Белгожаева Ақерке Даутовна
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы,
«№145 сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстар бар балаларға
арналған арнайы балабақша» КММ
Әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігін туындатып отыр. Жаңа реформалардың пайда болуы кәсіби мамандардың біліктілігі мен құзыреттілігін дамытуды қажет етеді.
Адам ойының, ойлауының биік өресін кәсібінің даму деңгейі арқылы көруге болады. Себебі, өз мамандығын қатты бағалайтын адам ғана әртүрлі озық технологияларды пайдалана отырып, өз мүмкіндіктерін жан-жақты аша алады, оны қолдана отырып дамытады. Әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерге қол жеткізіп, сыни ойлау қабілеті де артады.
Бүгінгі білім беру жүйесінде өмірлік мәселелерді шеше алатын, оқу-тәрбие процесін жаңа инновациялармен түрлендіретін, практикаға бағытталған педагог қажет. Ол кез-келген уақытта ата-анамен, баламен, қоршаған ортадағы адамдармен коммуникацияға түсе алуы маңызды. Сау баламен ғана емес, сонымен қатар табиғи ауытқуы бар балалардың да бейімделуіне мүмкіндік жасауы қажет.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму саласындағы 17 жаһандық мақсатының бірі «инклюзивті, сапалы біліммен қамтамасыз етудің және барлық адамдар үшін өмір бойы білім алу мүмкіндігін арттыру» болып отыр.
2020 жылғы мәліметтер бойынша мектептепке дейінгі білім беру мекемесінде, инклюзивті оқытумен қамтылған денсаулығына байланысты мүмкіндіктері шектеулі балалар саны 1100-ге жетіп отыр. Бұл тенденция біздің еліміз үшін әлеуметтік, педагогикалық, психологиялық, арнайы педагогикалық саланы жетілдіруді, заманауи технологияларды, лагопедиялық жаттығулар өткізетін кабинеттерді жаһандық техикалармен жабдықтауды, заманауи лабораторияларды ашуды қажет етеді.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесі бүгінгі күні қоғам мен отбасының қажеттіліктеріне бағдарланған және баланың жас және жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру қызметтерінің әртүрлі спектрін көрсететін, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көпфункционалды желісі болып табылады.
Бүгінде тәрбие мен білімнің мекеніне айналған, озық педагогикалық тәжірибені дамытып, балалардың әлеуметтенуіне, ортаға бейімделуіне психологиялық жағдай жасап отырған Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, «№145 сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстар бар балаларға арналған арнайы балабақшасын ерекше атауға болады. 2018 жылдан бастап ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арналған тәрбие мен оқыту бағытында жұмыс істеп келеді. Балабақшада әртүрлі саладағы арнайы мамандар жұмыс жасайды. Тілдік ауытқуы бар балаларды тәрбиелеу және оқыту мәселесі осы мамандардың кәсіби міндеті болып табылады. Балабақша меңгерушісі Белгожаева Ақерке Даутовна басқарудың замануи тәжірибесін игерген басшы ретінде осы салада жұмысын атқаруда. Балабақша әдіскері Бахрамова Шарапат Амангельдиевна ұзақ жылдар бойы мамандардың кәсіби дамуына әдістемелік қолдау көрсетуде. Барлық мамандар өз ісінің шебері. Мамандықтарына деген сүйіспеншіліктері шексіз, әрбір минут, әрбір сағат олардың жүректерінің қалауымен өтеді.
Абай «Өмірдің бір қызығы-бала» -деп жырлаған болатын. Шынымен де адам өмірінің керемет сәті баламен тығыз байланысты.
Баланың жан-жақты дамуын, оның интелектуалды өсуін қамтамасыз ету барысында аянбай еңбек етіп жүрген педагог мамандардың еңбектері орасан зор.
