Габдуллина Айсұлу Серікқалиқызы,
Астана қаласы әкімдігінің
№42 «Бәйшешек» балабақшасы
музыка жетекшісі
Бала барлық үлгі-өнегені өзі шыққан отбасы мен ата-анасынан алады. Оның азаматтық келбеті, мінез-құлқы жанұядағы жандардың күшті ықпалымен қалыптасады.
Аяғын апыл-тапыл басқан сәби алғашқы қылықтарын ата-анасынан, аға-апаларынан үйренеді. Сондықтан да баланың алдында ата-ана үлкен жауапкершілік сезінеді. Әрбір әке-ана баласының тәртіпті, кішіпейіл, еңбекке бейім болып өсуіне сәби жасынан ықпал етуі керек. Баланы 4-5 жасынан үй шаруасына көмектесуге үйреткен жөн. Бүлдіршіннің тапсырылған жұмысты орындау кезіндегі сәтсіздігі үшін оған ұрысып, жігерін жасытуға болмайды. Бала басқа жұмысты ұқыпты, ынталы орындауы мүмкін. Сондықтан жұмысты ата-ана әр баланың шамасына, икеміне лайықтап тапсыруы қажет.
Жанұядағы еңбек тәрбиесі, баланың мінез-құлқының қалыптасуына себепші болатын негізгісі деп ойлаймын. Жақсы ұйымдастырылған, қолдауын тапқан, нәтижелі еңбек баланы қуантып, оның сенімін арттырады, адамгершілік сезімін дамытады. Еңбек баланың ата-анаға, ата-ананың балаға сүйіспеншілігін нығайта түседі. Сүйіспеншілік адамгершіліктің алдыңғы нышаны. Адамгершілік туа бітпейді, ол тәрбиенің ықпалымен қалыптасады. Баланың асыға күтетін қуаныштарының бірі – балабақша табалдырығын аттау, содан кейін оқушы болу. Осы орайда ата-аналар алдында тұратын міндет те үлкен. Олар ерте бастан баласына адамды оқуға, жазуға, дүние тануға үйрететін, ел ардақтайтын азамат болуға тәрбиелейтін балабақша мен мектеп екендігін айта бергені жөн.