Халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мирас болып келе жатқан көне жәдігерінің бірі – ән өнері! « Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай естіледі» – деген орыс ғалымы Г.Н. Потанин сөзінде барлық қазақ музыкалық өнерінің шынайы бағасы көрінеді десек болады. Әргісі Күлтегін, Тоныкөк, Қорқыт,әл- Фараби трактарымен басталып, Түркі мәдениетінің бір бөлшегіне айналған қазақ музыкасы 13-14 ғасырларда қыпшақ, шағатай сарынымен сабақтаса отырып, сахаралы кең даланың иесі қазақтың төл музыкасына айналып, өзіндік өзгешелігімен осы қазақ даласына мәңгі сарын болып мекендеді.
Әуелде халық ауыз әдебиетінің бір тармағы болып қалыптасқан ұлттық нақыштағы қазақ музыкасы, сыңсу, жоқтау, жар- жар т.б. жырлармен басталса, кейінгі буын жеке авторлық әндердің орындау дәстүрін қалыптастырып кезең кезеңге бөлінді. Қазақтың кең даласына жайылып жатқан қазақ музыкасы әр өңірде жергілікті көрші елдердің сілемінен немесе етене жақын араласып тұрғандықтан болар, өз сарынымен ерекшеленіп, өз ішінде 4 мектеп құрды. Атап өтсек, біріншісі «тамақпен айту» немесе Сыр өңірінің мақамына икемделген ән айту дәстүрі қалыптасты. Екіншісі қазіргі Батыс Қазақстанда тұрып жатқан халқымыздың терме, төкпе жыр мектебі орын алады. Ал орталық Қазақстан қазақтарымен сондай – ақ, Алтай өңірі қазақтарының әншілік мектебі болып бір мектеп құрылды. Кейіннен Алматы, «Жетісу өңірі мектебі» қалыптасты. Сөйтіп Арқа өңірі мектебінің ішінен тағы бір әншілік мектеп бөлініп шықты. Әрине бұл атаулар қазақ музыкасының зерттелгеннен кейінгі қойылған атаулары еді. Бұл үрдіс қазақ музыкасының кезеңдік түрде тарихи, мәдени, жергілікті жер ерекшелігіне қарай өз жөнімен бөлек дәстүрлі мектеп болып құралған уақыты.
Ал қазақ музыкасының ғылыми түрде зерттелуі хақында тоқталатын болсақ, ол өз жөніне бөлек әңгіме. Алғашқы қазақ музыкасының зерттелу тарихы 19-20 ғасырда ерекше белең ала бастады.
1920 жылы А.В. Затаевич Орынбор қаласына қоныс аударып сол жердің жергілікті қазақтарының ән салу дәстүрін естіп, тәнті болады. Сондай-ақ, бұл әндердің осыған дейін зерттелмегенін байқайды. Нотаға да түспеген әндер екені оны қатты еліктіреді. Бірде «Орынбор қаласының театрында қазақ музыкасына арналған кеш өтеді» – деген хабарламаны көреді. Сол кешке барып қазақ музыкасының қыр- сырына ден қояды. Дәл сол сәттен бері Александр Затаевич «Бүгіннен бастап қазақ музыкасын зерттеймін» – деген шешім қабылдап, қазақ музыкасын зерттеуге кіріседі. Нәтижесінде 1925-1928 жылдары «Фортепианоға арналған миниатюралар формасындағы қазақ әндерін», 1932 ж. «Қазақстан татарлары әндерін», «Қазақстан әндерін», 1933 ж. «Қазақстандық татарлардың 60 әнін», 1934 жылы «250 қырғыз аспаптық пьесалар мен әуендерін», 1971 ж. «Түрлі халықтар әндерін», 1971 ж. «Қырғыз аспаптық пьесалары мен әуендерін» жинақтап нота бетіне түсіреді. Кейіннен бұл шығармалар қазақ музыка өнерінің баға жетпес құнды жәдігерлеріне айналды. Сөйтіп жүріп, А. Затаевич қазақтың 500-дей ән- күйін нота бетіне түсіре отырып, музыкаға енді жаңа қырынан танитындай партитуралары мен миниатураларын жазып шығады. Біраз тер төгеді . Қаншама жаңа естімеген әндер жаңа жинақтың қатарын толықтырады. 1925 жылы Орынбор қаласында «Қазақ халқыны 1000 әні» атты еңбегі Қырғыз Мемлекеттік баспасында басылып шығады. Сөйтіп Сол А. Затаевич зерттеген қазақ әндерінің алғаш ғылыми талдануы мен зерттелуі жайлы қомақты еңбектер қатары тек Қазақстан алтын қорын емес, әлем музыка зерттеушілерінің асыл қазынасына айналды.
Биыл Александр Затаевичтің туғанына 155 жылдық мерейтойдың қарсаңында Алматы қаласындағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінде» ғалымға арналған көрме ашылды. Қазақ музыкасына сіңірген ерен еңбегіне деген құрмет те, қошемет те өте жоғары деңгейде бағаланды. Музей көрмесін тамашалауға № 59 мектеп- гимназиясының 8 «Ә» және 8 «В» сынып оқушылары да барды. А. Затаевич еңберінен құралған көрмедегі кітаптар мен алғашқы түпнұсқадағы ноталар, миниатюралар көрменің сәнін келтіріп, оқушылардың ән зерттеу саласына құрметін тереңдете түсті, құнды жәдігерлерді өз көздерімен көріп, оған ден қойып үйренерліктей біраз сабақ алды.
Өскелең ұрпаққа ұлттық қазынамызды дәріптеп, оны келешекте өзінен кейінгі буынға жеткізсін деген ниетпен, оқушыларымыздың назарын халықтың мұрасы болып табылатын ұлттық өнерімізге аударта отырып, осы зерттеулер мен кітаптардың қазақ халқы үшін маңыздылығын өз көздерімен көріп, сезініп қайтты. Шәкірттеріміз осы музейге саяхат жасау арқылы өмірлік үлкен дәріс алды. Саяхат соңында « Апай, біз тағы музейге қашан келемсіз, бізге бүгінгі саяхат ұнады. Осындай ірі тұлғаларды дәріптейтін танымдық саяхатымыз көп болса екен» – деген тілектерін білдірап, музей ұжымына алғысымызды айтып қайттық.
№59 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері:
Сейдазимова Элеонора Шарипуллаевна
және Такежанова Бакыт Акатовна