Логопедттер инклюзивті білім беру ортасын құру барысында инновациялық, заманауи әдістерді қолданады. Балалардың мотивациясын дамытуға мүмкіндік береді. Терапияларды қолдану арқылы баланың шығармашылық қабілетін дамытады. Осы орайда балабақшаның логопеді Дәулетхан Салтанат «Балдырған» тобының балаларымен «Табиғат құбылысы» тақырыбына ашық ҰІӘ өткізген еді. Табиғаттың әдемі көрінісі табиғат пен адам арасындағы үндестік, адам қиялының керемет шыңын көрсетеді. Табиғат пейзажы баланың табиғатқа деген қатынасын бейнелейді. Табиғат көріністерін суретке түсіру арқылы баланың табиғатқа деген сезімі, эмоциясы көрініс табады. Баланың тіліндегі фонемологиялық, артикуляциялық кедергілерді қалпына келтіру және тілдік дыбыстарды фонетикалық нормаға сай қолдану мүмкіндігін дамыту аясында жұмыс жасайды. Табиғаттың әртүрлі құбылыстарын көзбен елестету, қолымен салу, тілмен айту сияқты іс-әрекеттерді орындайды. Логопед маман артикуляциялық жаттығуларды, тілдік массаждарды, гимнастикаларды жасау арқылы балалардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктерін жоюға көмектеседі. Тылсым табиғат әлемінің тұңғиық сыры мен шынайы болмысын сурет өнері арқылы жеткізу баланың дүниетанымын, табиғатқа деген ерекше қасиетін қалыптастырады. Экологиялық тәрбие отбасынан және мектепке дейінгі білім беруден бастау алады. Баланың мейірімді болып өсуі біздің қолымызда екенін тағы да мойындауға болады. Құм терапиясын қолдану арқылы баланың ұсақ моторикасын дамытады. Табиғаттағы әртүрлі құбылыстарды құм арқылы бейнелеуге тырысады. Құммен жұмыс істеу нәтижесінде өлі табиғатқа жан бітіреді. Баланың шексіз ойын құмдағы сурет жеткізеді. Шексіз кеңістікке бойлай отырып, бала табиғат пен адам аасындағы гармонияны ұғынады. Алақанымен құмды ұстау қол моторикасын орнына келтіреді.
Дала өркениетінде өмір сүрген қазақ халқы әуел бастан ұрпағын табиғатпен етене жақын болуға тәрбиелеген. Қазақ даласының табиғи үйлесімділігінен туған бұл заңдылықтар, халқымыздың алтын қағидасына айналған. Сондықтан да табиғаттың тылсым өмірімен етене жақын өмір сүрген халқымыз үшін табиғаттың тылсым күштері, табиғи заңдылықтар маңызды. Экологиялық тәрбие халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінде көрініс тапқан. Көшлелі өмір сүрген қазақ халқы табиғат мезгілдеріне байланысты өздерінің өмір сүру дағдыларын өзгертіп отырған. Табиғаттың тылсым дүниесіне сеніп, оның өзгерістерін болжап отырған. Табиғатқа қамқорлықпен қарап, денсаулыққа қажетті таза, табиғи өнімдермен қоректенген. Бұл адам экологиясының дала өркениетіндегі орнын көрсетеді.
«Айгөлек» тобының балаларымен жұмыс жасап отырған дефектолог маманы-Баймырза Сәния Аменовна өзінің ұйымдастырылған оқу әрекетінде заманауи технологияларды пайдаланады. Қуыршақ терапиясы, сурет терапиясы дефектолог мамандардың қолданатын инновациялық мүмкіндігі болып табылады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қиялын, креативті ойлауын сурет салу арқылы дамыту маңызды фактор ретінде көрініс табады. Суреттерді құрастыру, ондағы элементтерді сәйкестендіру баланың қиялын шыңдайды.
