Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІ НЕГІЗІНДЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТӘРБИЕЛЕУ

ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІ НЕГІЗІНДЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТӘРБИЕЛЕУ

Целиноград ауданы
Талапкер ауылы
жалпы орта
білім беретін мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Бекетова Жанар Бекетовна

Барлық елдердің ауыз әдебиетінен мол орын алатын  жанрлардың бір түрі — ертегілер. Ертегілер көбінесе қара сөз үлгісінде айтылатындықтан, оны халықтың ерте заманда шығарған көркем әңгімесі дейміз. Ертегінің мақсаты — тыңдаушыға ғибрат беру ғана емес, сонымен бірге  оны жан дүниесін рахатқа бөлеу. Ертегі жанрының атқаратын қызметі кең, ол әрі тәрбиелік әрі көркем-талғампаздық рөл атқарады.  Ертегілердің ерте замандарда пайда болуының өзіндік себептері бар. Жануарлар туралы ертегінің түп-төркіні адамзат тарихының ең арғы  заманында, аңшылық өмір кезінде жатыр. Қиял-ғажайып ертегілер — қазақ ауыз әдебиетінің ең көне жанрларының бірі. Алғашқы қауымдық қоғамда дамыған. Сондықтан бұл ертегілерде адамзаттың  ертедегі өмірінің көптеген  белгілері  сақталған. Қиял-ғажайып ертегілердің  сюжеті мен поэтикасына, құрылымына  батырлық жырлар үлкен әсер еткен [1].

Қазақ ертегілерінің басты ерекшелігі есте жоқ ерте заманда туып, ежелгі дәуір құбылыстарын сақтап келсе де, олардың бәрі біріншіден, халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, көркемдеп, әсірелеп бейнелейді. Өмірдегі тартыстар, болмыс-көріністер, ғұрып-әдет бәрі де халықтың ұлттық рухына сай түзіледі. Екіншіден, ертегілердің бәрі дерлік бас кейіпкерлерін қиын да күрделі, азапты да аянышты кешулерге сала отырып, жас жеткіншек балаларды ерлікке, отансүйгіштікке баулиды.

Өмірде қиялсыз бала болмайды. Қазақ халқы «Қиялсыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді. Барлық балаларөздерінің қиялдары арқылы жақсылықты армандай алады. Адамның миында қиял пайда болған кезде көптеген жаңа нәрселердің бейнесі туып отырады екен. Қоғамдағы қазіргі жетістіктердің барлығы қиял жемісі деуге болады. Мысалы, ертегідегі ұшқыш кілемдер, құлағын бұраса ұшатын ағаш аттар бүгінгі заманда ұшақ, тікұшақ, зымырандарға айналған, таусоғар –экскаватор, көлтаусар –су соратын көлік, желаяқ –жеңіл көліктер, т.б [2].

Ертегінің басты міндеті – оқиғаны барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Ертегінің желісі бас қаһарманды дәріптеуге арналады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді.

Ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді:

1) жануарлар туралы ертегілер;

2) қиял-ғажайып, батырлық ертегілер;

3) хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер;

Сюжеттері тек қазақтың өзіне тән ертегілермен қатар, басқа елдермен ортақ сюжетке құрылған ертегілер де бар. Олардың көбі тарихи — типологиялық жағдайда пайда болған, біразы тарихи-генетик, яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады, кейбірі тарихи-мәдени байланыс нәтижесінде қазақ жұртына тараған. Сол себепті қазақ ертегілерінде таза ұлттық та, халықтық та, көшпелі сюжеттер де қатар өмір сүрген. Негізгі кейіпкер мен мазмұны және қияли әдістердің қаншалықты пайдаланылуына қарай бұл салалардың әр қайсысы тағы бірнеше топқа бөлінеді. Бұлардың ішінде:хикая, өсиет, мысқыл, батырлық туралы ертегілері болады [3].

