Home » Мақалалар » Тоныкөк ескерткішінің зерттелу жайы, жыр-дастанның ерекшелігі

Тоныкөк ескерткішінің зерттелу жайы, жыр-дастанның ерекшелігі

Кенжебекова Гульнара Сапаралиевна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп –лицейінің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

Тоныкөк ескерткішінің зерттелу жайы, жыр-дастанның ерекшелігі

Тоныкөк  жазба  ескерткіші – әлемде әлі көптеген ұлыс әліпті таяқ деп білмейтін кезде Түркі қағандығы тұсында үлкен қабырға түркінің төл жазуымен тасқа қашалған аса көлемді жазба жыр-дастан, мақтан тұтатын бірегей мұрамыз. Тоныкөк жазба ескерткіштерін оқып, аударуға В.В.Радлов, С.Е.Малов, Х.Н.Оркун және басқалар тікелей араласты. Ал Ғ.Айдаров, Қ.Сартқожа мен Н.Базылхан Тоныкөк кешенін зерттеумен де, ондағы жазбаларды аударумен және сөзбе — сөз салыстырумен айналысты. Орхон бойындағы қабырға тастарға түсірілген көлемді жазба ескерткіштердің ішінде Тоныкөк жазбасы нағыз поэзия үлгісінде жасалған, басы мен аяғы бүтін, тұтастығы сақталған, түркі қағандығын орнатудың бір келелі кезеңі арқау етіп алынған, идеясы айқын, концепциясы түйінделген, айтпақ ойлар философиялық толғаулармен тұжырымдалып, көркем тілмен жазылған эпостық шығарма болып табылады. Бұл жазба шығарма ұсынар идеясы негізгі өзек ретінде тартылып, мазмұны мен сюжеті бір-бірімен біте байланысқан он бір жыр-толғаудан құралған. Шығарма құрылысы өзге жазба ескерткіштерге мүлде ұқсамайды. Атап көрсетсек, жазба ескерткіштің бастауы есебінде бірінші толғауда ақылды, білімді әрі айлалы саясаткер Тоныкөк дана әуелі өзі жайлы сосын түркі халқының табғаштарға бағынып, ауыр азапқа түскені жайлы баяндады. Мысалға, Тоныкөк жазба ескерткішінің алғашқы бетіне бірінші ретпен орналастырылған циклда шығарманың басты кейіпкері дана Тоныкөк алғашқы сөзін өз өмірін айтудан бастайды. Қазақшаға аударғанда: Мен дана Тоныкөк Табғаш ықпалында тәрбие алдым. Түркі халқы ол кезде 25 Табғаш мемлекетінің қарамағында еді деген жазба жолдарын оқуға болады. Жазбаның өзіндік ерекшелігі, дәуірі, обаздардың жасалынуы. Тоныкөк ескерткішін сол дәуірде туған Күлтегін, Білге қаған ескерткішімен салыстырғанда жазбаның құрылысында, оқиғаның тұтастықта дамуында, сюжеттің жасалынуында, тақырыптың жинақы қамтылуында, образдардың іс – әрекет үстінде даралана түсуінде және шығармаға ажар беретін көркемдік өрнектерді шеберлікпен пайдалануда едәуір ерекшеліктер бар. Тіпті жазбаны тасқа түсірудегі сыртқы формасында да біршама айырмашылықтар айқын байқалады. Бірсыпыра зерттеушілердің Тоныкөк жазба ескерткішін сол тұлға билікке араласқан кездегі тарихи деректер жиынтығы, жылнама шежіресі деп, сол жазбаны оқымай, жорамалмен айтқаны жоғарыда жасалған талдаулардан айқын танылып тұр. Мұның поэзия үлгісінде жазылған философиялық жыр-дастан екеніне әлі де бірнеше дәлелдер келтіріп, шынайлықпен орнықты тұжырымдар жасауға болады. Атап көрсетсек, Тоныкөк жазба ескерткіші көркем шығармаға тән бас-аяғы бүтін сюжетке құрылған, идеясы айқын дүние. Әрі қарай жіктесек, эпостық шығармадағыдай, бұл жазбада сюжет бірнеше оқиғалар жүйесінен құралып жасалыныпты. Сол оқиғалар бір-бірімен байланысып, желісі тұтастықта сақталынып, өрбіп, ширығып, ең соңында көркем шығармадағыдай, шарықтау шегіне жетіп, түйінді шешімін тапқан. Жазбадағы адамдар да өзара тығыз байланыста, қарым-қатынаста, кейде іс үстіндегі ой, жоспарларының сейкес келмеуінен олар әрқилы жолмен өзара қақтығысып, мінез-құлықтары дараланып көрініп, әрқайсысының дүниетанымы сондайда айқындала бедерленген. Мысалға, Тоныкөк жазба ескерткішінде алғашқы жазба жолдарынан-ақ түріктердің табғаштарға бір қосылып, бір бөлініп, ақырында үстем империяның езгісіне және аштық, қорлауға шыдамай, өзара бірігіп, көтеріліс жасағаны жалғастықта өрбіте баяндалған. Тоныкөк жазба ескерткіші қазақ халқының батырлық жырларымен де туыстас. Мысалға, осы ескерткіштегі 15-ретпен орналастырылған циклда Тоныкөк: Көк Өңүг өзеніне келіп жеткенде Әскерді Өтүкен қойнауына