Home » Мақалалар » Көркем еңбек пәнін жаңартылған білім бойынша оқыту

Көркем еңбек пәнін жаңартылған білім бойынша оқыту

Курбанова Тамара Муханбетжановна
Түркістан облысы  Келес ауданы
№20 Тоқаш Бердияров атындағы ЖОМ
көркем еңбек пәнінің мұғалімі

Қазақстан алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін нақты қадамдар жасауда. Сол қадамдардың бірі ғылым мен білімді интеграциялау.  Білім саласында болып жатқан инновациялық өзгерістер орта білім беру жүйесіне  үлкен талаптар жүктейді.  Бұл білім беру жүйесінің жаңа модельге көшуімен тығыз байланысты.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жету мақсатында белгіленген стратегиялық міндеттер, білім беру іс-әрекетінің приоритеттерін түбегейлі өзгерту мен дағдыларды дамыту ағымына бағыттауды ұйғарады[1].

Халықаралық білім беру кеңістігінде болып жатқан үдерістер педагогикалық процестің түбегейлі өзгеруіне ықпал етті. Бұл өзгерістер білім беру мазмұны, оқытудың әдістері мен оқушылардың оқу жетістігін бағалаудың жаңа жүйесін құрды.

Экономикадағы заманауи инновациялар, еңбек нарығындағы өзгерістер оқушылардан  шығармашылық дағдыларды қалыптастыруды талап етеді. Оқушылардың шығармашылық әрекетін ұйымдастырудың принциптері мен заңдылықтары педагогикалық процестің мазмұнында жүзеге асады.  Мектеп бағдарламасындағы негізгі пәндердің бірі – көркем еңбек пәні.

Бұл кіріктірілген пән болып табылады. Бейнелеу өнері мен технологияның  мазмұндық кешенін құрайды.

Жаңа интегративті білім саласын меңгеру оқушылардың жалпы білім мен дағдыны игеруіне мүмкіндік береді, интеллектуалдық, тұлғалық, этикалық дамуын, өзіндік, кәсіптік айқындалуын, қазіргі әлеуметтік – экономикалық жағдайларға бейімделуін қамтамасыз етеді.
Сәндік қолданбалы қолөнер оқушылардың көркемдік талғамының қалыптасуына ерекше әсер етеді, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруге қызмет етіп, оларды халқымыздың материалдық рухани мұраларын терең түсініп, оны бағалай білуге тәрбиелейді[2].

Жаңа оқу пәнінің білім беру  мазмұны төмендегі бес бөлімнен тұрады:

1) визуалды өнер;

2) сәндік-қолданбалы өнер;

3) дизайн және технология (қыздар);

4) үй мәдениеті (қыздар);

5) тағам дайындау  мәдениеті[2].

Бұл тақырыптар оқушының өнер, дизайн және технология саласындағы білімдерін кеңейтеді. Әртүрлі ғылымдардың интеграциялық байланыстары мен гармониялық үйлесімділіктерін анықтайды.

Қазақстан және әлем халықтарының мәдениетімен танысу арқылы тарихи, ұлттық көзқарастары қалыптасады.

«Визуалды өнер» бөлімінде бейнелеу өнерінінің құралдары, классикалық бейнелеу өнерінің үздік туындылары, қазақстандық суретшілердің шығармашылығы, бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары, натюрморт өнері, ұлттық сәндік натюрморт, пейзаж, табиғатпен үйлесімділік, индустриалды пейзаж, қала пейзажы, сызықтық перспектива, пластикалық пішіндер өнері, мүсін өнері, шығармашылық жұмыс, көрме ұйымдастыру т.б. жұмыстар ұйымдастырылады.

«Визуалды өнер» бөлімінде білім алушы қоршаған ортаның тірі және өлі нысандарын, олардың күйін, құбылыстарын, өзара әрекеттерін көзбен шынайы қабылдап, олардың бейнесін дербес сезімімен, қалыптасқан көзқарасымен, түсінуімен, орындау қабілеті дәрежесімен кескіндеуге үйренеді.

«Сәндік-қолданбалы өнер» бөлімінде сәндік-қолданбалы өнердің мазмұны, негізгі формалары мен ерекшеліктері, Қазақстан халқының сәндік-қолданбалы өнерінің тарихы, сәндік-қолданбалы өнердегі заманауи және дәстүрлі емес материалдар, сәндік бұйым, бұйым дайындау, өру өнері, өру түрлері т.б. мәселелер оқушылардың өнерге деген көзқарасы мен дүниетанымын кеңейтеді. Ұлттық өнерді дәріптеу, оның қыр-сырымен танысу, жеке тұлғаның шығармашылық мүмкіндіктерін ашады.

«Дизайн және технология» бөлімінде оқушылар негізгі тоқыма, табиғи, жасанды және дәстүрлі емес материалдарды, тоқыма материалдарын өңдеу құралдары мен жабдықтарын, сән индустриясын, стиль және образ, ұлттық киім элементтерін дайындау технологиясын т.б. меңгереді.

«Тамақтану мәдениеті» бөлімінде дұрыс тамақтану жолдарымен танысады, ас даярлауға үйренеді. Адам ағзасына пайдалы және зиян заттармен танысады. Дұрыс тамақтанудың ережелерін меңгереді.

