Home » Мақалалар » С.Торайғыров өмірі мен шығармашылығындағы Катонқарағай кезеңі

С.Торайғыров өмірі мен шығармашылығындағы Катонқарағай кезеңі

Туреханова Райхан Амановна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп -лицейінің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі


С.Торайғыров
өмірі мен шығармашылығындағы Катонқарағай кезеңі

 

ХХ ғасыр қазақ даласы үшін үлкен саяси оқиғалармен басталғаны мәлім. Саяси жүйе өзгерген тұста сол жүйенің берік іргетасы білім беру ісіне тәуелді болғаны ақиқат. Осы тұста оқыған бір топ білімді, зиялы жандар шоғыры қалыптасты. Олар Абай мен Ыбырайдан, Шоқаннан басталатын ағартушылық идеяны жаңа мазмұн, жаңа формада жалғастыып әкетті. Олардың қатарында Алаш ардақылары А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар бар еді. Және де осы қатардан С.Сейфуллин, Б.Майлиндерді де таба аламыз. Олардың барлығы мектептерде бала оқытумен айналысқан. Оған қоса аталған тұлғалардың көбі дерлік мектептер үшін оқулықтар жазды. Ж. Аймауытов «Психология» атты еңбегін жазса, М. Жұмабаев ұлттық тәрбиеге негізделген «Педагогика» еңбегін жазып, жаңа дәуірдің білім беру ісіне үлестерін қосты. А.Байтұрсынұлың еңбегі де өлшеусіз. Аталған тұлғалардың қатарынан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ойып тұрып алатын орны бар. Өйткені ол жасындай жарқ етіп сөнген аз ғана ғұмырын халқының рухани оянуына, ілім мен білімге арнады. Болашақ ақын 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ш.Уалиханов ауданынында дүниеге келген. Өз әкесі Әубәкір ел ішінде Шоқпыт атанған орта шаруалы, арабша хат таныған, адалдық жолынан айнымаған, зерделі жан болса керек. Ал Сұлтанмахмұттың тегі саналатын төртінші атасы Торайғыр Едіге бидің Шоң деген баласынан туған, өзі де — халықтың ықыласына бөленіп әділ билігі мен шешендігі арқасында құрметке ие болған билердің бірі. Кеңестік дәуірдің саясаты бойынша Сұлтанмахмұттың әкесі Әубәкірді сіңірі шыққан кедей, Шоқпыт атануына сол кедейлігі себеп болған деп көрсетіп келді. Бірақ тарихи шындық бұл көзқарасты жоққа шығарып, болашақ ақынның текті әулеттен екенін дәлелдеп берді. Расымен де, Әубәкір отбасын асырауға қауқары жетпей жүрген жан болса, Махмұттай баласының білім алуына жағдай жасап бермеген болар еді. Шоқпыт әуелі балалары Сұлтанмахмұт пен Бәшеннің сауатын өзі ашады. Ол 1902-1903 жылдары Әлі молданың, 1904-1905 жылдары Тортай молданың, 1906-1907 жылдары Мұқан молданың алдын көреді. Аталған молдалардың ішінде жас шәкірттің талабын танып, болашағына бағыт сілтеген адам – Мұқан молда. Өзінің де ақындығы бар Мұқан мода талапты шәкіртін қызықтырып, талантының ашылуына түрткі болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ақынның тырнақалды туындысы «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» өлеңінен үзінді келтірейік. Бұл өлеңде: Аз өмірімді ақындық жолға бердім, лепес қып түкірген соң молда Мұқан, — дей келе: Сондықан бар мақсатым өлең жазу, Оқуменен ірге іздеп қоса қазу Осы ойымда өткен түн серт берілді, 19 Менде болмас өмірде бұл ойдан озу, — деп қорытады. Өлең мазмұнына сүйене отырып шәкірт Сұлтанмахмұттың алдына қойған екі түрлі мақсатын байқаймыз: бірі – ілім- білім жинау болса, екіншісі – ақын болу. Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмырында Сұлтанмахмұт екі мақсатына да жеткенін оның өмірі мен өлеңдері дәлелдеп берді. Белгілі ғалым, Сұлтанмахмұттанушы А.С.