Хабдина Нурбике Елубаевна
Алматы мемлекеттік
политехникалық колледжінің
тарих пәнінің оқытушысы
Қазақ даласында орын алған тарихи оқиғаларды зерделейтін еңбектер ұлтжанды әрбір азаматтың назарынан тыс қалдырмайтыны сөзсіз. Қазақ халқының басына түскен аумалы-төкпелі заманның бірі – Қазақ жерінде 1867-1868 жылдардағы жүргізілген реформалар. Бұл реформалар негізінде еліміздің басқару жүйесіне біршама өзгерістер енгізілгендігі анық.
1867-1868 жылдары Қазақ жеріне орнатылған әкімшілік-басқару жүйесі ең жоғары сатысы генерал-губернатор кеңсесінен бастап, оның ең төменгі сатысы болыс басшылары мен ауыл старшынына дейін бүтіндей ғасырлар бойы ішкі ресейлік тарихи эволюция нәтижесінде қалыптасқан басқару жүйесі болатын [3, 90].
Қазақстанда жүргізілген реформалар туралы зерттеулер тарихи еңбектерде де, әдеби шығармаларда көрініс тапқандығы белгілі. Дегенмен, бұл тақырып әлі де зерттеуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі. Сонымен қатар, бұл зерттеулерде ерекше назар аударыралатын мәселе – болыс басшыларының тарихи тұлғасы мен күнделікті қызметі жайында.
Патшалық Ресей империясының Қазақстанның басқару жүйесіне өзгеріс енгізуі отарлық мақсатта болғандығы мәлім. Орыс тарихи шындығында қалыптасқан бұл басқару жүйесінің қазақ қоғамына сәйкес келуі немесе келмеуі «Ережені» даярлаған Дала комиссиясын аса қатты толғандырған жоқ еді. Бұл арада ресми құжаттарда айтыла бермейтін ірі мақсаттар көзделгендігі де анық. Олардың ең негізгісі, әрине, қазақ қоғамының іргелі экономикалық, әлеуметтік және рухани негіздерін әлсірету [3, 91].
Патшалық Ресей империясының қазақ жерінде жүргізген отарлау саясатында болыс басшыларына артылған жүк қандай еді?
Белгілі бір уақытқа дейін болыс басшыларынның қызметіне деген көзқарас кеңестік дәуірдің ықпалымен қалыптасып келді. Тарих оқулықтарында болыс деген жергілікті билік жүйесіндегі ең қанаушы таптың басты өкілі ретінде сипатталды.
Бүгінгі күннің міндеті – болыстардың ел басқарудағы саясаты патша үкіметінің ықпалында болды, олардың атқарған қызметі қарапайым халық мүддесіне қайшы келді деген пікірлердің мән-жайын саралау болмақ. Әрине, мұндай ой Патшалық Ресей империясының отарлық саясатын жоққа шығару немесе оны қолдағандықтан туындап отырған жоқ.
Сөзіміздің дәлелі ретінде тарих беттерінен мынадай мәліметті келтіргіміз келеді: «болыс басқарушысы өз болыстығындағы билігін жүзеге асыру барысында «тыныштық пен тәртіптің» сақталуын, алым-салықтың жиналуын қадағалап отыруға міндетті болды. Жергілікті халық өкілдері болыстық және ауылдық деңгейдегі басқару орындарына ғана тартылды. Одан жоғары деңгейдегі басқару орындары отаршылдардың әскери адамдарынан құрылды» [2, 403]. Сондықтан, болыстықты биліктің ең төменгі сатысы деп түсінсек, олар жоғарыдан түскен жарлықты орындаушылар ғана болып қалғандығы тарихи ақиқат. Бұдан кеңес заманында халық үшін адал қызмет еткен болыс басшылары дәлелсіз айыпталып, кінәсіз қараланғандығы анықталып отыр.
Бастапқы ойымызды әрі қарай сабақтай келе, Бөкей Ордасының болысы Мақаштың тарихи бейнесі мен халық алдындағы адал қызметі жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік.
Атышулы Бөкей Ордасында халыққа қызмет еткен болыс басшыларының жетіп артылатыны хақ. Оның ішінде атақты Жәңгір мектебінен тәлім алып, халқына адал қызмет еткен ұлы тұлғалар да бар. Бұлардың әрқайсысы туралы ғылыми мақалалар мен жеке еңбектер жазуға болады. Солардың бірі – болыс Мақаш (Мұхамбетжан) Шолтырұлы Бекмұхамбетов. Ол 1830 жылы Ішкі Орда, қазіргі Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының Сасықтау деген жерінде дәулетті отбасында дүниеге келді. Ол туралы ресми анықтамаларда қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, этнограф, шешен, би, әкім, күйші делінеді [1, 186]. «Мақаш тумасында Шеркеш, одан Қойыс, Қойыстың Дербес бөлімінен» деп келтіріледі Ө. Әлімгереев өз еңбегінде [4, 10].
