтау бағытында ерен еңбек етіп, тіпті, осы жолда жанын пида еткен, бірқатар медицина қызметкерлерін көріп ақ халаттылардың қадірін білгендей болды. Дегенмен, індеттің беті қайта бастағанда қайтадан осынау қадірлі мамандық иелерін ұмыта бастағандай.
Өкінішке орай, бүгінде халық дәрігерлердің жұмысын жиі бағаламайды және ең алдымен, өз қиындықтарына ақ халатты адамдарды кінәлайды. Жазатайым оқиғалардың көбінің түп тамыры жауапсыздық, ауырудың асқыну фактілері, ауырулардың алдын алу мәселелері бойынша білімнің төмендігі екенін ескермейді. Ауруы асқынып, жанын жеген дерт әсерінен қиналған пациентке уақыт өткізіп жібергенін қанша айтқанымен, тыңдамай, жүре беріп, енді емдеу қиынға түсіп, қолдан келер дәрмен жоқтығынан не істерін білмей тұрған дәрігерді кінәлай жөнеледі. Осындай қиындықтардан соң, көбіне, біздің жақсы мамандарымыз жұмысын тастап, басқа кәсіпке кетіп жатады.
Әрине, бұл тарапта бірқатар жұмыстар жасалынып та жатыр. Оның бірі — медицина қызметкерлерінің айлық жалақы мөлшерін көтеру мәселесі. Денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізілуде. Медициналық қызметкерлердің білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында жаңа кадр саясатын қалыптастырып келеді. Алайда, осы салаға бөлініп жатқан қаржы көлемін әлемнің дамыған басқа елдерімен салыстырғанда мардымсыз екенін мойындауға тиіспіз. Шешілмей жатқан мәселелер әлі де аз емес.
Медициналық университетіміздің табалдырығын аттаған соң, менің иығымда үлкен жауапкершілік бар екенін шын жүректен түсіндім. Өйткені, мен болашақ дәрігер ретінде жақындарымның өміріне ғана емес, маған жат адамдардың өміріне де жауапты болатынымды ұғындым. Сонымен қатар адамдарға көмектесуге және оларды өмірге қайтаруға дайын болу керек екенімді де түсіндім. Мен үнемі өзімді жетілдіруге және осы жолдың соңына дейін баруға дайынмын. Өйткені, бұл менің жүрегімнің қалауы бойынша таңдалған жол.
Қалай десек те, дәрігер мамандығы – жауапты әрі күрделі міндет. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру – олардың жауапкершілігін одан әрі арттыра түсері анық. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы абзал жандардың құқығын қорғау маңызды болып отыр. Осы тұрғыда медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалап, мәртебесін құқықтық тұрғыдан арттыруға бағытталған жұмыстарға көбірек мән берілсе деймін.
Төлеби Айнұр Абдықадырқызы
№14 Қалалық емханың №1 ЖПД
бөлімінің меңгерушісі