5) «Үй мәдениеті» атты бөлімде жеке гигиенаны, тұрғын үй экологиясын, өсімдік шаруашылығы, сәндік өсімдіктер шаруашылығы, ландшафтты дизайн негіздерін, киім күтімі мен ұзақ мерзімді сақтауды меңгеріп, үйренеді.

Жоғарыда аталған «Көркем еңбек» пәнінің мазмұны оқушылардың іскерлігі мен ептілігін дамытады.

Сабақта мұғалім оқушылардың еңбекке деген икемділігі мен іскерлігін қалыптастырудың әдістері мен технологияларын үйретеді. Еңбек етудің алғашқы белгілері отбасында қалыптасады. Баланың тұрмыстық                             іс-әрекеттерді орындау барысында оның белгілі бір сапалары көріне бастайды. Баланың бойындағы әртүрлі қабілеттерді ашу мұғалімдердің құзыреттілігінде.

Бейнелеу өнері мен Технология пәндерінің интеграциялануы арқылы пайда болған көркем еңбек пәні оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Көркем еңбек» пәнінің мазмұнына халықтың қолөнері, ою-өрнек түрлерін салу тәсілдері, дизайн, витраж, мозайка құрастыру сияқты қызықты тақырыптар кіреді.

Мысалы, Ою-өрнек түрлері мен қысқаша тарихы деген тақырыпты талдайтын болсақ, оқушыларға қазақ халқының ұлттық ою-өрнектерін үйрету арқылы ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Топтық жұмыстарды орындау барысында оқушылар қазақ халқының ою-өрнектерін қағазға түсіреді.

Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің тарихы ою-өрнектермен тығыз байланысты болып келеді. Ою-өрнек әсемдік пен сәндіктің белгісі ғана емес, халықтың арман-тілегінің нышаны. Тарихқа назар аударатын болсақ, ерте кезде адамдар өздерінің ойларын тасқа, ағашқа қашап түсіріп отырған. Бұл көне өнердің түрі.

Сондықтан да оқушылар ою-өрнекті көркемдеп салудың тәсілдерін үйреніп қана қоймайды, сонымен қатар олардың шығу тарихымен танысады.

Шығармашылық жұмыстарды орындау негізінде  қазақтың ұлттық мәдениет элементтерін пайдаланады. Қазақтың ұлттық мәдениеті қолөнері арқылы бізге жеткен.

Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан өміршең өнер. Адамзат дамуының қайсысында болмасын, қоғаммен бірге дамыған қолөнер әр дәуірге өзінің өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік көркем жағынан дәуір тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырған. Қолөнер дүниежүзінің барлық халқына тән. Бұл – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы. Соған орай әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына байланысты қолөнері өзіндік ерекшелігі мен эстетикалық талғамына байланысты қолөнері өзіндік ерекшелігімен халық өміріне өшпес із қалдырып отырған[3]. Қолөнер бұйымдарын оқушыларға жасату әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

«Көркем еңбек» пәні оқушының бойында мынандай қасиеттерді қалыптастырады:

  • еңбекқорлық;
  • ұлтжандылық;
  • рухани-адамгершілік;
  • іскерлік;
  • шыдамдылық;
  • ізденімпаздылық т.б.

Жоғарыда аталған еңбек әрекеті арқылы қоғамға қажетті қолөнер бұйымдарының сан алуан түрлерін өз қолдарымен дайындап, оны өмір қажеттілігіне қолдануға мүмкіндік береді, ол біріншіден жеке тұлғаның шығармашылық идеясын дамытады, екіншіден жеке кәсіпкерлікті дамытуға ықпал жасайды.

«Көркем еңбек» пәні қолдың моторикасын жақсартады. Сонымен қатар психологиялық процестері, атап айтсақ, түйсік, қиял, елестету т.б. дамыйды.  Оқушы белгілі бір заттың бейнесін салу үшін,   ойша өзі образ жасайды, соны қағаз бетіне түсіреді.

Қоршаған ортадағы құбылыстарды суретші көзімен көру маңызды. Сурет салу арқылы оқушының шығармашылық дағдысы қалыптасады. Мысалы, құстың суретін  салатын болса,  оның бейнесін қиялда елестету керек.

Жаңартылған білім беру негізінде  «Көркем еңбек» пәнін оқытудың ерекшеліктері, біріншіден екі пәннің кіріктіріліп оқытылуымен сипатталады. Екі пәннің мазмұнында интеграция жүйесінің заңдылықтары мен принциптері берілген. Интеграциялық пәнді оқушыларға оқыту екі ғылыми ұғымның түсініктерін қалыптастырады. Екіншіден, бұл пәннің жаңа бағытқа, жаңа парадигмаға, жаңа әдістерге құрылуымен байланысты болмақ.

Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Біріншіден, Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды»- деп әр жыл сайын сауаттылығы жоғары бәсекеге қабілетті, белсенді, яғни лидерлер қалыптастыру міндетін қойып отырғандығын айтқан болатын [1]. Сондықтан да бұл міндеттер қазіргі мектептің алдына үлкен талаптар жүктейді

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.