Сондықтан да мектепке дейінгі біім беру ұйымдарында арт — терапияны қолданудың маңызы зор. Арт-терапия жаттығулары балаға өзінінің шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Арт — терапия бейнелеу, мүсіндеу, музыка өнерінің элементтерін қолдану арқылы ұйымдастырылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың тілін, шығармашылық мүмкіндіктерін, сенсорлық моторикасын дамытуға көмектеседі. Балабақша мамандары әртүрлі заманауи инновацияларды қолдану арқылы өздерінің педагогикалық шеберханаларын дамытады.
Ересектер «Күншуақ» тобының балаларымен логопед маманы-Кадирова Алмагүл Толеухановна жұмыс жасайды. Ол суреттегі көріністерді түсіндіру арқылы баланың дүниетанымына әсер етеді.
Баланың шығармашылық қабілетін дамыту құралы ретінде суреттермен жұмыс жасау технологиясын қолданған. Суреттердің тақырыбы әр түрлі болуы мүмкін. Балалар өздері қызыққан суреттерді салады. Қоршаған ортаны, жекелеген заттарды, әдеби кейіпкерлерді және т.б. Балалар көбінесе ертегілердегі кейіпкерлерді салуды ұнатады. Ертегі кейіпкерлерін салу арқылы олар ертегіге деген қызығушылықтарын және логикалық ойлау дағдысын дамытады. Сонымен қатар ертегілердегі табиғаттың тылсым күштері мен құбылыстарын бейнелеуге үйренеді. Осы арқылы табиғаттағы қарапайым заттар туралы түсініктерін кеңейтеді. Сурет салудың әдістері өте көп. Соның қарапайым түрлері балабақшада қолданылады. Суреттегі түстер баланың эмоциясын көрсетеді.
Балабақша мамандары балалардың қызығушылығын, белсенділігін дамыту барысында әртүрлі технологияларды қолданады.
Мысалы, «Айгөлек» тобының балаларымен логопед маманы – Ахманова Яна Эдуардовнаның жұмыс жасап жатқан кезі. Балалар тілінің дұрыс дамымауы, әріптерді дұрыс айта алмауы проблема болып табылады. Сондықтан осы мәселені әртүрлі логопедиялық жаттығулар, логопедиялық тренажерлар, фонематикалық дыбыстарды буынға бөлу сияқты заманауи әдістерді пайдалану арқылы алдын-ала түзету мүмкіндігін жасайды. Соның бірі- ойын технологиясын қолданған. Ойын балалар үшін айналаны танып-білу тәсілі. Ойын кезінде бала өзін еркін ұстайды. Мысалы, дидактикалық ойындар арқылы балалар қоршаған ортадағы заттармен танысып, қасиеті мен сапасын ажыратуға, әртүрлі құбылыстардың ерекшеліктерін білуге талпыныс жасайды, өзіне қажетті көптеген мәліметтер жинайды және олардың сөздік қорлары, танымы кеңейеді.
Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданауға тырысады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Осы технологияны логопедттер жиі қолданады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс – әрекет ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортамен, адаммен, олардың еңбегімен, қарым – қатынасымен танысады. Ойын арқылы олардың ой-өрісі дамиды. Ойын үстінде балалар әртүрлі рөлде жолдастарымен қарым – қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана отырып жауап беруге, қиялдауға, елестетуге үйренеді. Сөздік ойындары балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттері мен танымын дамытады.
Қорыта айтқанда, балабақша тәрбиешілері аудан және қалалық деңгейде ұйымдастырлыған іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Бұл балабақша әлеуетін көрсетеді. Арнайы педагог мамандар, логопедттер, дефектологтар, тәрбиешілер балалармен жұмыс жасаудың жаңа бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Олар өз мамандықтарын жақсы көреді және оның дамуына, әлеуетінің өсуіне мүмкіндік жасайды.
Пайдаланған әдебиеттер
- Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. –Астана: Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, -2015. -152б.
- Мовкебаева З.А., Оралканова И.А. Включение детей с особыми образовательными потребностями в общеобразовательной процесс. –Алматы: Эверо, -2019.-231с.