Алматы қаласы білім басқарамасына қарасты № 209 мектеп гимназиясы мен Қазақ-Түрік гуманитарлық-технологиялық колледжі бірігіп педагогикалық мамандықтар бойынша дуалды оқытудың инновациялық бағдарламасын іске асырмақ.
Осыған байланысты № 209 мектеп гимназиясында “Педагогикалық мамандықтар бойынша дуалды оқытуды енгізу” атты жаңа бағдарламаның презентациясы өтті. Басқосуда сөз алған Алатау ауданы білім бөлімінің басшысы Ақмұрзаева Қарлығаш Медербекқызы ұстаздар қауымын әуелі оқу жылының аяқталуымен құттықтап, дуалды оқыту жүйесінің артықшылығына тоқталды.
Дуалды оқыту – кәсіби білім беруде практика мен теорияның біріктірілуі.
Оқытудың практикалық бөлігі өндірісте, ал теориялық бөлігі білім беру ұйымының базасында өтеді.
— Дуалды оқытуға ден қоюдағы басты мақсатымыз — жастардың теориялық білімдерін практикамен ұштастыру. Осыны негізге ала отырып қос диплом беруді де көздеп отырмыз, келешекте тек Түркия елінде ғана емес, Еуропада да бағаланатын болады. Осы жылы колледж қолданбалы бакалавриатпен толығады. Бүгінгі күні колледж жоғарғы деңгейдегі оқу орындардың бірі болып саналады,- дейді жоғарғы Қазақ-Түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің жоғары басқару органының төрағасы, философия ғылымдарының докторы профессор Сабри Хизметли.
Колледж директоры Қамбай Гүлім Жалғасынқызы дуалды оқытудың еркешелігін айта кетті. Мәселен, бала кәсіпорында 60 пайыз, оқу орында 40 пайыз білім алады. Сонда біліммен қоса тәжрибе де алмасады. Білім алушының түрік және ағылшын тілін меңгеріп шығуына толық мүмкіндік бар. Өз сөзінде мектеп-гимназия директоры Болат Ханатұлына және мектеп ұжымына серіктестігі үшін үлкен алғысын білдіріп, бірлесіп білім мен тәрбие беруге дайын екенін жеткізді.
Мектеп басшысы Мунбаев Болат Ханатұлы: “Біздің келісімнің нәтижесінде дуалды білім алған мектебіміздің оқушылары Түркияның Стамбул, Анкара қалаларында тәжірибе алмаса алады”, — деді.
Теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы — дуалды оқыту жүйесінің кәсіптік-техникалық білім берудегі алатын орны ерекше. Жас маман кәсіби біліктілік, дағды мен іскерлік қасиеттерін тікелей жұмыс орнында меңгеріп, тәжірибе алмасып, жан-жақты дами алады. Педагогикалық бағытта сапалы білім алып қоймай, түрік, ағылшын, тіпті парсы тілдерін меңгеріп шығу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар алдағы уақытта қос мемлекеттің дипломын алып жатса жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады. Кәсіби мамандар даярлауға атсалысып, дуалды оқытуға ден қоя бастаған №209 мектеп гимназиясының ұстаздары мен түлектеріне сәттілік тілейміз!
Жұлдыз Смаилова
«BILIM AINASY»
Алматы