бастадым, — деп баяндаса, «Ер Қосай» жырында оның әкесі Ер Бөкше ерлігі жайлы автор: Өлшем шаһит болайын Деп Ер Бөкше жөнеді. Бұлан деген бұлаққа Желдей зулап келеді, Көзін қадап жыраққа,- деп жырлап, оның іс-әрекетін Тоныкөк жазбасындағыдай жорық үстінде, жүрген жерлерін атап тұрып көрсетеді. Ескерткіш тастағы 16-ретпен орналастырылған циклда Тоныкөк жаумен шайқасты: Біз соғыстық, тәңір жарылқап, Біз оларды бытыраттық, Олар өзенге құлады, — деп оқиға үстінде суреттеп, тәңірдің жарылқауымен жеңіске жеткендерін білдірсе, сол «Ер Қосай» жырында Ер Бөкшенің дұшпанмен шайқастағы ерлігін жырау: Батыр туған Ер Бөкше Итмалтуға салады. Шаруа көздер қонысты, Шалға құдай болысты 26 Төртеуі де шала өлді, — деп майдандағы шайқас үстінде көрсетіп, оның да жаратушының болысуымен зор ерлік жасағанын оқырманға жеткізеді. Тоныкөк жазба ескерткішінің поэзиялық шығарма екенін бұрынғыдан да айқындай түсетін тағы бір айғақты дәлел, оның «Дана Тоныкөк, ақылшы, кеңесші Тоныкөк» деп аталуы көне түркі және қазақ халқының батырлар жырларындағы ханды да, елін қорғаған ерлерді, жалпы халықты да аузына қаратып, сөзін тыңдатып, айтқанын орындатқан әйгілі абыз, ақылшы тұлғаларды еріксіз еске түсіреді. Осы ескерткіш жазбадағы Тоныкөк қағандық дәуірдегі түркілердің Ертеріс, Қапаған, Білге қағандардың кеңесшісі, ақылшысы болды. Түркі империясының орнауына өзі ең негізгі тұлға дәрежесінде жұмыс атқарғанын ол ескерткіштегі 50-ретпен орналастырылған циклда: Сол кезде кеңесшісі мен болдым. Әскерге бағыт беруші мен болдым. Елтеріс қағанмен бірге, Түрік Бөге қағанмен бірге, Түрік Білге қағанмен бірге, Қапаған қағанмен бірге Мен түнде ұйқы көрмедім, деп өзінің елі үшін атқарған ісін әрі қарай баяндайды. Осы жазбадағы Тоныкөк бейнесі «Қорқыт ата кітабындағы» дана Қорқыттың халқы үшін атқарған қызметін сол қалпында есіне түсіреді. Мысалға, Қорқыт ата да оғыз ұлысының үш ханының уәзірі, ақылшысы, кеңесшісі қызметін атқарады. Ол оғыз тайпаларын басқаруда ең қиын мәселелерді шешеді, оның кеңесін алмай ешбір мәселе шешілмей тоқтап тұрған, ел оның барлық өсиетін орындаған. Тоныкөк, Қорқыт ата сияқты ақылшы, даналар тұлғасы көне түркі және қазақ халқының поэзиясында бағзы заман қалыптасып, дәстүрлі жалғастық тауып келеді. Мысалға, «Оғызнама» дастанында: «Оғыз қағанның жанында ақ сақалды, ақ шашты ақылгөй бір қарт кісі бар еді. Оның есімі – Ұлық Түрік. Оғыз қаған дана кісінің ақылын тыңдайды»,- деп мәлімденген  Қазақ халқының «Асан қайғы, Тоған, Абат» атты батырлық дастанында Әділ Жәнібек хан Аштарханды салдырып, соған жасалған тойға Асан қайғыны шақырады, дана қарт бармайды. Хан одан тойға келмеуінің себебін сұрағанда Асан қайғы:»Аштарханды салдырдың, бармадым, оның себебі – оның мехнатын кім көрсе, рахатын сол көреді». Сонда Жәнібек: «Осы ноғай ішінде кім би?»- дейді. Сонда Асан: «Біздің Абат би»,- дейді өзінің жалғыз баласын. «Кім ер?»- дейді Жәнібек.»Біздің Абатжан ер»,-дейді Асан». Жәнібек хан оның айтқанына көнбеске шарасы болмайды. Бұл шығармадан да ханның дана сөзіне тоқтап, оның алдында бас иетіні анық танылып тұр және көне түркі поэзиясындағы қалыптасқан дәстүр қазақ халқының батырлар жырларында бекем жалғастық тапқанын мәлімдейді. Абыз бабамыз Білге Тоныкөк ескерткіші өне бойы өсиетпен, қасиетпен өрнектеліп, ашық аспан астында түрк елдігінің абыройын асқақтатып, он үш ғасырдан бері менмұндалап тұр. Ол – тілдің, жазудың, тарихтың, мемлекеттік дәстүрдің, ар-намыс пен өр рухтың алып кешені, түркілік болмыстың теңдессіз коды. Адамзат өркениетінің бірегей мұрасы қатарында бағаланып, ХХІ ғасырда да әлем тұрғындарын құпия сырымен таңдандырып келеді. Білге Тоныкөк жетпістен асқан жасында түгел түркіні аузына қаратқан абызға айналып «Елімнің білік иесі, сөз иесі мен болдым» деп толғаған екен. Ендеше, сөз иесі, білім иесі, бітік иесі, ел иесі болған дарабоз бабаның ғибраты мен рухы азат елдің ұрпағына тағы да жақындай түседі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.