Еспенбетов ақынның тырнақалды өлеңі «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» өлеңін атайды. Ғалым ақынның алғашқы өлеңін талдай келіп: «Ақынның өмірбаянының беташары «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» туындысымен С.Торайғыров болашағынан үміт күттіретін ақын екенін танытты. Сөйтіп қазақ поэзиясының қасиетті табалдырығын аттады десек артық емес» -деп тұжырымдайды.  Болашақ ақын өміріне бағыт сілтеген жандардың бірі –Нұрғали молда. Ол Троицкіден «Медресе Расулияны» тәмамдаған, өз заманының білімпаз адамы. Шәкірттеріне ғылым негіздері: математика, тарих, географиядан да дәріс берген. Болашақ ақын бойындағы талантты тани білгген ұстазы шәкіртіне Тройцк қаласынан білім алуға кеңес береді. Ақын Троицкіге келіп, ахун Рахманулиннің медресесінде білімін жалғасыру мүмкіндігіне ие болады. Ақын өміріндегі Тройцк кезеңінің де маңызы ерекше. Мұнда білім алумен қатар өтететін әдеби – мәдени шараларға қатысады, ақындығын шыңдап, өлеңдер жазады. Сұлтанмахмұттанушы ғалымдар ақынның «Оқудағы мақсат не», «Оқып жүрген жасарға», «Анау — мынау», «Шәкірттерге» сияқты өлеңдері осы кезеңде жазылғандығын тілге тиек етеді. Қыста өзі білім алса, жазда қала маңындағы ауылдарда бала оқытумен айналысады. Ақынның прогрестік бағыттағы журнал «Айқапта» қызмет етуі де осы жылдардың еншісінде. Бірақ бұл редакциядан кетіп, өз бетінше шығармашылықпен айналыспақ болады. Ақынның бұл әрекетін ғалым Б.Кенжебаев былайша бағалайды: «Сұлтанмахмұт 1914 жылдың көктемінде «Айқап» редакциясынан шығады. Өз алдына «Заман» деген газет шығармақшы болады. Бұл әрекетінен нәтиже шығара алмайды» — дейді. 1914 жылы туған еліне оралып, бала оқытады және жастар үшін оқу – ағарту мақсатындағы «Шоң» серіктігі ұйымын құрады. Қаражат жинаған Сұлтанмахмұт осы жылдың күзінде Семейге келеді. Бұл жайында тағы да ғалым Б.Кенжебаевтың пікірін берейік: «Сол 1914 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт Семейге барады. Орысша оқуға түспек болады. Бірақ алдынан тағы да Қорқытың көрі» шығады. Төмені мектепке түсуге жасы дәл келмейді, жоғары мектепке түсуге білімі келмейді, кісі жалдап оқытуға қаражаты жетпейді. Қатты қысылады. Сонан Қотанқарағай жағына оқытушы болып келеді» — деп жазады. Ғалымның Қотанқарағай деп отырғаны қазірггі Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданы. Ақынның білім жолындағы талпынысы сәтсіздікке ұшыраған соң, тағы да қаражат жинау қажеттілігі туындайды. Ол туралы ақынның төмендегі мазмұндағы жазбасы сақталған. Ақын: «Қотанқарағайға кеткенім ызаға шыдамадым, ең шыны күн көру үшін кеттім. Қолымдағы қаражатым Семейде бір – ақ айға жететін болды. Семей қанша айтқанмен қалалы, сынды жер ғой. Онда кем болып жүргенше парықсыз қазақ еліне кетейін деп ойладым» — деп жазады. Осы орайда, Сұлтанмахмұт несебепті қалаға жақын ауылдардың біріне барып бала оқытпады деген сұрақ туындайы. Мақсаты бала оқытып қаражат жинау болса, Катонқарағайда оған мүмкіндік бар еді. Сұлтанмахмұтты Шыңғыстайдағы мектепке бала оқыту үшін алдырған Қаратай елінің болысы Әбдікерім Ережепұлы болатын. Әбдікерім Ережепұлы Қаратай елінде 25 жыл болыс болған прогесті көзқарастағы адам еді. Болыстық оған әкесі Ережептен ауысқан. Ережеп үш ұлының ішіндегі ақылды, зерек Әбдікерімнің болашағынан көп үміт күтеді. Сол себепті баласын Санкт Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына оқуға жібереді. Алғыр ойлы Әлихан Бөкейханов пен Ресейдің 20 өркениетті қаласында танысса