Home » Мақалалар » «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт»

«Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт»

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан – ұрпаққа  ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл — ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығын, оқу белсенділігін арттыру, оқу құдіреттілігін дамыту, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту мақсатында  «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектебімізде жүзеге асуда.

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Қасым — Жомарт  Тоқаев  Ұлттық қоғамдық сенім  кеңесінің  төртінші  отырысында  баланы  оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту  еліміздегі  орта  білім  беру  ісінің  басты  бағытына айналуы тиіс екенін ерекше атап өткен  болатын.  Баланың  оқуға  деген  қызығушылығы,  қоршаған  ортаны  кітап  арқылы  тануы — мектеп  қабырғасында  қалыптасуы  керек, — деген еді.   Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында  ҚР оқу-ағарту министрлігінің орта білім саласында    «Оқуға құштар мектеп»  жобасының   қолға  алынғандығы  баршамызға аян.

«Оқуға құштар мектеп»  жобасы  мектеп жасындағы  балалардың  кітапқа  құмарлығын  оятумен  қатар, танымдық — мәдени  дамуына жол ашады.  Сол  мақсатқа  жету  жолында  жас  оқырмандар  алдына  бірнеше  міндеттерді  жүктейді.  Ол оқушыларды   оқу мәдениетіне тәрбиелеу, кітапқа  деген  құрмет  пен  сүйіспеншілігін  қалыптастыру, ең бастысы кітапты  оқуға  құштарлығын  шыңдау  болып  табылады.  Оқушының  функционалдық  сауаттылығын арттыру жолында көркем әдебиетті оқу арқылы  тіл тазалығын сақтап, ұлттық  тәрбиеге  деген  қызығушылығын  ояту  басты  нысана  болары  белгілі. Оқырман белсенділігін  қалыптастыру  үдерісі   мектепте  заманауи тиімді технологиялар  мен оқыту  әдістері  қолданылған  жағдайда  тиімді  болады.  Мектеп  оқушысының  кітап оқу іс – әрекетін дамыту  Қазақстандағы  білімді жаңғыртуда  басым  бағыттардың  бірі  болып табылады. Ұлттың  рухани  және интеллектуалды  ілгерлеуінің  құралы  ретіндегі  оқылым  іс — әрекетіне  балаларды  және жастарды тарту мақсатында бұл жобаның үлесі маңызды болмақ. Кітап оқу  — білім мен рухани құндылықтарды  беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу  мен  білім  беру  адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге  қабілеттілігінің  жалпы  деңгейіне әсер ететіні айқын.

 Оқу  жылының  басында  Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылындағы «Жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында»   «Оқуға құштар мектеп»  жобасы бойынша жұмыс  жоспары бекітілді.    Жоба  мақсаты:  кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін, оқу сауаттылығын және оқу сапасын арттыру, сондай-ақ жас ұрпақ бойында азаматтық және рухани — адамгершілік құндылықтарды  қалыптастыру, мәдени және оқу құзіреттілігін дамыту, оқушылар, педагогтер және ата-аналар  арасында  оқуды танымал ету үшін жағдай жасау,  отбасылық  кітап  оқу  дәстүрін  арттыру. Бұл жобаны енгізудегі мақсат: Планшетпен және смартфонмен  қаруланған  бүгінгінің  баласына  нені оқытып, не көрсету керек екені кез-келген адамды, соның ішінде  ата-ананы  алаңдататыны  сөзсіз. Әрине, қазіргі  техника мен интернет  дамыған  уақытта  баланың кітапқа деген сұранысы бәсеңдегені де рас. Дегенмен, ата-ана, ұстаз, кітапханашы болып жас оқырманның кітапқа деген құлшыныстарын арттыруға болады деген мақсатта  жасақталған болатын. Жоспар  бойынша  бірқатар  іс-шаралар ұйымдастырылып,  іс-шараға мектеп оқушылары,  ата-аналар, сынып жетекшілер, мұғалімдер жұмылдырылды. Атап айтсақ: М.Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасы», Б.Соқпақбаевтың  «Менің атым Қожа», С.Мұратбековтың  «Жабайы алма», «Жусан иісі», Қ.Қайсеновтың «Жау тылындағы бала», О.Бөкейдің «Тортай мінген ақ боз ат», Қ.Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» атты шығармаларынан оқырмандар конференциялары,  ақын-жазушылардың мерейтойларына арнап «Ұлт рухының шырақшысы» /М.Шаханов-80/, «Мұқағали – қазақ поэзиясының патшасы» /М.Мақатаев-90/, «Дала шамшырағы» /Ы.Алтынсарин-180/, «Ұлт ұстазы — Ахмет» /А.Байтұрсынов-150/, «Жұлдыз тағдырлы жазушы» /Ш.Мұртаза-90/, «Мағжан Жұмабаев  — поэзияның хас шебері» /М.Жұмабаев-130/, «Сұлтанмахмұт – заман жаршысы» /С.Торайғыров-130/ әдеби-сазды кештері, «Ертегілер тосабы», «Көп оқып, көп білуге  ұмтыл», «Бар білімнің қайнар көзі — кітап» атты кітапханалық сабақтар ұйымдастырылды.

