Исмагамбетова З.Н.,
филос.ғ.д., профессор
Батжанова А.А.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ
Мәдениеттану мамандығы
2-курс магистранты
Адамзат өркениетінің даму барысында бірнеше белгілі ақпараттық серпілістер болды. Олардың алғашқысы жазу арқылы ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа жетуі болса, екіншісі – баспалардың пайда болуы, ал үшінші серпіліс электрдің пайда болу нәтижесінде қалыптасқан телефон, теледидар, радио секілді т.б. ақпарат тарату құралдарының дамуымен ерекшеленеді. Ал ХХ ғасырдың соңынан басталған және тікелей постмодернизм дәуірінің дамуымен тұстас келген төртінші үрдіс — компьютерлік технологияның желілік технологиямен бірігуі нәтижесінде қалыптасқан жаңа ақпараттық серпіліс.
Осы кезеңде адамдардың сана-сезімі өзгерді. Постмодернизм теорияшылары өз назарларын заман жағдайындағы адам мен қоғам мəселесіне, сондай-ақ күрделі қоғамның қарқынды даму динамикасының ырғағында ерекше мəнге ие болған «интерперсонал» ұғымын түсінуге əрекет етті. Аталмыш кезеңдегі «постмодернизм» ұғымы тез өзгеретін əлемнің, сондай-ақ сол уақыттағы қоғамдық өзгерістерді іске асырған ағым болды.
Қазіргі цифровизация заманында техникалық дамудың, өндірістің жоғары деңгейімен және ақпараттық қызметтер мүддесімен сипатталатын ақпараттық қоғам қалыптасты. Ақпараттық қоғам — өндірістің жоғары деңгейімен және ақпарат пен ақпараттық қызметтер мүддесімен сипатталатын қоғам. Ал ол өз алдына компьютерлік революцияның дамып, адам өмірінің, қоғам идеологиясының өзгеруі барлық салаларға жаңа ақпаратты технологияларды ендіру үдерісіне алып келді. Ақпараттық қоғамды қалыптастыру елді әлеуметтік-экономикалық дамытудың ажырамас бөлігі болып табылады. Ал ақпараттық қоғам қалыптасуының басты механизмі қоғамның барлық салаларында ақпараттық технологияларды тиімді қолдану негізінде ақпараттық ресурстарды өндіру индустриясын құрайды. Бүгінгі ақпараттандыру заманында қазіргі өмірді ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес.
Ресей теоретигі М.Н. Эпштейн постмодернизм мəдениетін зерттей отырып, енгізілген жаңа ұғымдар мен осы кезеңді сипаттайтын түсініктер ішіндегі ең айқын көп кездесетіндерін қарастырады. Олардың ішінен «симулякр» (түпнұсқасыз көшірме), «интертекстуалдылық», «деконструкция», «іздер ойыны», «шындықтың жоғалуы», «автор өлімі», «артық əңгімелеудің жойылуы», «антиутопизм жəне постутопизм», «рационализм мен универсализмнің күйреуі», «логоцентризм мен фаллоцентризмнің күйреуі» (еркектер ұлтшылдығы), «фрагменттілік», «эклектика», «плюрализм», «релятивизм», «мəндерінің таралуы», «қосарлы оппозицияның күйреуі», ««білдіретінсіз білдіретін» (означающие без означаемых), «көп мəдениеттілік», «скептицизм», «кекесін» (ирония), «пародия», «пастиш» сияқты ұғымдарды ерекше қарастырып, олардың дамуының және қоғам өміріне сіңісуінің нәтижесінде техникалық құралдардың көмегімен виртуалды әлем, виртуалды шындық түсініктері қалыптасқанын байқайды.
Компьютерлік виртуалды әлем технологиялары адам қызметінің көптеген салаларында: медицинада, криминалистикада, әскери істе, сәулетте, білім беруде, метеорологияда және т.б. салаларында қолданылады. Виртуалды шынайылықтың көптеген түрлері бар, бірақ олардың көпшілігі пайдаланушыларға кең ауқымда қол жетімді емес. Алайда виртуалды әлем Интернеттің, яғни коммуникативтік виртуалды әлемнің, дамуына байланысты қазіргі ақиқаттың ажырамас бөлігіне айналды.
