Home » Мақалалар » Қазақ би-шешендерінің әдеби мұрасы

Қазақ би-шешендерінің әдеби мұрасы

Салыбаева Балжан Бактияровна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп — лицейінің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

Қазақ би-шешендерінің әдеби мұрасы

Бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, өзіндік
бет-бейнесін сақтап қалуға тырысуда. Бізді де осы үрдіске ежелден қалыптасқан әдеби мұраларымыз бен ұлттық дәстүріміз алып шығады. Сол себептен жас ұрпақты тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық және мәдени құндылықтар болуы қажет.

Ұлт руханиятының айнасы әдебиет, өнер, мәдениет сияқты іргелі салалардың да бүгіні мен болашағы ана тілінің тағдырымен тікелей байланыста қарастырылатыны сондықтан. Сөз өнерінің асыл қазына екендігі жайлы А. Байтұрсынов былай деп жазған еді: «Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын – бәрі шығарма болады.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», – деген халық даналығы бекерге айтылмаса керек. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Сөз – сүйектен, таяқ – еттен өтеді», «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», – деп сөз қадірін ертеден түйсінген халқымыздың өмір сүру философиясының түп төркіні де сөзбен, тілмен байланысты дамыған. Қазақтың кең байтақ даласында тіл тұтастығының сақталуы да көшпелі жұрттың сөз өнеріне деген өзіндік ықыласын танытса керек.

Қазақ ауыз әдебиеті тарихын зерделер болсақ, сөз өнерінің тізгінін ұстаған
би-шешендер, ақын-жазушылар өздері өмір сүрген қоғамның саяси-әлеуметтік жағдайынан немесе халық мүддесінен тысқары болмаған. Қайта олар сол қоғамның барлық қайшылықтары мен мақсат-мұраттарын өздерінің рухани шығармашылығына арқау еткен.

Тәуелсіздік тегеурінімен ел өміріне енген өзгерістер, рухани әлеміміздегі желісі үзілмеген тарихи сабақтастық, өміріміздегі тың серпілістер мен жаһандық үрдістер қазақ әдебиетінің мұраларын жаңғыртуды талап етеді.

Әр кезеннің әдебиеті сол қоғамның тыныс-тіршілігін, дала өркениетінің табиғатын, мәдениетін жыр етті. Соның негізінде қазақ фольклорының керемет үлгілері дүниеге келді. Сөз мәйегі — мақал-мәтелдер арқылы халық бірнеше ұрпақты тәрбиеледі.

Табиғаттым тылсым күштерімен етене жақын болған, оның құпияларын қанық білген ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге тәрбиеледі. Табиғатқа деген сүйіспеншілік олардың ұрпағына жалғасты. Өздерінің айтыс өлеңдерін, мақал-мәтелдерін, ырымдарын, батырлар жырлары мен ертегілерін осы арнаға бұрды. Би-шешендер тылсым дүниенің сырларын, адамның бойындағы қасиеттерді өздерінің ой-толғамдарында сөз мәйегімен жеткізуге тырысты.

Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туар, бір жармаққа алғысыз” – деп Майқы би айтқандай адамның қасиеті экзо генетикалық заңдылықтарға тәуелді емес екен. Адамның табиғи дамуына қарсы келетін факторлар да кездеседі.

Майқы бидің «Балаң өзіне қас шығар. Жер тақыр болар, жұрт пақыр болар. Енді төрт мың жылда, дүние тәмәм болар» – деген сөздері бүгінгі қоғамда үндеу ретінде айтылғандай.

Бүгінгі қоғамда болып жатқан экологиялық апаттар, техногендік өндірістердің көбеюі, ұрпақтар арасындағы алшақтық, әлеуметтік кеңістік, адам санасына зиян келтіріп жатқан виртуалды орта Майқы бидің сөзін дәлелдей түседі.

Шешендік сөздер ұлттың өмірін тұтастай бейнелейтін рухани мұралардың бірі. Тарихи сананың қалыптасуына негіз болған би-шешендердің сөз мәйегі тұтастай қазақ қоғамының үнін жеткізді.

Жоңғар шапқыншылығы тұсында елді қоныстарынан көшпеуге, отырықшылдыққа, егін егіп, тіршілік етуге үндеген Төле би: «Қоймайсың көш деп, халқым-ау, біреуің емес барлығың. Халайық, жолға кірсекші. Орнықты болмай болмайды… Отрықшы ел болсаң, тойынар еді қарны аш. Киінер еді жалаңаш, тәңірі не дер бекерді, еңбек етпей болмайды» — деген шешендік ойлары сол кездегі халықтың өмірін дәріптейді.

Тарихтың даму эволюциясы адам капиталының ең маңызды құндылығы адамгершілік болғанын дәлелдей түседі. Ұрпағын руханилыққа тәрбиелеген халқымыздың тәжірибесі орасан зор. Ол халқымыздың батырлар жырында, эпостық әңгімелерінде, поэзия жанрында, ауыз әдебиетінде көрініс тапты. Ғасырлар бойы бала тәрбиесінде пайдаланды. Сөйтіп, бірнеше ұрпақ осы сабақтастық пен үйлесімділікті жалғастырды.