Мақаш Атырау мен Ақ Жайықтың бойында елу жылдай ел басқарған, оның сан қырлы қызметтері тірі кезінде бағаланып, ел арасында үлкен құрметке ие болған билеуші. Мақаш болысты халық құрметпен правитель деп атаған. Оның халық арасында «Мақаш правитель» аталуының өзіндік себебі бар, ол елді әділдікпен басқарып қана қоймай, халықтың жағдайын түсініп, көмекке қол ұшын созған адам. Бұл жөнінде Ө. Әлімгереев: «Мақаш туралы сөз қозғағада ескеретін бір ерекшелік – ілгеріде сөз еткеніміздей, ел ішіндегі кешелі-бүгінгі қандай қариямен сөйлессеңіз де, оны қолындағы билігін пайдаланып, біреулерге зорлық жасапты, әлеуметтік теңсіздікке жол беріпті демейді, қайта барынша адал, адамгершілік қасиеттері мол болған деп мадақтайды. Оған дәлел ел ішінде әңгімелер көп-ақ» [5, 28], – деп жазады.
Жоғарыда айтылғандай, Мақаш болыс Жәңгір мектебінің түлегі, Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітірген. 1852 жылы корпусты тәмамдаған соң Орда қаласындағы Бөкейлік Уақытша кеңестің аудармашылық қызметіне орналасады да, осында үш жыл еңбек етіп, артынша Каспий жағалауындағы 1-ші және 2-округтерге әкімдік қызметке жоғарлатылады. Ол 1886 жылға дейін (бірақ қай жылы бастағаны белгісіз) екі округке қатар, ал 1886 жылдан бастап екінші округке әкім болған. Ол 1892-1897 жылдары жоғарыдағы Уақытша кеңесте кеңесші қызметін атқарады да, артынша әкімшілік басқару қызметінен біржолата босатылып, жасауыл шенінде зейнеткер атанады. Мақаш басқарған округтер территориясы қазірше айтсақ, Исатай ауданының Таскран учаскесінен Астрахань облысының Құмөзек ауданына дейінгі кең алқапты қамтиды. Ол Құрманғазы, Исатай, Индер, Ресейдің Қызылжар, Володар аудандарының тұтас және ішінара бөліктері кіреді. [5, 26].
Расында да, ел ішінде Мақаш болыстың өмірі мен қызметі туралы ұлағатты әңгімелер көп. Зерделі, парасатты кісі болған деседі жергілікті халық. Ұлт келешегіне көңіл бөліп, Мақаш болыс басты назарды оқу, білім, ғылымды насихаттауға аударғандығы белгілі. Оның ағартушылық еңбегінің өзі – бір төбе. Халқымыздың бай ауыз әдебиетін жинап, әдебиетке де бір кісідей еңбек сіңірді. Өз заманында баспасөзге түрлі тақырыпта мақалалар жариялаған. Ол мақалаларда туған халқының шаруашылық өмірі, оның әлеуметтік-экономикалық салдары, тек қазақтарға тән жанашырлықпен суреттеледі. ХІХ ғасыр басында атақонысына қайта оралған қазақ көшпенділерінің жай күйі, олар кезіккен қиыншылықтар Мақаш шығармаларында кеңінен көрініс тапты. Мақаштың 1894 жылы «Астраханские ведомости» газетінің 4-ші санында «Қазақтардың тұрмысы мен мұқтаждарды» деген көлемді мақаласы шықты. Онда ол: «Қазақтар тумысынан ақылды, батыл да сергек, бейімделгіш және болашағын болжағыр жандар, ал олардың тұрмыс-тіршілігінің мұншалықты артта қалуының басты себебі, еріншектік емес, керісінше көшпенділік, бар есіл-дерті мал қамы, қолайлы құдық, қоныста болады да, өз жайларын ұмытады. Келешекте мұндай тұрмыс-салтты өзгертіп, отырықщылыққа ауысуы керек» деген пікір айтты. Этнографиялық бағытта жазған еңбектерін орыс зиялылары жоғары бағалаған. Сонымен қатар, Мақаш өз кезінде жастардың білім алуына, орыс тілін меңгеруіне ерекше ден қойды. Ол «Ең басты нәрсеге – жастардың білім алуына келетін болсақ, онда бұл әрбір қазақтың орыс тілін еркін меңгеру, сөз жоқ, бірінші орын алды. Бұл жөнінде менің кәміл сенімім даусыз ақиқат ретінде ешбір түсіндірмені қажет етпейді. Бірақ өз қандастарымның оны көз алдына елестету үшін мен олардың жадына мынаны салуға тиіспін. Өзіміз мүшесі болу бақытын иеленген сан миллион адамы бар мемлекет орыс тілінде сөйлейді, мемлекеттік заңдар тек қана орыс тілінде жазылады, ақырында орыс тілі – қазіргі заманғы ғылымның тілі, ал бәрінен де маңыздырағы сол – осынау аса бай тілге қол жеткізу үшін бізге жол ашық» деп ағынан жарылды. Шынында да, ұлылықтың үлгісіндей болған Мақаш болыс бойындағы тәңірі берген бар қабілет мен жігерін ұлт игілігіне арнаған үлкен парасат иесі еді.
