Home » Мақалалар »  Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы

 Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы

Аханова Ляйля Жакановна,
Астана қаласы әкімдігінің
№87 «Қадыр» балабақшасы
әдіскер

Ұлттық құндылықтарымыз деген не?

Әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы:  тілі , салт –дәстүрі, әдебиеті, өнері, рухани байлығы.

Менің ойымша, сол құндылықтардың арқасында біз өзіміздің халықтық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Сондықтан да кешеден бүгінге сол құндылықтарымыз  қалай жетті, ертеңгі күнге жеткізе аламыз ба деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Ұлттық болмыс, оны дәріптеу отбасынан, ошақ қасынан басталады. Отбасы –  тәрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиеленсек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дәріптейміз. Әкесі мен баласы, қызы мен анасы арасындағы жарасты қарым-қатынас отбасындағы ұлттық дәстүрді берік ұстанудың бір жолы. Халқымыз ұлын-нарға, қызын арға балап, татулықты абысындар арасынан тапқан, жігіттің бойынан елге қорған боларлық батырлық қасиетті іздеген. Осындай тәрбие арқылы құндылықтарды қалыптастырған.

Мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық құндылықтар арқылы ерте кәсіптік  бағдарлау қабілетін дамыту үшін сан түрлі қызықты іс шаралар ұйымдастыруға болады. Мысалы, біз балабақшада ұйымдастырған кездесулердің бірі, ол Ақмола облысының белгілі қолөнер шебері Күлянда Ғалиасқарқызының “Балбөбек” тобының тәрбиеленушілерімен кездесуі. Кездесу барысында  Күлянда Ғалиасқарқызы, балаларды қазақ халқының ұлттық өнерінің бірі – ою-өрнекпен, олардың түрлерімен, атауларымен таныстырды. Балаларға түрлі түсті қағаздан тұмарша жасауды үйретті, тұмаршаның қадір-қасиеті туралы айтып өтті. Қазақ халқы көне заманнан бері сөзге шешен, данышпан, ақылды, аталы сөзге тоқтаған, қариямен қасарыспаған, үлкенді үлгі етіп сыйлап, кішіні кішіпейілділікпен құрметтеген халық, бұл нағыз құндылығымыз.
Қазіргі таңда біз ерте кәсіптік бағдар беруді  балабақшадан бастау керек десек, қазақ халқымыз ерте кәсіптік бағдар беруді баланың тәй-тәй басқанынан бастап басталады деген.

Мысалы, бәріміз “Тұсау кесу” дәстүрін білеміз, баланың тұсауы кесіледі, оның алдына бірнеше зат қойылады: домбыра, кітап, ақша, т.б. қайсысын таңдаса сол болады деп болжаған, міне тәрбие қайдан басталады.

Сонымен қатар, патриоттық сезім, мазмұны жағынан да сан қырлы. Бұған туған жерге деген сүйіспеншілік, өз халқына, ата-анасына деген мақтаныш, сыртқы әлеммен ажырамас сезім, өз елінің байлығын сақтауға және көбейтуге деген ұмтылыс жатады. Алғашқы кәсіптік бағдар беру іс-шаралары адамгершілік-патриоттық сезімдерді дамытуға ықпал етеді, мысалы, егістіктегі қиын, бірақ сауапты еңбек – агроном, дәрігер, өрт сөндіруші т.б. отбасы мен достары (әке, шеше, ата), Отан үшін мақтаныш. Мектепке дейінгі жаста қарым-қатынас қабілеттері дамып, кәсіби іс-әрекеттің негізі қаланады. Мектепке дейінгі балалық шақ – баланың өмірлік жолын және кәсіби бағдарын одан әрі анықтауға мүмкіндік беретін білім берудің алғашқы кезеңі.

Сондықтан, қорыта келе айтқанда ерте кәсіптік бағдар беруді балабақшадан бастап, оны ұлттық құндылықтармен ұштастырсақ, ұлттық құндылықтарды түсіне алатын саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.