Постмодерннің негізгі бағыты және виртуализмнің ерекше белгісі — интерактивтілік. Сондықтан «виртуалды әлем» ұғымы екі түрлі мағынаны білдіреді: «қиялдану және көріну» мен «потенциал және шындық». Интерактивтілік психикалық интерпретацияны көркемдік нысанды материалдық түрде өзгертетін нақты әсермен алмастыруға мүмкіндік береді. Көрерменнің, оқырманның бақылаушы рөлінен жасаушы, тудырушы рөліне ауысуы эстетикалық сананың жаңа түрін қалыптастырады. Адам миындағы нейрондар нақты әлемнің элементтері сияқты виртуалды элементтерге де жауап береді. Сондықтан адам виртуалды ортаны қабылдайды және виртуалды әлем ішінде болып жатқан оқиғаларға шынайы өмірдегідей жауап береді. Ал өнердегі виртуалды шындық — компьютерлік құралдар жасаған жасанды орта, оған кіруге болады, оны ішінен өзгертіп, нақты сезімдерді сезінуге де мүмкіндік тудырады.
Теориялық тұрғыдан алғанда, виртуалды шындық классикалық емес эстетиканың салыстырмалы түрде жаңа ұғымдарының бірі болып табылады. Дегенмен, адамдар жаңа ғасырда ғана емес, бұрыннан өз қиялдарынан туған түрлі әлемдерді, дүниелерді жасаған: теориялық конструкцияларда, түстерде, армандарда, ойындарда, көркем шығармаларда және т.б. Оған бірден мысал көркем әдебиеттегі Р. Толкиннің «Властелин колец», Дж. Роулингтің «Гарри Поттер», Дж. Мартиннің «Песнь льда и пламени», сондай-ақ, көркем шығармадан гөрі компьютерлік ойын жанрындағы әлемі бойынша танымал болған «Warcraft» не «Ведьмак» туындыларын және компьютерлік ойын негізінде түсірілген кино/мультсериалды нұсқасы бар «Mortal Kombat» туралы айта кету жөн. Демек, мұндай ғаламдар бұрын да болған, бірақ адамдар оны тек өз қиялында ғана елестете отырып, оларды қызықтаған.
Бүгінгі күні адамдарда арнайы компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы өзге шындықты жасаудың, сол шындыққа енудің, өз көзімен көріп, қолымен ұстап көрудің мүлдем жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Мысалы, музей ісінде де, көркем бейнелеу өнерінде де VR/AR технологиялар өз орнын тауып, қоғам мәдениетінде жаңа бағыттар пайда болды. Мәселен, 1993 жылы қыркүйекте Нью-Йорк қаласында суретшілер Дж. Шоу және Г. Гренефельдтің «Сквозь зеркало» атты алғаш виртуалды көрмесі өтті. Ал бүгінгі таңда әлемнің кез келген мұражайында кез келген адам үйінде отырып виртуалды гид арқылы экскурсия жасай алады, тек мұражай мен галереялар ғана емес, әлемнің кез келген қаласында виртуалды түрде қыдыра алады. Онымен қоса, кинотелеиндустриядағы цифровизация дамуының биік сапасы мен деңгейін санамағанда, бүгінде кез келген театр қойылымында да виртуалды түрде болып қайту мүмкіндігі бар.
Қорытындылай келе, постмодернизм дәуірінен бастау алып, қазіргі цифровизация заманында әлдеқайда актуалды мәселеге айналған ақпараттық қоғам мен ақпараттық мәдениетті тек компьютермен дұрыс жұмыс істей білу ғана емес, кез келген ақпарат көзін: ғаламторды, бұқаралық ақпарат құралдарын, кітаптарды, анықтамаларды, сөздіктерді, энциклопедияларды, бағдарламаларды, т.б. дұрыс пайдалана отырып, алынған мәліметтерді ой елегінен өткізіп, талдай отырып, медиа және виртуализация әлемін де түсіне білу — адамның тұлға ретінде қалыптасуы үшін, қоғамның заман талабына сай дамуы үшін тікелей қажеттілік болып табылатынын естен шығармаған жөн.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Жаһандану және Қазақстанның заманауи мәдениеті. Ұжымдық монография. – Алматы: Қазақ университеті, 2019. – 332 б.
- Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет
- Кастельс М. Галактика Интернет. Екатеринбург, 2004. — 298 с.
- Маньковская И.Б., Мотлевский В.Д. Виртуальная реальность. /Культурология. XX век- 373 с.