Алматы қаласы ШЖҚ «М.Мақатаев
атындағы №140 гимназия» МКК-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Әбдіманап Нұрила Қанатқызы
Мектеп қабырғасында оқытылып жатқан қазақ әдебиеті пәні де белсенді түрде цифрлану үдерісіне көшуде. Оның бір айғағы – қазақ әдебиетінің электронды оқулықтары. Электронды қазақ әдебиетінің басымдықтары — ақпаратты есту арқылы жақсы қабылдайтын балалар үшін тыңдалым тапсырмаларының көп болуында, ал көзбен көру арқылы жылдам қабылдайтын оқушылар үшін тақырыпқа сай видеофрагменттерімен, түрлі анимацияларымен ерекше.
Алматы қаласы ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК оқу жылының соңғы оқу аптасына қарамастан, 2024 жылдың 17 мамыры күні Алматы қаласы Білім басқармасының қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы және «Алматыкітап баспасының» PR орталығымен бірлесіп, «Цифрлық білім беру: электронды қазақ әдебиеті» тақырыбында қалалық семинар өткізді. Аталған шара мақсаты — өскелең ұрпақ пен ұстаздар қауымына цифрлық білім беру ресурстарын (ЦБР) қолданудың тиімділігі мен артықшылығы туралы ақпарат беру, білім беру ұйымдарының мамандарына «Алматыкітап баспасының» өнімі – №140 гимназия ұстаздары Сафура Сәлімбайқызы, Базаркүл Кемелбайқызы, Гүлзағира Қазтайқызының авторлығымен жазылған 5,6,7-сыныптың «Қазақ әдебиеті» электрондық оқулықтарын насихаттау болатын.
Шараға қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен кітапханашылар, білім мекемесінің, ЖОО-ның қызметкерлері, ғалым-ұстаздар қатысты. Шараны «Құрмет» орденінің иегері, №140 гимназия директоры Тілеубай Сәния Өскенбайқызы кіріспе сөзімен бастап, Алматы қаласы білім басқармасының қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы бас маманы Гүлшат Әбдірашитқызына, кітап авторларына ғылыми жетекшілік еткен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тымболова Алтынай Оразбекқызына, «Алматыкітап баспасының» Цифрлық контент департментінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Рысқұлбекова Әсима Дәулетбекқызына, «Алматыкітап баспасының» жетекші редакторы, МАД топтарына арналған әдістемелік құралдар мен жұмыс дәптерлерінің, қосымша әдебиеттердің, балалар кітаптарының, 6,7 -сыныптарға арналған «Қазақ тілі» электрондық оқулықтарының авторы Абдрахимова Гүлнар Додабайқызына, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жамбыл атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
6,7-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» электрондық оқулықтарының авторы Темірбекова Күлзия Жаңабекқызына құттықтау сөз кезегін берді. Ұйымдастыру шараларынан кейін мұғалімдер гимназия ұстаздары
Г.Қ.Дүйсенова,Н.Қ.Әбдіманап, Т.К.Әзімбай, Г.Д.Дәуітәлі, А.Ж.Ибрагимов, Б.Ғ. Молдағали өткізген ашық сабақтарға, кітапханашылар гимназия кітапханашысы Нұрбике Қожахметқызының модераторлығымен К.Дауренбекова, А.Қарабала, М.Төреқұлова, С.Сапарова ұйымдастырған шеберлік сағаттарына қатысты. Одан әрі семинар пленарлық отырысқа ұласты. 5,6,7-сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» электрондық оқулықтарының авторлары Алтынай Оразбекқызы, Сафура Сәлімбайқызы, Базаркүл Кемелбайқызы оқулықты жазудағы басты ерекшеліктер мен сабақта пайдаланудың маңызы жайлы ойын ортаға салды. Семинар соңы гимназия шәкірттері мен ұстаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Қатысушылар берген кері байланыс нәтижесі шараның жоғары деңгейде өткенін, әсіресе ашық сабақтардың қызықты әрі жаңаша форматта өткеніне тәнті болғандарын жарыса айтты. 5,6,7-сыныптың «Қазақ әдебиеті» электрондық оқулықтарының авторлары, Алматы қаласы ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК ұстаздары — Сафура Сәлімбайқызы, Базаркүл Кемелбайқызы, Гүлзағира Қазтайқызына шығармашылық шабыт тілейміз! Ел ертеңі үшін құрақ ұшып, бар күш-жігерін арнайтын, шығармашылық шабыты сарқылмайтын, талантты ұстаздарымыздың саны арта берсін!