Мақаштың көбірек назар аударғаны қазақ топырағындағы құқықтық жағдай, дағдылы әдет құқына қатысты мәселелер болады. Олай болу себебі, Ресей империясының 60-70 жылдардағы Қазақстанды барлық жағынан толық бағындырып, қоғамдық басқару тәртібіне өз заңдарын, яғни оесейлік заңдарды қолдана бастауы. Онымен қоса, Мақаш әкімшілік еткен кезеңде Атыраудың терістік бетінің, соның ішінде Нарын құмының экологиялық жағдайын сауықтыруда біраз оңды қадамдар жасалынды. Бұл істер 1930-40 жылдарға шейін жалғасты. Бұл Мақаш сынды үлкен жүректі адамның туған жерінің шұрайын келтіріп, шырайын арттыруға деген қамқорлығының жарқын көрінісі.
Қазақстанның өзге бөліктерімен салыстырғанда Бөкей Ордасында жер мәселесі өте шиеленісті болды. Қазіргі Астарахань облысының Қызылжар, Володар аудандары, керек десе Астраханның өзі де, территориялық жағынан бір кездегі қазақтың, дәлірек айтсақ, Дешті Қыпшақтың жері. Бірақ кейін қалмақтардың басып алуы, одан орыс патшалығының қол астына өтуіне орай ата жұрт тізгіні қолдан шығып кетті. Міне, Мақаш ақ патшаға осы жайларды түсіндіре отырып, тым болмаса жоғарыдағы екі аудан аумағын ата жұртына қайтаруға рұқсат беріңіз деп хат жазды. Жалпы алғанда, Мақаш болыс өз елінің патриоты ретінде Ресей әкімшілігіне қазақтардың жер мәселесіне қатысты наразылығының себептерін ашып көрсетіп, осы бойынша патшаға 8 хат жолдаған. Мақаш болыстың Құрманғазыны абақтыдан аман алып қалғандығы туралы да деректер бар. Астрахань абақтысынан қашып шыққан күйші Мақаш болыстың алдына баруға шешім қабылдайды. Мақаш оны жақсы қабылдап, қол ұшын беріп, көмектеседі. Зерттеулерде айтылатындай, Құрманғазы болыстың көмегімен Алтынжар аралының батысында орналасқан Сахмада өмір сүріп, күн кешеді. Бұл деректер Мақаш болыстың халық қамын ойлаушы, әділ билеуші екендігін байқатады.
Мақаш ақыл айтар ақсақалдық дәрежесінде 1904 жылы дүние салады. Оның кесенесі Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ганюшкин ауылы территориясында орналасқан.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері талай тарихи тұлғалар туралы сыр шертетін еңбектер жарық көрді. Бұл заңды құбылыс. Себебі, тарих өткенді сараулауға, барды бағалауға жол ашады. Осы орайда, қазақ халқы үшін еңбек еткен, ұлт өркендеуіне үлес қосқан болыс басшыларының есімдерін жаңғырту – заман талабы. Шындығында, қазақ даласын басқарған білімді, өнегелі, ұлт қамын ойлаған Мақаш сынды болыс басшыларымыздың тарихи тұлғасын мен адал қызметін тану біз үшін парыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы, 2002. – 186-б.
- Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т – Алматы, 1999. – 403-б.
- Қойгелдиев М. Жетісудағы Ресей билігі (XIX ғ-1917 ж). Монография. Алматы, 2004. – 90-91-бб.
- Әлімгереев Ө. Ғибратты ғұмыр. Зерттеу//Мақаш әкім. – Алматы: «Арыс», 2004. – 10-б.
- Әлімгереев Ө. Мақаш әкім. Зерттеу//Ғажайып ғұмыр. – Алматы: «Арыс», 2001. – 26-28-бб.