  Ертегілер  қашанда қазақ халқының өмірінде  маңызды роль атқарады.   Себебі,  ертегілердің  мазмұнында  халық қиялы, арманы, даналығы, ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі бар.  Ұрпақ тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер тілі көркем, қарапайым, түсінікті, жеңіл, түсінуі оңай болғандықтан, ертегілердің балаларға отансүйгіштік, еңбексүйгіштік, тағы басқа тәрбиелер беруде ғана емес, олардың тілін дамытуда да атқарар  қызметінің  маңызы зор. Ертегілер  бастауыш мектеп оқушыларының ой-өрісін жетілдіріп, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адамгершілік құндылықтарды бойына  сіңіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар ертегілер шешен сөйлеуге, өз ойыңды әдемі баяндауға  үйретеді. Тіл  құдіреті  сені  небір құпия сырлар әлеміне жетелейді, көзіңді ашып, кереметтерді танытады.  Осы бағытта «Оқуға құштар  мектеп»  жобасы  аясында  бастауыш сыныптар арасында  «30 сынып – 30 ертегі»  атты  кітап оқу іс-шарасы жасақталды. Іс-шараның негізгі  мақсаты: оқушыларды  кітап оқуға, оның ішінде ертегілерді  оқуға шақыру. Ертегілер арқылы жалпы  дамуға, рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, маңызын ашу, отбасылық кітап оқу дәстүрін арттыру болып табылады.  Ертегілердің  беретін тәрбиелік мәні зор. Өйткені, ертегілер жақсы мен жаманды,  дұрыс  пен  бұрысты  ажырата білуге үйретеді.  Оқушыларға  ай сайын 30 ертегі ұсынылып, әр сыныптарға жеке – жеке тапсырмалар  беріліп,   оқыған ертегі кейіпкерлерінен сурет салу, ертегілерді мазмұндау,  ертегілерден  тест сұрақтарына  жауап  беру,  ертегілерден шағын эссе жазу, ертегі  кейіпкерлерінен  қуыршақтар  сомдау, бейнероликтер  түсіру  жұмыстары тапсырылды. Оқушылар ертегілер әлеміне саяхат жасап ертегілерді сүйсіне оқыды, ертегілердің мазмұнын түсінді,  қойылымдар  қойды,  ертегі  кейіпкерлерін  сипаттады, кейіпкерлерді  бөліп  алып,  әрқайсысы  өз рөлінде шынайы ойнауға тырысты,  ертегілердің негізгі идеясын анықтап, маңызын зерттеді, ертегі туралы шағын әңгіме жазуды үйренді, ертегілер  арқылы  ой-өрісін, тіл байлығын дамытты деуге болады.

