Нысанова Манзура Аширбековна
Джангурбаева Индира Нарбайқызы
№210 мектеп-лицей
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары
Өнердің түрлерін айтқан кезде біз қазақ халқының бойына ғасырлар бойы қалыптасып, ұлттық геніне сіңген, ауыздан-ауызға тараған халық ауыз әдебиетінен бастап, қазіргі кезеңге дейін өзінің құндылығын жоғалтпай келе жатқан сөз өнеріне ерекше ден қойып, мән береміз. Бұл мән берудің астарында үлкен мағына жатыр. Осы уақытқа дейін көптеген сөздер көнеріп, өшіп жатса, кейбір сөздер өзінің көркемдігін жоғалтпай оның үстіне қосымша мән үстеп келе жатқаны көрінеді. Сол сөздердің бірі де, бірегейі, тарихы терең, тағылымы мол – «Отан» сөзі.
«Отан» деген ұғымды әр адам әртүрлі түсінеді. Отанға қызмет етуге, Отан алдындағы борышты өтеуге, Отан үшін күресуге, Отанды тастауға, Отанға барып тұруға, оралуға, Отанды еске алуға, сағынуға, аңсауға болады. Қазақтың сыршыл ақындарының бірі Зейнолла Шүкіров:
Отаным, сөз бер, тыңнан маған!
Алдында тұрған туған балаң.
Арым бар таза кір қонбаған,
Жаным бар жарқын жырға арнаған, — деп баға берсе, Күләш Ахметова апамыз:
Отан!
Басайын сенің барлық жолдарыңды,
Қосайын құстар салған хорға әнімді.
Бұлбұлдың әуезіне араласып,
Бұл әнім араласын орманыңды, — деп «Отан» деген сөздің мағынасын ашып, осы сөзге баға берген. Ал сол Отанның тұтқасын ұстайтын жас бүлдіршіндер екенін ескерсек, онда қазіргі білім саласына, педагогикаға күш салып, үлес қосуымыз орынды. Заманның алға жылжуына байланысты білім алушылардың бойына қазіргі заман талабына сай терең білім алуға ынталандыру педагогтардың негізгі міндеті. Болашақ жас ұрпақтың танымдық көзқарасын, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту, іскерлік қасиеттерін дамыту арқылы оқушылардың бойына ұлттық, заманауи құндылықтарды сіңіре аламыз.
Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың ІІ және ІІІ отырыстарында «Өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, ұлт сапасы мен мәдениетін арттыру бойынша берген нақты тапсырмасына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Яғни білім беру ұйымдарындағы 2023-2024 оқу-жылының мамыр айында өткізілетін іс-шаралары «Мамыр – Ынтымақ айы» айлығы шеңберінде ұсынылды. Соған байланысты Алматы қаласы Алатау ауданы №210 мектеп-лицейдің 2 «Ә» сыныбында 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» тақырыбында сынып сағаты өтті.
Мектеп табалдырығын енді аттап жатқан білім алушыларымызға тек білім ғана емес, тәрбиені де бірге беру маңызды. Әбу Насыр әл-Фараби де тәрбиеге ерекше мән береді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың — қас жауы» деген сөзі осыған дәлел.
Сынып сағаты еліміздің Әнұранмен басталды.Сынып іші еліміздің рәміздері мен түрлі ұран сөздер мен суреттермен безендірілген. Сынып сағатының негізгі бөлімі оқушыларды топқа бөлумен басталды. Ол білім алушылардың танымдық қабілетін кеңейтті деуге толық негіз бар. Себебі «мозайка» құрастыру арқылы қалалардың көркем мүсінімен атын тауып бөлінді. Кейін кішкентай бүлдіршіндеріміз «туған жер», «отан» туралы өлеңдерін нақышына келтіре орындап, оның мәнін талдады.
Өнердің киелісі де сөз дейміз ғой. Тақырыптың басында айтылып кеткен халық ауыз әдебиеті осы сынып сағатында да көрініс тапты. Білім алушылар мақалды жалғастыру арқылы мақалдың мәнін талдап, рухани құндылықтарды, Отанға деген патриоттық сезімді бойларына қалыптастырады. Белгілі қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылардың қанатты сөздері айтылды, мағынасы түсіндірілді. Білім алушылар берілген мақалдарынан бөлек өздерінің аялық білімдерінен білетін мақалдарын қосымша ақпарат қылып айтып кетті. Тек мақалдар ғана емес, оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсету үшін, топ болып өздерінің фантазиясынан туған жер, Отан туралы суреттер салып, оны түрлі-түсті бояумен бояды. Бірінші топ Алматы қаласының көркем келбетін қағаз бетіне түсірді. «Алматы-мың бояулы қала» деген тіркес деген тіркес бұл суреттің сөз арқылы өңін ашып тұрды.
Келесі кезеңде білім алушылардың жыл бойғы жетістіктері мектепшілік, аудандық, қалалық жарыстардың жүлдегерлеріне арнайы мақтау қағазы табысталып, мойындарына сынып жетекшісі Нысанова Манзура Аширбековна арнайы жасаған төсбелгісімен марапаттады. Дәл осы керемет атмосферадан кейін білім жағынан топ жарып, көш ілгері жүрген кішкентай бүлдіршіндерді мектебіміздің директоры Ахметова Гульнара Мамбетовна марапаттап, арнайы мақтау қағазымен марапаттады. Тек оқу озаттары ғана емес, бұл іс-шарадан екпінділер де қалыс қалған жоқ. Олар да арнайы мақтау қағазымен марапатталды.
Сынып сағатының негізгі мақсаты — балаларды әлеуметтік, қоғамдық тәрбиеге баулу, бірлікке, ынтымақтастыққа тәрбиелеу мен отаншыл, мемлекетшіл, туған жерді қастерлейтін, адал, жауапкершілігі мол, мейірімді, бауырмал, сыни ойлайтын, қаржылық сауатты, үнемішіл, еңбекқор, жасампаз тұлға қалыптастыру.
Білімді адамның, ала алмайтын биігі жоқ. Бәріне де өнердің,білімнің нәтижесінде қол жеткізуге болады. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды. Оқу ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, жалпы адамды тәрбиелейді және рухани байытады. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген дана халқымыз. Біз білім теңізінен жүзіп өткенде ғана еліміздің тірегі, сүйеніші боламыз. Мектеп басшысы Ахметова Гульнара Мамбетовна сыныптың үздік оқушылары мен республикалық, облыстық, аудандық олимпиада жеңімпаздарын құрмет грамоталарымен марапаттап, болашақтарына сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.