Дала өркениетінде өмір сүрген қазақ халқы әуел бастан ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеген. «Арым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы» — деп ары мен ұятын жоғары қойған қазақ халқының негізгі кредосы адамгершілік қасиеттерін ұрпағына сіңіру болып табылады. Қазақ даласының табиғи үйлесімділігінен туған бұл заңдылықтар, халқымыздың алтын қағидасына айналған. Сондықтан да табиғаттың тылсым өмірімен етене жақын өмір сүрген халқымыз үшін адамгершілік, ұлттық құндылықтар маңызды.

Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол!

Бір елдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол!

-Төле бидің нақыл сөзі жас ұрпақтың бойына адамгершілік, жауапкершілік, адалдық сияқты қасиеттерді сіңіруге мүмкіндік береді.

Атың жақсы болса – ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса – жан мен тәннің шырағы.

Баланың адам өміріндегі маңызы туралы айтылған нақыл сөз ұрпақ жалғастығын,
ата-ана мен бала ортасындағы сабақтастықты дәріптеген.

Қаз дауысты Қазыбек бидің толғаулары, нақыл сөздері, өмірдегі сыйластық, татулық, қадір-қасиет, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға арналған. Мысалы, «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген сұраққа Қазыбек би аса тапқырлықпен жауап берген екен.

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Алдыңа тартқан адал асын.

Сөз мәйегі адамды рухани тұрғыдан ғана қанаттандырып қоймаған, ол сондай-ақ тәнге, яғни, биологиялық болмысқа да әсер ете білген. «Дертке дауа жоқ деме», «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады», «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» сияқты сырқат жанға медеу болар дуалы сөздерді халық даналығынан көптеп кездестіруге болады. Халық сөзбен адам жанына шипа да таба білген.

Тілі қылыштың жүзіндей өткір, ойы салиқалы, терең, қысылшаңда қиыннан қиыстырып жол табатын шешендердің әділ төрелігіне тоқтай да білген. Ел ішіндегі жер, жесір, құн дауы, екі ел арасындағы үлкен дау — жанжалдарды да билер екі — ақ ауыз сөзбен орнықты кесімін айтып, әділ шешіп отырған.

Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер — заманында қоғамдық қайраткерлер дәрежесіне көтерілген ірі тарихи тұлғалар, қара қылды қақ жарған әділ шешендер.

Әйтеке бидің Отанға деген шынайы махаббатын бейнелейтін: «Егер сен бай болсаң, халыққа пайда әкел. Егер сіз жауынгер болсаңыз, жауды жеңіңіз» — деген сөздері сол замандағы адамдарды батылдыққа, елін сүйуге шақырды.

Шешендік сөздер нұсқаларын зерттеп жинаған белгілі ғалым В.В. Радлов былай дейді: «Қазақ тілінің осы тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегі мұраларды менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқаларынан құрастырған жинақтардың толық бір томын арнауыма себеп болды. Оның үстіне қазақтың басқа бауырластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған қатты әсер етті. Бұл дала өркениетінің мәденниетін зерттеген ғалым В.Радловтың қазақ дәстүріне, шешендік өнеріне берген бағасы еді.

Шешендік жас талғамайды. Нияз бидің он жасынан шешендігімен, тапқырлығымен билікке араласуы соның айғағы. Ол бір ауыз сөзбен құн кесіп, жалғыз уәжбен дау шешкен. Билердің шешендікпен шебер айтқан ақыл, нақыл сөздері жаратылыста, қоғам өмірінде болған өзгеріс, құбылыстарды жіті көзбен байқап, бақылап айтқан озық ойының жемісі. Әрбір бидің шешендік өнерді қолданғанда сөйлеу мәнері, стилі болған.

Бала бидің нақыл сөздері шынайы өмірден алынған. Ол болашақ ұрпаққа достықтың, адалдықтың, әділдіктің адам өміріндегі орнын сипаттайды.

Екі жақсы дос болса, біріне-бірі өш болмас,

Тәңірі берсе жігітке мал мен бақыт кеш болмас.

Бақ қонбайтын жігітке Іздегені дос болмас».

Бұлақсыз сай тасқанмен, көл болмас,

Жамаңның қанша айтқаны ем болмас.

Қорыта айтқанда бабалардың рухани жігері олардың сөз мәйегінен білінеді. Ел аузында «Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады» деген ұлағатты сөз осыдан қалған болар демекпіз.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Дайрабай Т. Билер сөзі – киелі. (Сыр елінің билері хақында) Алматы: Эверо 2018. -152б.
  2. Ғабитов Т., Затов Қ. Қазақ мәдениетінің рухани кеңістігі: Алматы: Қазақ университеті, -382б.
  3. Kartaeva Т., Dautbekova M. (2016). Kazak halkinin geleneksel hukukunda cezalandirma şekilleri. Forms of Punishment in the Kazakh Traditional Law. //Millî Folklor, Yıl 28, Sayı 111. http://www.millifolklor.com. Қосымова Г. (2003). Қазақ шешендік өнерінің негіздері, Алматы:Білім, 2003, 256 б

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.