керек. Бірақ оқуын алаңсыз аяқтап, Әлихандар көтерілген биікке көтерілу Әбдікерімнің маңдайына жазбаған екен. Оған себеп — Ережеп болыстың жалған жаламен Омбы түрмесіне қамалуы. Орысшаға жетік, заңды жақсы білетін Әбдікерім әкесін түрмеден шығарып алады. Ары қарай болыстық мансап Әбдікерімге ауысады. Осы лауазымды Кеңес үкіметі орнағанша атқарып, соңында жаңа жүйенің құрбаны болады. Жалпы, Әбікерім туралы алғашқы деректер тек Тәуелсіздік алған жылдардан бастап айтылып, оған шынайы баға беріле бастады. Ең бірінші дерек беруші Социалистік Еңбек Ері, ғалым, Найманның шежіресін жазған Бошай Кітапбаев. Ол «Соңғы болыс» деген мақала жазып «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған. Осы мақалада Б.Кітапбаев: «Катонқарағай ауданының Шыңғыстай болысына қараған он ауылын 25 жыл басқарған Әбдікерім орысшаға жүйрік, шешен, әнші, домбырашы, ақын адам екен. Патша үкіметі тұсында Дума мүшесі болып сайланған. Қамбар, Шабдан деген балалары Петербор мен Мәскеуде оқыған. Қақан деген өте зерек ұлы Уфадағы медреседе Б.Майлинмен бірге оқыған». Елімізде ашылған алғашқы мектептердің бірі де Әбдікерімнің ағартушылық тұлғасын асқақтатып тұр Мектеп ашу ісіне болыс 20 ғасырдың басында кірісіп, 1904 жылы алғашқы шағын ғимаратын іске қосады. Ал негігі ғимаратын 1907 жылы іске қосады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, мектеп құрылысына Қаратай елінің әр шаңырағы қатысқан көрінеді. Әр шаңырақ Алтайдың қызыл қарағайын әкеліп, арнайы шығыршықтан өткізен кезде біркелкі құрылыс материалдары пайда болған Осы мектеп өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін білім ордасы ретінде жас ұрпақтың неше буынын түлетіп ұшырды. Өзім де сол мектепті аяқтаған сан мың түлектің брі екенімді мақтанышпен айта аламын. Қайтадан мектеп тарихына оралар болсақ, мектепті педагог кадрлармен қамтамасыз етуді парасатты болыс өзі міндетіне алған. Осы мектепте ұзақ жыл еңбек еткен ұстаздрдың бірі — Михайл Григорьевич Комаров. Көлік қатынасы ат қана заманда Сұлтанмахмұт қаіргі Алтай өлкесі құрамындағы Жазатыр арқылы келген деседі көнекөз қариялар. Қасындағы серігі болыстың сенімді адамы Шағиман есімді адам болғаны жайлы жергілікті ақсақал Абдолла Шегіров аудандық газет бетіне мақала жариялаған. Сұлтанмахмұттың Катонқарағайдағы кезеңіне арналған қаншама зерттеу еңбектері барын білеміз, сол сияқты көркем әдебиет туындылары да бар. Сондай туындының бірі — Алтайдың асыл жыршысы атанған Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» атты әңгімесі. Көркем шығарма болғанымен, Шыңғыстай аулында туып өскен жазушының әңгімесінде тарихилық сипат басым. Әңгіме «Жазатырдан елең –алаңнан аттанған қос атты Аршатыға келіп түсті» — деп басталады. Мұнда аталып отырған Жазатыр — жер атауы. Ертеде қазақ жері болғанымен, қазір Ресейдің Алтай өлкесіне қарайды. Аршаты болса, Қытаймен шекарадағы ауыл. Күні бүінге дейін осы атауға ие. Жазушы ақынның ішкі ойы арқылы Шағиман шалды да сипаттап өтеді: «Болыс екінің біріне тапсырмайды ғой шаруасын. Бірақ Шағиман Махмұттың сиек жолықтырған шалы. Қара дүрсін орысшасы мен там- тұмдаған моңғолшасы, шүлдірлеген қытайшасы бар. Арқаның еліндей емес, діндарлығы босаң. Тамақтың алды – артынан «Құдай жарлықасын» деп бет сипағаны болмаса, күніне бес уақыт шоңқаңдап намаз оқып, құман сүйрегенін көрген емес. Мамұт бұған да қайран қалды» — дейді. Осы шағын суреттеу арқылы үш бірдей мемлекет: Ресей, Моңғолия, Қытайдың шекарасында