Матжанова Айнагүл Тұрлыбекқызы
Қостанай облысы
Ұзынкөл ауданы
«Обаған орта мектебі» КММ
«Балапан» шағын орталық тәрбиешісі
«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» Абай Құнанбаев.
Ойын баланың даму құралы, тәрбиелік дамытушылық мәнге ие бола отырып, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Неге десеңіз, ойын төзімділікті, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздылықты, сондай-ақ, басқа да сапалық қасиеттерді қалыптастыруға септігін тигізетін тиімді әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту мен тәрбиелеу баланы жалықтырмайды, қызығушылығын оятады, белсенділігін арттырады, денсаулығын нығайтады. Балалардың ертеңгі үлкен азаматтыққа жалғасатын жеке басының ерекшеліктері, беделдері оның бүгінгі ойын әрекеті үстінде қалыптаса бастайды. Ойын арқылы баланың шығармашылық мүмкіндіктері, эмоционалдық көңіл-күйі және ерік-жігері бүршік атып, білінеді. Ойындардың өзі бірнеше бөліктерге бөлінеді: дидактикалық ойындар, қимылды ойындар, ұлттық ойындар, сюжетті-рөлдік ойындар.
Ойынның негізгі ерекшелігі – Балалар үнтүнсіз ойнамайды. Тіпті жалғыз болғанның өзінде де сөйлесіп жүреді. Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен рөл атқарады. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Сонымен қатар ойын балаға қажет нәрсе. Ол ойнап жүрген де шаршағанды да білмейді. Сондықтан да оқу қызметінде кез келген тапсырманы ойын түрінде ұйымдастырып , орындатуға болады. Мысалы, сандарды 0-ден 10-ға ретімен «жай санап бер» дегеннен гөрі, сандарды шарға жазып ретімен санап, орнына орналастыру тиімді. Бала ойын арқылы білім алып жатқанын өзі байқамай қалуы мүмкін. Бірақ, ол білім-тәрбиені біреудің қысымынсыз, күштеуінсіз, еркін үйренеді. Одан ләззат алады. Ойынның психологиялық құндылығы, құпиясы осында. «Ойлы бала ойыннан белгілі» деп халық тегін айтпаған. Бала ойын арқылы дүниені танып, түйсігі арқылы қабылдап, ересектерге еліктей жүріп есейеді. Ойынға қатысатын балалармен тіл табысып, қарым-қатынасы арта түседі. Мысалы: қазақтың ұлттық ойындары баланы өз бетімен білім алуға, ептілікке, зеректілікке үйреткен. Сондықтан жеке тұлғаны қалыптастыруда ұлтық ойындардың бірі «Ханталапай» ойынын онаттым. Бұл ойында балалар асықтарды санай отырып, шапшандылыққа бейімделеді, сандар қатарын тез меңгереді. Бұл ойынды ойнатқан кезде, әсіресе ұяң, баяу балаларды көбірек қатыстырдым. Өйткені, тапсырма оңай болғандықтан, бұл ойын осындай балалардың ашылуына септігін тигізеді.
Мысалы, «Бәйге» ойынын алайық. Ең, алдымен бәйгеге қосатын тұлпарды белгілейміз. Содан кейін, ойын барысында екі бала қолдан жасалған аттың үстіне мініп, қолына қамшы алып, белгі берілген кезде, жарысып келеді. Сол себепті, балаларды ұлттық ойындарға қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын бағалап отыру қажет. Ойын кезінде тәрбиешілерге қойылатын негізгі шарттар да бар. Олар: тәрбиеші мен баланың арасындағы достық пен ынтымақтастықтың сақталуы, ұсынылған ойындарды меңгеру, оның балаға қызықты әсер етуі, баланың қабылдауы, ойын кезінде есте сақтауы, балаларға берілетін тапсырманың ауыр болмауы, осы жұмыстар баланың денсаулығын нығайтуға әсер ететіндей болуы шарт. Себебі, ойын арқылы баланың болашаққа көзқарасы қалыптасады. Кішіге қамқорлық көрсету, әлсізді қорғау, ренжітпеу, жолдастармен ойын барысында бірлесе шешім қабылдау, үлкенді сыйлау, басқа адамның еңбегін бағалай білу дегенді олар күнделікті ойын негізінде сезінеді
Сонымен қатар, өз тәжірибемде жаңа бағдарлама түйінділерінің бірі ойындардың үш түрін қолданамын. Олар. 1) Тәрбиешінің жетекшілігімен ойналатын ойын. 2) Құрылымдалған ойын. 3) Еркін ойын. Бұл ойындарды әсіресе ұйымдастырылған оқу қызметінде, серуен кезінде және бос уақыттарда қолдандып отырамын. Тәрбиешінің жетекшілігімен ойналатын ойында тәрбиеші бастап айтып тұрады, ал балалар қимылдарын көрсетеді
Ал, екінші ойынның түрі құрылымдалған ойын. Үлгі бойынша орналастыру тәсілдерін қолдана отырып, суреттер құрастыра алады. Ең алдымен балаларды ойынның шартымен таныстырып алдым. Бірінші ойынды бастамай тұрып, балаларға үлестірмелі материалды беріп, қалай ойнау керектігін түсіндірдім. Сосын балалар, әрі қарай өздері жалғастырып ойнап кетеді.Ал, тәрбиеші болса тек бақылап қана отырады.
Үшінші ойынның түрі еркін ойын. Еркін ойынды балалардың бос уақыттарында ойнаттым. Бұл ойынды балалар топта өз еріктерімен ойнайды. Ойынның маңыздылығы балалар бір-бірімен қарым-қатынас дағдыларын қалыптастырады. Бұл ойынның тиімдісі балалар ересектердің көмегінсіз ойнайды. Балалар ойын ойнап жүрген кезде, сырттай бақылау жасап, олардың іс-әрекетін қадағаладым.
Ойын арқылы алған тәлім-тәрбие балаға дұрыс жол көрсетеді. Қазақ халқында: «Баланы ойын өсіреді», деген тамаша сөз бар. Расымен де, бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, денесі ширай түседі. Халқымыз өмірге дені сау, шыныққан балалар тәрбиелеуге аса мән берген. Осы жолға бізде үлесімізді қосып, балалардың ойындарына жауапкершілікпен қарайық.