Home » Мақалалар » “Әкем, анам және мен”

“Әкем, анам және мен”

Алматы қаласы Білім басқармасының
№131 бөбекжай-балабақшасында
«Әкем, анам және мен» отбасылар сайысы өтті.

Алматы қаласы Білім басқармасының №131 бөбекжай-балабақшасында «Әкем, анам және мен» отбасылар сайысы өтті.

Сайыс мектепалды даярлық “Жұлдыз” және “Күншуақ” топтарының арасында өткізілді. Бүгінгі сайысқа 10 отбасы қатысты. Олар “Сұңқар” және “Тұлпар” командаларына бөлінді.

Сайысқа қатысушыларға көтеріңкі көңіл – күй мен батылдық сыйлап, жеңіске деген жігерлерін арттыру мақсатында сайыс таңғы жаттығудан басталды. Сергіту жаттығуларын жасап, дене қыздырып алған ойыншылар сайысқа алғашқы кезеңнен-ақ белсене кірісті.

Әр топ жеңіс мәресіне жету үшін бірнеше кезеңнен тұратын кедергілерге төтеп берді. Олар: «Қырықаяқ» эстафетасы, «Саяхатшы бақа» эстафетасы, «Асық» ойыны, «Қаппен секіру» сайысы,
«Арқан тартыс» сайысы, «Тақия алмақ» сайысы, «Жеңіске жету» сайысы, «Тасмал» сайысы. Отбасылардың бірге орындайтын спорттық өнерлерін көрсетуде жылдам, ұйымшыл және көңілді екендіктерін көру қандай қуаныш. Жарыс барысында топ мүшелері бағдарламаның барлық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, ептіліктері мен спорттық шеберліктерін таныта білді.

Сайысты бағалап, төрелік айтқан әділқазылар алқасы №131 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі: Амангелді Ботакөз, Музыка жетекшісі: Архипова Лариса Борисовна, Қазақ тілі пәнінің оқытушысы: Сусымбаева Әлия Болатовна болды.
Әр кезеңнен кейін әділқазылар алқасы өз бағаларын берді.
Сайыс қорытындысы бойынша “Сұңқар” және “Тұлпар” топтары тең нәтиже көрсетіп, достық жеңіске жетті.
Сайысқа қатысқан әр отбасы дипломдармен марапатталды.

№131 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Ботакөз Амангелді:
—Тәлімді тәрбие отбасынан бастау алса, дені сау ұрпақ – ұлт болашағы болмақ. Әр отбасында ата-ана – шаңырақтың негізгі іргетасы болып есептелінеді. Сондықтан, бала өмірінде салауатты өмір салтын қалыптастыруда әке мен ананың рөлі орасан зор. Бүгін алтын уақыттарыңызды қиып, отбасылық сайысқа қатысқандарыңыз үшін әрбір отбасыға алғысымызды білдіреміз! — деді.

Жоғары деңгейде өткен бұл шара көрермендерді қызық пен шаттыққа бөлеп, балалардың спортқа деген ықыласын арттырғандай. Балабақша мен отбасының ынтымағын арттырып, балаларға қуаныш сыйлаған бұл жарыс болашақта жалғасын табарына сенеміз.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Аманқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.