Ғылым – адам қызметінің нәтижесі. Қазіргі әлемде адамдардың көпшілігінің өмірінің негізін технологиялық жетістіктер құрайды. Елімізде 12 сәуір – ғылым күні болып бекітілген және сол ғылымды дамытып, Қазақ КСР Ғылым Академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Кеңес Одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – Қазақстандағы ғылыми және техникалық дамудың көшбасшысы болды. Қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, Шығыс елдерінің ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы КСРО алғашқы академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстандағы Ленин сыйлығының бірінші иегері.
2024 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен акадимиктің мерейтойы қарсаңындағы атқарылатын мәдени және рухани іс-шаралар туған жері – Баянауылдан бастау алмақ. Осы орайда Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті және №176 мектеп-гимназияның бірлесуімен ұйымдастырылған бүгінгі семинар қазақ елін әлемге танытқан тау тұлғаның еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Халықаралық конференция жұмысына Алматы қаласы білім беру ұйымдарының тарих пәні мұғалімдері мен еліміздің және шет елдік ЖОО оқытушылары қатысты.
2023 жылы ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойын атап өту үшін жалпыреспубликалық жоспар дайындалып, үлкен жұмыстар жасалуда. Біз де ұлы тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында мектебізде ашылған «Тұлғану» үйірмесі (жетекшісі Тоқсанбаев Алмас Коргаджанович – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, PhD) аясында көптеген жұмыстар жасалды. Ең алдымен 8-9 сынып оқушылары ғалымның ғұмыр жолын айшықтауға арналған Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» романын оқып, 6 бөлімнен тұратын «Қаныш. Қазына» телехикаясын тамашалады. Сонымен қатар Ғалымдар үйіндегі Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейі, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Қ.Сәтбаев атындағы №56 гимназияға өлкетанулық саяхат жасады. Үйірме жұмысының жандануына мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Г.К. Джакупова мен Б.Ж. Жаксылыкова белсенді үлес қосуда.
Семинар жұмысында «Тұлғатану» үйірмесінің мүшелері (8 «Д», 9 «В» сынып оқушылары) «Қ. Сәтбаевтың 7 кереметі» тақырыбында баяндама және «Қаныш Сәтбаевтың мұрасы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында арнау арнады. Сонымен қатар, «Қаныш. Ғұлама» тақырыбында көрініс қойылды.
Халықаралық конференцияның тарихи сабақтастығы бар. Бұл ең алдымен қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан Қ. Сәтбаевты ұлықтау, екіншіден №176 мектеп-гимназия директоры Дуйсенбекова Нуржамал Есиркеповнаның ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2023 жылдың 12-26 қараша аралығында әлемдік білім берудің астанасы – Ұлыбританияға жасаған тағылымдасы. Осы сапары тарихи сабақтастық, яғни Қ. Сәтбаевтың Ұлыбританияға сапарының бүгінгі ғылыммен байланысы. Осы байланысты нығайтуда Нуржамал Есиркеповна «Қазақстан-Англия байланыстары: тарихи сабақтастық» тақырыбында баяндамасын ұсынды.
Халықаралық семинар жұмысына шет елдік ғалымдар да онлайн байланыста қатысып, өз баяндамаларын ұсынды Қ. Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне байланысты Түркия Республикасы Минан Синар атындағы Өнер университетінің профессоры Абдуақап Қара «Қ.И. Сәтпаевтың ғылыми зерттеулерінің бүгінгі таңдағы өзектілігі» тақырыбында өз баяндамасын ұсынып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Ұлт тарихына, қазақ ғылымына, өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың адамдық болмысы мен елеулі еңбегін насихаттау, сол арқылы өскелең ұрпақты елі мен жерін сүюге, отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында өткізілген халықаралық семинар өте жоғары деңгейде өткізілді. Халықаралық семинар соңында ұйымдастырушыларға алғыс хат пен қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Дуйсенбекова Нуржамал
№176 мектеп-гимназияның директоры
Алматы қаласы
Төлегенов Абылай
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Алматы қаласы