Аталған жұмыстарды қорытындылау мақсатында оқу жылы аяғында әр  сыныптармен  «Ертегілер елінде» атты интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылып,  іс-шара барысында мектеп әкімшілігі атынан жеңімпаздарға  және олардың ата-аналарына  бағалы  сыйлықтар  мен  алғыс  хаттар табысталды. Бұл шараларда мектеп кітапханашысы О. Айтуова, М. Қашқынбаева, бастауыш сынып бойынша оқу ісі меңгерушісі Ұ. Қаламбаева және сынып жетекшілердің еңбегі зор.

Сонымен  қатар биылғы оқу жылында  5-11 сыныптар  үшін  «30 сынып – 30 кітап» атты  кітап оқу  іс — шарасы жасақталып, әр сынып бойынша оқушыларға 30 шығарма оқу ұсынылды. Мақсаты: орта буын мен жоғарғы сынып оқушыларын кітап оқу мәдениетін насихаттау барысында әдеби-классик жазушылардың шығармаларын оқуға тарту, оқыған кітабын жарнамалау, насихаттауға дағдыландыру. Атап айтсақ:  сыныптарға Б.Соқпақбаев, Ы.Алтынсарин,  Қ.Жұмаділов, С.Бегалин,   О.Бөкей,  Ғ.Мүсірепов, Ә.Тарази, Д.Балтабайұлы, М.Мағауин, Б.Соқпақбаев,  Б.Момышұлы, І.Жансүгіров, Ф.Оңғарсынова,  Қ.Қайсенов, Т.Әбдіков,  С.Мұратбеков, Ш.Айтматов,  Б.Майлин, С.Мұқанов,  М.Дулатұлы, А,Бақтыгереева,  М.Әуезов, М.Шаханов,  Ә.Нұршайықов,  М.Жұмабаев,  С.Сейфуллин,  Ә.Нұрпейісов,   М.Әуезов,  Ә.Кекілбаев,  М.Мақатаев  шығармалары ұсынылды.

Мектебімізде  М.Әуезовтың  «Абай  жолы» шығармасынан   эссе жазу, С.Мұратбеков «Жусан иісі», М.Твеннің  «Гекльберри Финнің басынан кешкендері»,  Қ.Қайсеновтың «Жау  тылындағы бала», С.Елубайдың «Ақ  боз  үй»  шығармаларынан  буклет,  бейнероликтер,  Б.Соқпақбаевтың «Менің атым  Қожа» шығармасынан  суреттер байқауы, М.Мақатаев шығармаларынан мәнерлеп оқу сайысы, Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы желісінде «AQYL battle» интеллектуалды ойыны, «Менің үй кітапханамдағы  кітаптар» бейнеролик челленджі, О.Бөкейдің «Тортай мінген ақ боз ат» шығармасын талдау, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасы желісінде дебат сайысы  өткізілді.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылғалы бері оқушылардың кітапқа  деген көзқарастары өзгеріп, құштарлықтары артып келеді. Жыл санап көркем әдебиеттер саны артқандықтан, оқырмандар саны көбеюде.  Кітапхананың  кітап қоры  соңғы жылдары 2728 дана көркем әдебиет, балалар әдебиеті, ғылыми –танымдық әдебиеттермен  кітаптарымен толығып жатыр.

Жоба барысында жүргізілген кез келген шара баланың кітап оқуға қызығушылығын арттырумен қатар, рухани  құндылығымызды, тарихи деректерімізді өскелең ұрпақ бойына дарытып, патриоттық рухын ояту болып табылады. Өткізілген  қандай да  болмасын мәдени көпшілік іс-шарадан  оқырмандарымыз  теңізге тамған тамшыдай  болса да тағылым алса, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент  бола бастадым  деп  санауға  болады»  деген екен. Ендеше, тұлға болу үшін кітаппен дос болу керек. Кітап оқуға құштар, білімді оқушыларымыз көп болсын!

Маңғыстау облысы,
Қарақия ауданы
Жалпы білім беретін
мектеп-гимназиясының директоры:
Туралиева Гульмира Сәбитқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.