Home » Мақалалар » Қазақ халқының тұрмыс- салт әндері

Қазақ халқының тұрмыс- салт әндері

Тасқожаева Дармина Патшаханқызы
Түркістан облысы Созақ ауданы
Таукент кенті І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінің
музыка пәні мұғалімі
Тұрмыс-салт жырларында көне эпостық шығармаларға негіз болған мұң-шер өлеңдері мен саят жырларынан бастап, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты, қуаныш пен сүйініш-күйінішті көрсететін лирикалық ән-өлеңдер де, тарихи шағын жырлар да кездеседі. Соның ішінде наурыз жырлары, төрт түлік мал туралы өлеңдер ең көне түр болып саналады. Мұндай жырларда ежелгі адамдардың еңбекөлікәсібі, түрлі тотемдік түсініктері, табиғаттың жұмбақ сырына үңіліп, оған табынудан туындаған ұғым-түсініктері сипатталады. Мысалы, “Қамбар ата”, “Шопан ата”, “Зеңгі баба”, “Ойсыл қара”, “Шекшек ата”, т.б.

Түркі халықтарының тұрмыс-салт жыры тақырып, мазмұн, түр, жанр жағынан ұқсас келеді. Мысалы, нәрестенің дүниеге келуі, үйлену, дүниеден қайту, жаңа жыл салтанаты, еңбек мерекесі, т.б. дәстүрлі салттар түркі халықтарында өлең-жырсыз өтпейді.

Қазақтың тұрмыс-салт жырлары жеке немесе топтасқан түрде белгілі бір әуенмен орындалады. Қазақ зерттеушілері тұрмыс-салт жырлары терминін түрліше қолданған: салт өлеңдері (Ә.Диваев, Б.Кенжебаев), сарындама (Ахмет Байтұрсынұлы), сыншылдық салт өлеңдері (М.Әуезов), салт өлең-жырлары (С.Сейфуллин), тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалар (М.Ғабдуллин), әдет-ғұрыппен байланысты өлеңдер (Бекмұрат Уақатов), т.б. Уахатовтың “Қазақтың халық өлеңдері” (1974) еңбегінде тұрмыс-салт жырларының көне түркілік дәуірден бергі үлгілері мен жиналу, зерттелу жайы жан-жақты қамтылып, өлеңдер жанрлық тұрғыдан 4 түрге жіктелген. Алайда халықтың тұрмысы мен салты үнемі өсу, жаңару үстінде болғандықтан жырларды жіктеу де өзгеріске ұшырап отырады. Ғылымдағы соны көзқарастар нәтижесінде тұрмыс-салт жырлары да жаңаша тұрғыдан саралана бастады.Қазақтың тұрмыс салт дәстүрінің өзгеруіне байланысты әндеріде өзгеріп отырған. Тақырыбы жағынан қандай мақсатта айтылуы бірнеше топқа  жіктеледі . Атап айтар болсақ , тұрмыс-салт өлеңдері (төрт түлік туралы өлеңдер, наурыз өлеңдер),дінге байланысты салт өлеңдері (жарапазанарбаужалбарыну, бақсы сарыны, бәдік),үйлену салт өлеңдері (тойбастаржар-жарсыңсубеташар),мұң-шер өлеңдері (қоштасуестіртукөңіл айтужоқтау),өтірік өлеңдер, т.б.   Солардың бірі үйлену салт дәстүрінде тойбастар — қыз ұзату, үйлену, т. б. тойларда айтылатын өлең түрі. Үйлену тойының ең соңғы күнінде жігіттер мен қыз-келіншектер жиналып, қоштасу кешін өткізеді. Сол кеште жастар жағы әр түрлі ұлттық ойындар ойнап, көңіл көтеріп өлең айтады. Той аяқталғанда тойбастар әні айтылады. Тойбастардың мазмұн-мақсаты той иесін мадақтап, отбасы құрғалы отырған екі жасқа игі тілек, бата, ақыл-кеңестер айту. Айтушының қабілетіне қарай жаттанды өлең түрінде де, жанынан шығарылып та айтыла береді. Өлең құрылысы, ұйқасы көбінесе қара өлең, жыр үлгісінде келеді. Тойбастар шілдехана, сүндетке отырғызу тойларында, үй-ішінің, ауылдың, қаланың басқа қуаныш-қызықтарында айтылады. Тойбастар жиын-тойдың аяқталғанын, бірақ қуаныштың алда да жалғаса беретінін білдіреді.

Дінге байланысты салт өлеңдердің бірі жарапазан — қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама-шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, Жарапазаншыларды риза етіп жіберетін болған. Жарапазан мәтіні айтыла-айтыла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құрылады. Мазмұн жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады. Ең алдымен, Жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады.Мұң-шер өлеңдеріне келетін болсақ жоқтау немесе элегия — дауыс қылу деп те аталады, қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой,бауырым» деп ат қойып шауып келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі. Міне осы секілді тұрмыс -салт әндері дәстүрімізде көптеп кездеседі. Келешегі көркем болашағы жарқын қазақ жұрты еліміздің дінін,салт- дәстүрін , мәдениетін бойға сіңіріп өссе, қазағымның ойшыл ұлағатты тұлғасы болып қалыптасуына зор сеніммен қараймын! Біз келешек үшін мақсат қойсақ ежелден келе жатқан салт дәстүр мен әндерін ұмытпауымыз қажет!

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.