Хайуанат жайындағы ертегілер — хайуанат жайындағы ертегілер — барлық елдердің ауыз әдебиет қорындағы сияқты, қазақ халқының ауыз әдебиет қорында да ескі ертегілер түрінің бірі. Тарихтан бұрынғы дәуірлер мен Қазақстанда феодализмнің ең алғаш орнау стадиясынан бастап, XIX ғасыр орталарына дейін созылатын феодализм дәуірі осы ертегілерде көп елес береді. Бұл алуандас ертегінің де ұзақ ғасырлар бойындағы қоғамдық-тарихтық экономикалық жайларды, еңбек иесі болған халықтың таптық арман, мүддесін әр алуан түрде көрсетіп отыратыны мәлім. Сондайлық мән, мағына бұл үлгілерде де аса мол, терең және өзгеше қымбат қазынадай деп тану керек. Хайуанат жайындағы ертегілер жөнінде Ленин айтқан өзгеше ғылымдық зор мәнді пікірлер бар. Добролюбов та хайуанат жайындағы ертегілерге айрықша мән беріп, көп көңіл бөледі. Бұл ертегілерде еңбек елінің жуан, содыр, айлалы, зорлықшыл әкімдеріне, неше алуан қанаушыларына қарсы арналған сын мен ызалы қарсылық ойы мол екенін ол адамдар ашып айтысқан. Әсіресе тап тартысының бітімсіз қайшылықтары, қиын, шетін түйіндер көрсетілетіні аталған. Және сатираның ең бір өтімді, көпшілік көңіліне қонымды, шебер, келісті құрылыстары осы хайуанаттар жайындағы ертегілерде тамаша тапқырлықпен көрсетілгені айтылады. Хайуанаттар көне ертегілерін андасақ, кейбіреулерінде өте көне заманды, жанды, жансыз табиғат турасындағы бұлдыр түсініктерді байқаймыз. Ондай ертегілер хайуанаттармен байланысты туған мифтік, діндік түсініктерді, әр хайуанды ғажайып сиқырлы сыры бар деп таныған тотемдік түсінікті аңғартады [4].

Салт ертегілері — жалпы ертегілер тобында салт ертегілерінің орны өзгеше. Бұлардың арасында феодализм дәуірінің ең ескі болмысынан туған немесе одан арғы тарихтан бұрынғы дәуірлердің елесін беретін ертегілер бар. Және сонымен қатар кешегі-бергі заман болмысынан, шындығынан туған, нақтылы тарихи дәуірлермен нық байланысты көп ертегілер де анық, айқын аңғарылады. Осы ертегі түрінің таптық, қоғамдық мазмұны, идеясы қазақ еңбек елінің тартыс, тағдырының шындығымен байланысқан күйде өткен ғасырдың 60-жылдарында басталатын, реформадан соңғы дәуірдің ертегілерінде ұштасып, жалғасады.Салт ертегілерінің қазақ ауыз әдебиетіндегі ірі өзгешелігі, ерекше қасиеті — бұлардың ең зор, ең мол мазмұны еңбек халқының тірлік жағдайынан, ауыр халінен туған. Сол себепті бұл ертегілерде қанаушыларға қарсы арналған еңбек халқының ызасы, таптық жиреніші аса өткір түрде қалыптанады.

