Home » Мақалалар » Ұлттық театр репертуарындағы «Ай мен  Айша» спектаклі

Ұлттық театр репертуарындағы «Ай мен  Айша» спектаклі

БАҚ-қа хабарлама
Ұлттық театр репертуарындағы «Ай мен  Айша» спектаклі

ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған іріктеуден өтті 

2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның шешімі бойынша Ш. Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі желісімен жазылған «Ай мен Айша» драмасы (өңделген нұсқасы) алдын ала іріктеуден өтті және конкурстың келесі кезеңіне жіберілді.  Аталмыш спектакль Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының репертуарында көрсетілімде.

 

Спектакль жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі бойынша Еркін Жуасбек жазған драма бойынша қойылды.

Сонау сұрапыл соғыс жылдары майданның барлық ауыртпалығын елде бастан кешкен ауыл адамдары, соның ішінде – «халық жауы» атанып, айдауда дүние кешкен отағасының аманаты – үш балапанын қалайда аман-есен жетілдіруді мақсат еткен Айшаның отбасы бейнеленеді. Алапат соғыс, ел ішінде де аштық, шарасыздық. Жау жағадан алғанда соғыстан бой бұғып қалған қорқаулар етектен тартқылап, осы аласапыранда қарлығашша шырылдаған Айша жанталасып, тіршілік үшін күресуде. Бұл – жалғыз Айшаның тағдыры емес, ел тағдыры. Елдің өшпес өршіл рухы бұл жолы да жасампаз. Спектакль – жеңіс үшін, өмір-тіршіліктің жалғасы үшін тылда жан аямай еңбек еткен барлық Ана мен баланың, кейуаналар мен ақсақалды аталардың ерен ерлігіне тағзым.

 

Шығармада бейнеленген  заман шындығы — Ұлы Отан соғысының тылдағы жайы. Шерхан Мұртаза соғыс салған қасіретті көріп өскен ұрпақ өкілі. Ол шығармасында 1941-1945 жылдар сипатын «соғысқа аттану, қаралы қағаз, майданға көмек көрсету, тылдағы тынымсыз еңбек» деген ұғымдармен ашып көрсетеді. Ер біткен соғысқа кетіп жатқан шақта әйелдер қауымы тылдағы ауыр еңбекті арқалады десек шындықтан алыс кете қоймаспыз. 1940 жылы әйелдердің еңбектегі үлесі 48 пайыз болса, 1942 жылы 75 пайызға дейін артты. Сандардың өзі сөйлеп тұр. Ал «Ай мен Айшадан» жесір қалса да, жеңісті жақындату үшін тылда аянбай еңбек еткен, балалардың баянды болашағы үшін сұрапыл соғыстың зардабына көндіккен әйел-аналар бейнесін жиі көреміз ( Пияш апа, Баян, Шолпан, Зиба аналар ). Айша – солардың жиынтық бейнесі. Қазақ әйелінің тектілігі мен қайсарлығын, адалдығы мен жанкештілігін бір бойына жинақтаған. Шығарманың қуаттылығы да Айша образының мықтылығында».

«АЙ МЕН АЙША» ЖӘНЕ «МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН» ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ НЕГІЗІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ДРАМАНЫҢ авторы:
 Е. ЖУАСБЕК

Режиссер:
ТҰҢҒЫШБАЙ ӘЛ-ТАРАЗИ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.