тұратын Қаратай қазақтарының мінез – құлқы мен дінге көзққарасын айнытпай беріп отыр. Жоғарыда ақынның Торайғырдай бидің ұрпағы екенін аттап өттік. Әбдікерімнің ел ішіндегі дауды шешуді Махмұтқа тапсыруы бір жағы сынау болса, екінші жағы сенімнен туындауы әбден мүмкін. Ел ішінің екі азаматының біреуі екіншісіің тазы иін өлтірсе керек. Міне, осының төрелігін айтуды болыс ақын қонағына жүктейді. Сонда Махмұт: Мықтаса бір иттің құны екі күшік. Айыпкер жігіт, құныкер шалға екі күшік берсін, — деген төрелікпен даудың нүктесін қойса керек. Жазушы осы деталь арқылы ақын бойындағы биге тән қасиеттен де хабар беріп отыр деп ой түюге болады. Катонқарағайда болған жылдарында Сұлтанмахмұт М.Г.Комарован дәріс алып орысшасын жетілдірсе, Комаров қазақ тілінің құнарына қанады. Табиғаты тамаша жерде қымыз ішіп, сыр бере бастаған денсаулығын жөндеудің де осы кезеңде сәті түседі. Ақын, ағартушының Катонқарағайдағы кезеңімен бірге аталатын есім – Бағила сұлудың есімі. Ол – Әбдікерім болыстың алақанына салып, әлпештеп отырған қызы. Ақылына көркі сай сұлу қызға жалындап тұрған ақынның сезімі оянады. Екі жастың осындай ынтызар сезімін О.Бөкей жоғарыдағы әңгімесінде: «Екі жас ләм деп ауыз ашқан жоқ. Іштей ұғынысты. Тілсіз табысты: «жас жүрек», «сүйем – күйем», «армандамын», «енді қайттік, құдая,- демеді»- деп суреттейді. Ақыл – парасаты мен сыр – сымбаттары үйлесім тапқан екі жастың қосылуына мүмкіндік жоқ еді. Басты кедергі Бағила сұлудың Шүйдегі Бұқабай саудагердің баласы Ақсолтан мырзаға атастырылып қоюында. Құдалыққа ықыласын берген Ережеп болыс екен. Ата сертін бұзып Махмұттың етегінен ұстауға Бағила сұлу да дәрменсіз еді. Осындай аяулы да асыл сезім екі жастың өмірінде ізсіз кеткен жоқ. Сұлтанмахмұт қаламынан ғашықтық сезім жыр болып, құйылса Бағила сұлу да тағдырын елінен ұзатылардағы айтылатын қоштасу жыры арқылы ағайын – туыс, ел – жұртына жеткізе білді. Сұлтанмахмұт сезімі: Жүрегім, тулап шабасың, Жоқты қайдан табасың Уытын жайған сыртыңа, Оны қайтіп жабасың Өзім сүйсем кімде айып! Күн өткіздім мұңайып, Ондай жарды таба алмадым сол айып, — деген шумақтар арқылы жеткізеді. Сұлтанмахмұттанушылар бір ауыздан «Жаңғырып Алтай тауы саласынан» өлеңінің Катонқарағайда туғанына шүбә келтірмейді. Зерделі, еркін де бұла өскен Бағила өзінің өкпе – назын, қол жетпеген арманын ұзақ толғау арқылы жеткізген. Бұл толғаудың бірнеше варианты сақталған. Толғаудың жазылу тарихына байланысты екі түрлі пікір бар. Біріншісі – бұл Бағиланың ұзатыларда айтқаны десе, екіншісі – Шүй еліне барған соң ел жұртына сағынышын жеткіген хат дейді. Жаз жайлауым Қарасаз, Мұзбел, Татан Кешір халқым, ісімде болса қатам Әпекем алыс жаққа бермес еді — ау, Атастырып кетіпті қажы атам, — деген жолдардағы сұңқары Алаштың аяулы ақыны Сұлтанмахмұт екеніне дау жоқ. Толғауда кездесетін Мұзбел, Татан, Қарасаз, Күркіреме, Қызылқайың, Көктерек сияқты жер – су аттары Катонқарағайда қазіргі күні де өзгеріссіз қолданылып келеді. Барлығы дерлік О.Бөкейдің шығармаларында кездеседі.

Қорыта келгенде, Катонқарағай кезеңі ақын өміріне не берді: Біріншіден, ақын ел көріп, жер таныды; Екіншіден, азамат ретінде толысып шыңдалды; Үшіншіен, бала оқытып қаржы жинады; Төртіншіден, өзі де М.Г. Комаровтай ұстаздан дәріс алып, орысшасын жетілдірді; Бесіншіден, махабататты атты ұлы сезімді бастан кешіріп, жаңа жырларды дүниеге әкелді.
      

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.