Батырлық ертегілер-қазақ ауыз әдебиетінің негізгі жанрларының бірі, көбінесе, өлеңмен, кейде қара сөзбен де айтылатын көркем шығарма. Қияд-ғажайып ертегілер сияқты батырлық ертегілердің көпшілігі ежелгі замандарда пайда болған. Қиял-ғажайып ертегілерде көбіне мифтік, таңғажайып оқиғалар баяндалатын болса, батырлық ертегілерде кейіпкер дара мадақталып, батырлардың ерлік істері барынша әсірелеу түрінде көрсетіледі. Батырлық ертегілердің негізгі тақырыптары — сүйген адамына қосылу жолында шексіз ерлік көрсету, неше түрлі құбыжықтармен, жалмауыздармен соғысу, елі үшін жаудан кек алу. Баяндау кезінде сол фантастикалық мақұлықтар бейнесіне, табиғаттың дүлей күштеріне, жауласушы жақтың тұрмыс-тіршілігіне, іс-әрекетіне түсініктемелер беріледі. Батырлық ертегілердің бәрі бірдей ерте заманда туған жоқ, кейбіреулері кейін пайда болып, көбіне батырлық жырлардың прозалық түріне айналып отырды. Олардың негізгі арқауы бұрынғыдай дию, перілермен алысу емес, керісінше, қазақ батырларының сыртқы жаулармен соғысуы, ру-тайпалардың өзара талас-тартыстары сияқты оқиғаларға құрылды.

Халық ауыз әдебиетінің мәні өте зор. Ең алдымен ол халықтың өткендегі өмірі, тұрмыс тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дүние танымы, арман-мүддесі, таптық күресі т. б. таныстырып көптеген мәлімет береді. Бұларды ол әдебиеттік суреттеу арқылы елестетеді. Ауыз әдебиеті өткен өмірді, “халықтың психологиясын”, оның “арман-мүддесін” білуімізге аса керекті материалдың бірі болып табылады. Халықтың ертегілері, аңыз әңгімелері, мақал-мәтелдері, басқыншы жаудан ел қорғау жолында ерлік жасаған батырлар жайында шығарған жырлары — адал еңбекті, халыққа қызмет етуді, халықтың жауларына қарсы күресуді, езілген еңбекшіге болысып жәрдемдесуді жырлайды. Бұл жолда халыққа адал ниетімен қызмет еткен адамдарды ардақтайды, олардың ісін кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге етіп ұсынады. Ал жағымсыз мінез-құлық, іс-әрекеттерді халықтың ауыз әдебиеті жиреніш түрде суреттейді, олардан безуді, жек көре білуді уағыздайды. Ауыз әдебиеті жалпы әдебиет тарихынан да елеулі орын алады. Ол өзінен кейін туған көркем әдебиетке көп әсер етті. Сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын пайдалана білу т. б. жөнінде ауыз әдебиеті көркем әдебиетке негіз салды. Бұл ретте де ауыз әдебиетінің мәні өте зор. Барлық елдің ауыз әдебиетінен мол орын алған және халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезінде ауызша шығарған күрделі шығармасының бір түрі-ертегі. Ертегілер көбінесе, қара сөз ретінде айтылатындықтан, оны халықтың ерте заманда шығарған көркем әңгімесі деп қараймыз [4].

Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі аса бай саланың бірі – балалар ертегілері. Біз бұл арада «бай» деп оның тек санын ғана меңзеп отырған жоқпыз. Бәрінен де маңыздысы қазақ балалар ертегілері өзінің ұшқыр фантазиясымен де, қызықты оқиғасымен де, көркем поэтикасымен де жас жеткіншектердің жанын өзіне тез-ақ баурап алады. Тек баурап алумен немесе жай ғана қызықтырумен ғана шектелмей, жас баланы болашақта ержүрек батыр, қайтпас қайсар, ел қорғаны болуға баулиды. Сондай ертегілердің бірі

«Алтын сақа» — бұл ертегінің де бас қаһарманы, идеялық нысанасы – халықтың арман — мұраты. Мұнда да халықтың аңсары ертегінің басты арқауы. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша бала, жалғыз бала және басқа әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі – халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер. «Алтын сақадағы» бала сондай кейіпкер. Онда классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Бала жұртта қалып қойған (дұрысы әкесі әдейі қалдырған) алтын сақасын алып келуге барып, жалмауыз кемпірге кез болған бала кемпірдің алдағанына сенбей, сақасын ат үстінен іліп алып, қаша жөнеледі. Мыстан кемпір (бірде жалмауыз кемпір деп те айтылады) тұра қуады. Осымен оқиға шиеленісе түседі. Бұл ертегіде де сайыста кейіпкер өз күшімен емес, керемет достарының (астындағы аты, түлкі, қарлығаш, иттері…) арқасында жеңуі – батырлықтан гөрі қиял-ғажайып ертегінің заңдылықтарына жақындау.

