Home » Мақалалар » «Этно мәдени құндылықтар мен мектеп жасына дейінгі баланың танымдық ерекшеліктерін дамыту»

«Этно мәдени құндылықтар мен мектеп жасына дейінгі баланың танымдық ерекшеліктерін дамыту»

Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан «Ай-Күн» балабақшасы «Этно мәдени құндылықтар мен мектеп жасына дейінгі баланың танымдық ерекшеліктерін дамыту» тақырыбында семинар өткізді.

Ұлттық құндылықтар дәріптелген іс-шарада аталған балабақша меңгерушісі Бекетова Нұрсұлу Жанысбайқызы қонақтарды құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсетті. Әдіскер Бекмамбетова Әсел Қаныбекқызы бағдарламамен таныстырып өтті. Қонақ болып Алатау ауданыны білім бөлімінің бас маманы Зеитова Мәншүк Сапиновна және мектепке дейінгі ұжым тәрбиешілері қатысты. Сөз алған Мәншүк Сапиновна барша балабақша ұжымына ақ тілегін айтып, іс -шараның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Қонақтарды сергіту мақсатында «Ай-күн» балабақшасының логопеді Жанар Кулманова «Біз біргеміз» тренингін өткізді. Балабақша қызметкерлерінің ұлттық салт-дәстүрді, мәдениет пен өнерді насихаттау тәрбиенің төресі екенін басты назарда ұстайтыны бірден байқалады.

Мәселен, балабақшадағы қолөнер бұрышында қолдан жасалған қазақы бұйымдар көп. Әсіресе безендіріліп әдемі тігілген тақиялардың сан түрі бар. Ер азаматтар мен әйел адамдардың тақияларын да көруге болады. Тақияның тарихын бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан семинар барысында ұлттық бас киімдердің тарихы да айтылды. Тәрбиеші Дидар Жаксылыкова сәукелеге сипаттама беріп, бұл биік бас киім, оны ұзатылып жатқан қыз киетінін, байырғы заманда әр қазақ отбасы ұзатылып жатқан қыздарына осы сәукелені кигізгенін айтты.


Одан бөлек қолөнер бұрышына көптеген көрнекілік қойылған. Ежелден мал баққан, егін еккен қазақ ауылдарының көріністерін, аспап -бұйымдарын, керуен бастаған түйелерді көруге болады. Махаббат символы аққу да ерекше әдіспен жасалған. Сондай-ақ балабақша қызметкері Мусабекова Феруза ши тоқу әдіс техникасымен таныстырды. Ши тоқу шым ши, ақ ши, орама ши болып үш топқа бөлінеді. Ши тоқу адамның ұсақ моторикасы және есте сақтау қабілетін артырады деді ол. Әсіресе, орама ши жайлы кеңінен айтылды. Қабырғада ілулі тұрған Қазақстан картасы да бірден көзге түседі. Ал Мамбеталиева Гулзада домбыраның жасалу жолдарына тоқталды.
Түйе — ежелден шөлді-тұзды аймақтардың табиғат жағдайларына жақсы бейімделген, аптап ыстықтарда апта бойына сусыз тіршілік ете алатын төрт түліктің бірі. Бұл туралы тәрбиеші Болатбек Еңлік толықтай мағлұмат берді. Шеберлер бірінен бірі асып түсіп, көпшілікті риза етті. Бұдан бөлек балабақша ұжымы мен ата-аналардың бірігіп жасаған туындылары өте көп.


Семинар балабақша ұжымының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мектепалды «Бәйтерек» тобы “Бипыл” биін билесе, «Балауса» тобының тәрбиеленушісі Али Жанбота “Павлин”биін көрсетті. Балауса тобының қыздары “Еркем-ай” әнін шырқады. Сонымен қатар, «Күншуақ» тобының тәрбиеленушісі Жанерке ән орындады. Музыка жетекшісі Рахмен Мадина “Ақмаңдайлым” әнін орындап, қонақтарды сыңғырлаған дауысымен таңқалдырды. «Күншуақ» тобының бүлдіршіндері “Көбелек” биін биледі. Бұл топтың қыздарының әдемі көйлектерін тәрбиешілер өз қолдарымен тіккен. Семинар соңында қонақтар іс-шара жайлы өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісіп, көрсетілген жұмыстарға оң бағасын берді.

«BILIM AYNASY»
Жұлдыз Смаилова
Журналист
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.