Қазақ балалар ертегілерінің басты ерекшелігі есте жоқ ерте заманда туып, ежелгі дәуір құбылыстарын сақтап келсе де, олардың бәрі біріншіден, халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине, өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда бейнелейді. Өмірдегі тартыстар, болмыс-көріністер, әдет-ғұрып бәрі де халықтың эстетикалық рухына сай түзіледі. Екіншіден, ертегілердің бәрі дерлік бас кейіпкерлерін қиын да күрделі, азапты да аянышты кешулерге сала отырып, балаларды ерлікке, отансүйгіштікке баулиды. Мәселен, «Алтын сақада» сол сақасын алуға барған баланың ерлігінің арқасында оның ата-анасы ғана емес, тұтас туған елі жалмауыз кемпірдің қорлық-зорлығынан азат болады [5].

Ертегі–  қай елде болмасын аңыздық прозаның дамыған, көркемделген түрі. Оның мақсаты – тыңдаушыға өмірдегі жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен сұрқиялық, ізгілік пен жауыздық, олардың өзара күресі, бастабында ылғи да жамандық, сұрқиялық, жауыздық жеңгенімен, түптің түбінде жақсылық жарқырап көрініп, әділеттілік салтанат құрып, ізгілік жеңіс тұғырына көтерілетіндігі туралы ғибрат беру. Яғни ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық рөл атқарады. Басқаша айтқанда ертегі жанрының қызметі өте кең. Сондықтан қандай ертегі болмасын, оның ең басты мақсаты – сюжетті барынша қызықты да таңғажайып етіп ала отырып, оны көркемдеп, әрлеп баяндау. Қазақ халық ертегілерінің ішінде мұндай үлгідегі ертегілер өте мол. Солардың бірі – «Аяз би» ертегісі.Ертегідегі Жаман – қазақ ауыз әдебиетіндегі ел басшысының үлгілі бейнесі. Ол – қарапайым, парасатты, адал, шыншыл, көреген, тапқыр, кішіпейіл, іззетті, көпшіл, қайырымды, қанағатшыл. Бұл қарапайым халық бұқарасының «елді осындай адам басқарса» деген арманынан туған бейне.Аяз би туралы айтылатын ертегі-аңыздардың бәрінде дерлік Жаман қойшының Мадан хан сынынан өтуі, үйленуі, ханның күншіл, ақылсыз қырық уәзірін өлімнен құтқаруы, оның даналығын, достыққа адал, сертке беріктігін, әділдігін мойындаған хан өз тағын беруі сөз болады. Жаман хан болғаннан кейін де жыртық тоны мен жаман тымағын хан сарайы босағасына ілдіріп қояды. «Кей-кейде хандық тақтың буымен көңілім тасып, асып бара жатқандай болсам, соған көзім түседі де, тез тәубама келемін» дейді екен. Сөйтіп ол жыртық тоны мен жаман тымағын көрген сайын тәубасынан жаңылмай, өзіне-өзі: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп отыратын болған [6].

Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегі жанрының өзіндік қасиеті болғандықтан, ертегіші де оның мазмұнын барынша әсірелеп көрсетуге, сырлы да ғажайып етіп көрсетуге күш салады. Мәселен, «Аяз би» ертегісіндегі ханның әлсіз, жоқ-жітік, жаман қойшының ақыл-парасатын мойындап, оған хандық тағын сыйлап беруі өмірде әсте болуы мүмкін емес жағдай. Бірақ ертегіші осылай баяндайды, тыңдаушы оған иланады. Өйткені ертегіні айтушы да, тыңдаушы да өмірде бір рет болса да солай болғанын қалайды, соны армандайды. Қысқасы, Аяз биді өмірде болған тарихи тұлға дегеннен гөрі, халықтың «ел басқаратын адам осылай болу керек» деген арманынан туған Арман ханы, ел билеушіге тым ертеде ескерткен халық даналығы мен асқақ мұратының көрінісі деген орынды.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.Добролюбов.«О характере и исторической обусленности казахского эпоса » 2008 ж, 69-73 б.
2.Шоқан Уәлиханов. «Кітап өлең» Астана 2000, «Атажұрт», 55-66 б.
3.Шоқан Уәлиханов, «Жұм-Жұма» Астана 2001, «Атажұрт» 96-102 б.
4.Потанин Г.Н. Казахо-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки. // «Живая старина».Мәскеу 2006. 82-95 б.
5.Бөкетай Б. «Ертегілердің бала тәрбиесіндегі рөлі». Балалар және қоғам. «Бала тәрбиесі ертегілер». Бөкетай.Б – Алматы 2011 №7 27-36
6.Нұрғазина Л. «Қазақ ертегілерінің бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеуде алатын орны». Бастауыш сынып. Қазақ ертегілері – аңыз, этнопедагогика. Нұрғазина Л. «Воспитание школьника-Оқушы тәрбиесі» Алматы -2013 № 3 15-18б
7.Мұхамежанова Г. «Қазақ ертегілерінің бала тәрбиесіне ықпалы». Халық ауыз әдебиеті. Халық ауыз әдебиетінің ғылымы. Мұхамеджанова Г. «Воспитание школьника-Оқушы тәрбиесі»Алматы -2013 №8 8-10б
8.Әбдіқадірова Ж. «Қазақ ертегілерінің қиялды дамытудағы маңызы». Әдебиет тарихы. Әдебиеттану. Әбдіқадірова Ж. «Ұлағат»-Алматы 2004 №2 44-49б
9. Дала уәлаяты. Бастауыш мектеп //-Алматы, «Рауан»1895. №3. 17-18 б.
10. Қ.Мәулікей. Қисса «Шәкір-Шәкірат». Алматы 2004-2006.88-96 б.
11. Қисса «Мәлика — Хасан». Алматы 2003-2008.69-74 б.

 

13 комментариев

  1. Акмарал

    Жанар апай биликти устаз

  2. Бекетова Жанар-ең мейірімді,ақылды,үздік ұстаз!өз ісінің маманы👏👏

  3. Әйгерім

    Жанар апай мақалаңыз тамаша 👏🏻👏🏻👏🏻

  4. Балсулу

    Сәттілік 💐

  5. Керемет апай
    Сәттілік тілейміз!!🙌

  6. Меруерт

    Жанар апай менің ұлымның ең сүйікті апайы. Ақ көңіл, мейірімді, балаға бар жылуын шашатын ұстаз тақырыпты өзекті ашып сауатты жазған. Казіргі таңда балалар ертегінің не екенін ұмытып барады. Осындай білімді ұстаздарымыз заманның тілімен жеткізер болса тіптен керемет. Жұмысыңызға табыс сәттілік))

  7. Сәттілік Жанар

  8. Керемет. 👏👏👏

  9. Гүлүзім

    Жанар апайға тек сәттілік тілейміз! Ертегі тақырыбын жақсы ашқан🥰 жұмысыңызға сәттілік👍

  10. Сәттілік тілеймін.

  11. Жанар апай саттілік!!!
    Тақырыпты кеңінен ашқан. Өте білікті ұстаз екені көрініп тұр. Еңбегіңіз жана берсін.

  12. b.amantaevna91@gmail.com

  13. Сәттілік ,Жанар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.